Аптап ыстық күндерде мұздай су іше салатынымыз бар. Мұның ішкі ағазамен қатар тіске де қатерлі екенін білеміз бе?
Өзімізше тіс ауруын дертке санамаймыз. Ал басыңызға түссе, ауру атаулының «көкесі» сол екен дерсіз. Жуырда кенеттен тіс ауырып, жекеменшік тіс клиникасына көріндік. Эльдар есімді стоматолог былай дейді: «Әрбір адам өзінің тісіне қамқор болуы керек. Ауырып, мазаны алмаса да алты айда, болмаса жылына бір мәрте тіс дәрігеріне көрініп, иекке антиоксидант ендіріп тұруға кеңес берген болар едім. Сонда тіс түрлі қабынулардан, инфекция түсуден аман болады».
Біз, мысалы, кариеске аса мән бермейміз. Тісті күнделікті пастамен жуып жүрміз дейміз. Бірақ ол жеткіліксіз. Күнделікті ішіп-жемнен түптің-түбінде тіс қағы немесе тіс тасы пайда болады екен. Кәдімгі шәйнектің түбіне, қабырғасына судан тұрған қақ сияқты. Осы қақ ауыз қуысына түрлі қышқылдар бөледі. Егер дер кезінде емдетіп алмаса, кариес тістің тамыр-жүйке шоғырына, тіпті жақтың сүйегіне де зиянын тигізеді екен. Бірте-бірте ол тістің түбіне шауып, бас ауруына, шеке мен құлақтың солқылдап ауыруына себеп болады. Медицина тілінде оны «пульпит» дейді. Денсаулық үшін ол қауіпті. Иектің ұлпаларын бүлдіретін периодонтит, пародонтит дегендер де жақ сүйегінің ұлпаларын зақымдайды. Оның соңы абсцеске, яғни тіс пен иек етінің ұлпаларында ірің жиналуына ұласады. Иек пен бет домбығып ісінеді, дене қызуы көтеріледі. Дер кезінде емделмесе денсаулыққа қатер төнеді. Бактериялар қан айналымы арқылы жүрекке әсер етіп, вена қан тамырында қақ іркілуіне, тағы басқа қауіпті жайларға ұрындыруы мүмкін.
Тісі саудың – іші сау. Өйткені тіс ас ішкенде үлкен роль атқарады, қатты тағамдарды уақтайды, оның толыққанды сіңірілуіне себеп болады. Тіс қызметі болмаса, адамның бүкіл асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылады. Асқазан сазуы, кекіре беру, іштің желденуі, гастрит, асқазан жарасы, өт қабының, өт жолдарының қабынуы, ұйқы безі жұмысының бұзылуы сияқты көптеген дерттердің туындауына себеп болады. Тіпті адамның дұрыс сөйлеуіне де кедергісі тиіп жататыны бар. Ауру тіс адамның бет-жүзінің формасын да бұзып, оған психологиялық тұрғыда жағымсыз әсер ете алады.
Тістің сау болғаны маңызды. Сондықтан оған қамқор болыңыз, ауыра қалған жағдайда уақыт өткізбей емделіңіз. Қазір тісті емдеудің көптеген заманауи тиімді әдіс-тәсілдері бар екенін де есте ұстаңыз.
