Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында өткен аптада аймақтық форум өтті. Онда халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселесі қаралды. Форумға ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.
Естеріңізде болса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресуге бағытталғандықтан нәтиже бермей жатқанын айтқан болатын.
– Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бағаны тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар шын мәнінде керісінше болуы керектігін алға тартқан Мемлекет басшысы Үкіметтің бар жауапкершілікті өңірлерге артып қоюын сынға алды. «Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», — деген болатын Президент.
Шымкентте өткен аймақтық форумда осы сыннан қорытынды шығаруға талпыныс байқалды. Бағаны тұрақтандыруға қатысты өнім өндірушілердің өзінен де көптеген ұсыныс-тілектер түсіп жатты.
Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Сонымен бірге Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне берілген тапсырма да бар. Мегаполис әкімдері бірлесіп баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек. Бүгінде өңірлерде осыған байланысты кешенді шаралар қолға алынуда. Шымкентте өткен форум – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісім-шарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз етуді күйттеді. Осыған орай халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісім-шарттар түзілді.