Мәдениет және өнер

Үмітханды сағынғандар «Үмітті» іздеп жүр

 Оның журналистикадағы жанқиярлық еңбегі «Үмітке» түюлі. Өмірден өткеніне бірнеше жыл болса да өлді деуге қимайтын аяулы әріптестеріміздің бірі – Үмітхан Алтаева. Есімін әріптестері зор құрметпен атаса, қалың оқырманы жазбаларын сағынышпен іздейтін жанды еске алуға арналған тамаша іс-шара апта басында Шымкенттегі әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада өтті.

Іс-шараға негіз болған басты жаңалық – Үмітхан апайдың тәлімін алған шәкірттері мен артында қалған ұрпағы мұрындық болып, «Үміт» атты кітап шығарып, соның күрмеуін шешті. Кітапқа ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, облыс әкімінің «Алтын қауырсын–2004» номинациясының иегері Үмітхан Алтаеваның өлеңдері, қоғамның келелі мәселелерін көтерген, түрлі саланың майталман тұлғаларынан алған сұхбаттары, әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Кітапты журналист шәкірттері Лаура Тастанбек, Назгүл Назарбекова, Диля Бименова құрастырса, баспадан жарық көруіне белгілі меценат, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев қаржылай демеушілік жасады. Әрине, кітаптың таралымы шағын болғандықтан барша оқырманға жете қоймасы белгілі. Осыны түсінген азаматтар да табылмай қалмады. Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр әріптесіміз бастап, өзі құрылысшы-кәсіпкер болса да руханиятқа жанашыр, отбасылық досы Ақылбай Оразов еске алу кешінде «алдағы кезде тағы да бірнеше жүздеген таралымын қайта басып шығаруға демеуші боламыз» деп уәде етті.

«Үміт» кітабы ойлы оқырманға естелік, журналистикаға талпынған өскелең жасқа өнеге болары сөзсіз. Үмітхан апайымыздың еңбекқорлығы мен адалдығын, елгезектігін, өз ісіне деген жауапкершілігі жайлы естеліктерін ортаға салғандар көп болды. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында бірге қызметтес болған Иса Омар, Суханберді Оразалыұлы, Асхан Майлыбаева, Шойбек Орынбай, Қуандық Оразбекұлы, Бақтияр Тайжан сынды әріптестерінің бәрі де Үмітхан апайдың осы қасиеттерін атап өтті.
Үмітхан апай жазған мақала, сұхбат кейіпкерлері де кеш барысында сөз алды. Белгілі режиссерлар Асқар Әлихан, Сая Қасымбек, әнші-термеші Нышан Төлегенов, ақын Анар Жаппарқұлова жылы естеліктерімен бөлісті.
«ҚазМУ-да оқып жүргенде ақын қыз атанған Үмітхан еді ол» деп студенттік шақтардан естелік айтқан белгілі журналистер Сенбек Ералы, Серікқали Жексенбаев, Сабырбек Олжабайдың да әріптеске деген сағынышын сезіндік. Артында қалған жұбайы Әлмұхамед Жүсіпбеков ағамыз татулық салтанат құрған отбасылық өмірі жайында тебірене айта келе «Ол менің бағым еді. Бақытты кезім сол жылдар болатын» дегенде жиналған қауымның арасында көзіне жас алмағаны кем.

Жалпы Үмітхан Алтаеваны танитын, құрметтейтін, есімін ардақ тұтатындардың бәрі де осы кешке жиналды деуге болады. Осылайша біз журналистикада қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен айналасына абыройлы болған жанға деген құрметті көрдік, есімін естен шығармауға деген ниетті жандардың көптігіне риза болдық. Іс-шара барысында Үмітхан Рзуанқызының медицина саласында да зор еңбек сіңіргені мәлім болды. Кезінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің медицина факультетінде еңбек ете жүріп, белгілі дәрігер, кафедра меңгерушісі болған Балхия Сағатқызы Қалимурзинаның медицинадағы озық тәжірибелері қамтылған «Ішкі аурулар» атты екі томды кітабын түгел қазақшаға аударған, оқырманға түсінікті тілде болуына бар күшін салған Үмітхан Алтаева екені айтылды. Ол жайында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғылыми кітапхана директорының орынбасары Роза Түкенова бұл кітаптардың әлі күнге медицина саласын таңдаған мамандар үшін құнды, басшылыққа алатын методикалық нұсқаулық екенін жеткізді.

Онысын редакцияда бірге қызметтес болған жылдары өзіміз де аңғарғанбыз. «Оңтүстік Қазақстан» газетін білікті басшы, журналист, ақын-композитор Иса Омар басқарып тұрған шақта редакцияда тың жаңалықтар көп болды. Оқырманға жақындай түсу үшін тұрмыстық деңгейдегі мәселелерді көтеру, қоғамдағы кез келген оқиғаға ұсақ-түйек деп қарамай мәнін ашып, оқырманға мәселенің анық-қанығын жеткізу ісіне көп көңіл бөлінді. Сол тұста газеттің «Дәру», «Зәру», «Жасын», «Тұрмыс», «Ғұмырдария» атты қосымшалары, арнаулы беттері дүниеге келді. Үмітхан апай медициналық көмек, денсаулықты жақсартуға байланысты жаңа әдістемелер, дәрігерлердің жетістіктері туралы баяндайтын «Дәруді» жүргізетін. Үмітхан апайдың медицина саласын соншалықты меңгеріп алғаны осы кезде айқын байқалатын. Дәрігерлермен тең дәрежеде қоян-қолтық әріптестік деңгейде қызмет атқарды. Әрине, мұның пайдасы оқырманға тиді. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоғы анық. Дертіне ем іздегендердің көбі редакцияға Үмітхан апайды іздеп келетін. Олар айтқан мәселені көтеріп апай талай мақала жазды. Мақала жазылмаған, еміне шипа жасауды өтініп талай дәрігерге жүгінген қаншама адамның сауығып кетуіне Үмітхан апай түрткі болды десеңізші… Үмітхан Рзуанқызының қолтаңбасы о баста-ақ оқырманға осылай бірден жол тапты. Оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын өз аудиториясы қалыптасты.

Әсерлі кеш барысында Роза Түкенова Үмітхан апайымыздың сөзіне жазылған әнді шырқап берді. ОҚМПУ-дың талантты жастарынан құралған шығармашыл «Алқа» тобы Үмітхан Алтаеваның өлеңдерін оқыды. Достық, адалдық, сыршыл сезімге толы махаббат жырлары «Үміт» кітабы арқылы енді оқырманға жетпек.

Әр оқырманның проблемасын жүрегімен қабылдап, жанының сүзгісінен өткізетін, жан біткеннің бәріне жанашыр бола білген Үмітхан апай жайлы айтылар естелік әңгіме көп. Ол үшін «жоқ, қолымнан келмейді» деген сөз жат еді. Редакцияға келген әр азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, көмектесуге ұмтылатын. Үмітхан Алтаева – нағыз журналист болды. Әрине, көп еңгебінің бірі еленсе, бірі еленбеген шақтар аз емес еді. Ондайда сәл-пәл қамыққаны болмаса, анау айтты ренішке бой алдырмайтын. «Біздің де еңбегімізді бағалайтын, марапаттайтын күн туар» деуші еді алдағы күннен үмітін үзбей. Әттең-ай, әттең… қадір-қасиет, еселі еңбек дегенді кеш бағалайтынымыз-ай?! Нағыз кәсіби маман алуға лайықты талай марапатты кейде тиісті орындар жолдан қосыла кететіндерге беріп, жалпақшешейлікпен бөлініске түсетін кездері жоқ емес қой. Әйтпесе, Үмітхан Алтаева дәл осы ақпарат саласындағы еселі еңбегі үшін кез келген жоғары марапатқа лайықты жан еді.

Әріптестік қарым-қатынаста қаламы жүйрік журналист бола тұра кішіден сұрап білуге, ізденуге құмбыл тұратын. Қарапайымдылығы үшін, қай кезде болмасын ақылын айтып, жөн сілтер елгезектігі үшін редакциядағы қыз-жігіттер Үмітхан апайды жақсы көретінбіз. «Үміт апа», «Умка апай» деп еркелейтінбіз. «Демалу дегенді білмейтін, еңбек демалысын алыс-жақын туыстардың той-томалағына, ағайынның ауырып жатқандарын емдетуге арнайтын еді-ау… Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын құру қағидаларын Үміт апай біздерге ерінбей ұғындыратын». Шәкірттерінің қай-қайсысы болмасын Үмітхан апай жайлы осылай дей жөнеледі. Қала, облыс көлеміндегі мерекелік кештерде, театрдағы премьераларда Үмітхан апайымызды кездестірмеу мүмкін емес еді. Мәдени тынығу ісіне де сергек болды. Жұбайы Әлмұхамед ағамызды ертіп алып театр, концерт залдарынан табылатын. Осының өзі өскелең жастарға көп үлгі, өнеге емес пе?!

Әзіл-қалжыңға да епті апайымыз редакциядағы құрдастарымен керемет қалжыңдасушы еді. Олардың әзілдеріне қарап қызығатынбыз. Еркін Досымбай, Серікқали Жексенбай ағалармен Үмітхан апайдың арасындағы әзіл әңгімелерді тыңдап мәз-мәйрәм болатынбыз.

«Редакция көшсе, Түркістанға барамын… жаңа ғимарат жаңа шабыт береді…» дейтін. Қара нардай қайыспас жігері, қайраты кейбір ер азаматтар атқара алмайтын тірлікті атқаруына түрткі болатын. Бар ауыртпалықты сабырмен, үндемей жеңуші еді. Әлемді алаңдатқан, талай жайсаңды құшағына алып кете барған індет — коронавирустың құрсауынан шыға алмай, Үмітхан апайымыздан қапияда айырылып қалғанымыз қандай өкінішті.

Кітапханада «Үміт» кітабының тұсауы кесілген соң көпшіліктің басын қосып, жұбайы, ұл-қыздары дәмханада құран оқытып, ас берді. Жылдар өткен сайын жоғалтқанымыздың саны артып бара ма, қалай?! Аяулы жандар мәңгі қасымызда жүретіндей күй кешетініміз-ай осы…

Жәмила МАМЫРӘЛІ,

журналист.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *