Ала жаздағы дайындық көзбояу болғаны ма?
Өткен аптада Түркістан облысының бірқатар аймақтарында қолайсыз ауа райы тіркелді. Қатты жел үйлердің шатырларын ұшырса, қарлы боранның салдарынан жабылған жолдардағы көлік қарасы бірнеше шақырымға созылды. Жолда қалған жолаушыларға барынша ыстық тамақ беріліп, жылыту орындарына жеткізілді. Ел аузында адам шығыны туралы алып қашты әңгіме айтылғанымен, ресми мәлімет тіркелмеді.
Бұл Түркістан облысында бірінші рет қайталанып отырған жағдай емес. Бұрын да талай қарлы боран соғып, салдарынан адам өлімі де орын алған болатын. Сол кездерде облыста шұғыл жиын шақырылып, олқы тұстар сараланып, кемшілік қайталанбас үшін қатаң тапсырмалар берілетін. Жаз айларында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілетін. Соған қарамастан қыстағы төтенше жағдайларда келеңсіздік тағы қайталанып жатады. Ауа райының күрт бұзылары алдын ала қайта-қайта ескертіліп жатса да…
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыста орын алған табиғи сипаттағы апаттар және олардың салдарын жою барысы бойынша мәжіліс отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасарлары, барлық құзырлы орган басшылары, аудан, қала әкімдері және өзге де жауапты тұлғалар қатысты. Мәжілісте облыс басшысына орын алған жағдайлар бойынша атқарылған жұмыстар барысы баяндалған. Дархан Амангелдіұлы табиғи сипаттағы апаттар мен олардың салдарын жою барысы бойынша барлық жұмыстарға егжей-тегжейлі талдау жасауды қатаң ескертті. Бұл жолы жәй ескертпеді, қатаң ескерту болды. Нәтиже болмаса, сылбыр қимылдағандарға қатаң шара көрілуі мүмкін.
«Төтенше жағдайдың салдарын жоюға емес, алдын алуға басымдық беру қажет. Бұл мәселені талдап, кешенді жұмыс атқару керек. Ала жаздай дайындық тоқтаған емес. Алайда әлі де әлсіз тұстардың бары білінді. Табиғаттың тосын мінез танытуына жан-жақты дайын болуымыз керек. Бұл – қателікті көтермейтін, кемшілікті кешірмейтін, аса үлкен жауапкершілікпен атқаратын сала. Осыны естен шығармаңыздар», ؘ– деді облыс әкімі.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы А.Төлешов, Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі Н.Ізтілеуов, Бәйдібек ауданының әкімі Е.Нұрмаханов, Сауран ауданының әкімі М.Таңатаров соңғы тәулікте атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. 10-14 желтоқсан аралығында облыс аумағында ауа температурасының күрт төмендеп, дауылды жел тұрып, қалың жауған қардың салдарынан бірқатар апатты жағдайлар орын алды. Осыны ескере отырып, Түлкібас ауданы және Кентау қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауа райының аяқасты құбылып, бұрқасын боран соғу салдарынан Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жол уақытша жабылған. Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарында облыстық маңызы бар жолдар қар құрсауында қалды. Толассыз жауған қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілген. Облыстық маңызы бар 16 жол қардан толық тазартылды. Оған 200-ден астам адам мен 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қар құрсауында қалған 74 жеңіл және 16 ауыр автокөлік, 357 адам шығарылды. Облыс аумағындағы республикалық жолда тұрып қалған 600-ден астам автокөлік пен 1 мыңнан астам адам бар. Олар жылу пунктіне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтылған.
Мәжілісте «ҚазАвтоЖол» АҚ тарапынан орын алған техниканың жетіспеушілігі, жолдардың кеш тазалануы секілді орын алған кемшіліктер айтылды. Облыс әкімі мәселені тыңғылықты зерделеп, тиісті органдарға хаттама жіберуді тапсырды.
Дауылды желден Кентау қаласындағы 10 нысанның шатыры мен терезелеріне және сыртқы қаптамаларына зақым келгені белгілі болды. Оларды қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. «Кентаудағы жылу орталығының қазандықтары қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Дауылды желден «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-нің электр желілерінің апатты өшуіне байланысты бірнеше рет тоқтау орын алған болатын. Қазандықты қайта іске қосқаннан кейін желілерде пайда болған гидравликалық соққы әсерінен ішкі кварталдық желілер зақымданды. Оған қоса, тұрғындар тарапынан пәтерлерде жаппай суды ағызу фактілері анықталды. Бұл өз кезегінде жүйедегі жылу температурасын көтеруге және қалыпты режимге жеткізуге кері әсерін тигізді. Аталған мәселені шұғыл шешу мақсатында жергілікті полиция департаментімен бірлесіп, үйлерді аралау және тұрғындарға суды әдейі ағызбау бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов.
Шұғыл шаралар нәтижесінде жылу жүйесінде орын алуы мүмкін қауіпті апаттар тоқтатылып, жылу режимі тұрақталды. Жылу сапасын арттыру бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Сондай-ақ, Бәйдібек, Сауран, Ордабасы және Түлкібас аудандарында дауылды желден электр желілері үзіліп, бірқатар абонент жарықтан ажыратылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің өкілдері мен жергілікті әкімдік тарапынан қалпына келтіру жұмыстары үдіксіз жүргізілуде.
Иә, табиғаттың тосын мінез көрсетуі өңіріміздегі алғашқы жағдай емес. Алайда, қанша қайталанса да тығырыққа тірелеміз. Сонда қанша қаржат шығындап, ала жаздай өткізілетін дайындық шараларының барлығы көзбояу болғаны ма? Солай екеніне сенгіміз келмейді, бірақ…
М. ЖОЛДЫБАЙ.