Бабаларымыз қалыптастырған қазақтың салт-дәстүрлері өте керемет. Соның бәрі тұнып тұрған тәрбие, өнер деуге болады. Жасыратыны жоқ, осындай құндылықтарымыз уақыт өткен сайын жоғалып барады. Жас нәрестенің тұсауын күйеуден ажырағандар мен әйел жібергендер кесіп жүр. Жас келінді де жаңа отауына бірнеше рет ажырасып келгендер шығарып салады. Мейлі ол әнші шығар, бірақ соның тағдырын қызына бермеуін тілеген ата-ананың ойланғаны дұрыс.
Осы жерде мен белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлінің мына бір сөзін мысалға келтіргім келеді. «Қазір психологтар шықты, өзі үш байға шығады. Бірақ отбасылық құндылықтар туралы айтады. Күйеуіңнің киімін жума, тамақ істеп берме. Ол өзі істеу керек. Сен өзіңді күт, сен тұлғасың дейді. Соған ақша төлеп барады екен адамдар, кейінгі кезде. Зейнеп Ахметовалар ұлттық құндылықтар туралы әңгіме айтып отырса, мен түсінер едім. Немесе Аягүл Миразова, сондай адамдар ұлт төңірегінде әңгіме айтып отырса жарасады. Мыналардың өзі жұрт білетін үш байы бар, құдай тілімді жазықты қылмасын. Сөйтіп тұрып, отбасы құндылықтары туралы әңгіме айтады. Айналайын-ау деймін, жүрегімді айнытпаңдаршы. Жүрегім айнып кетеді сондайдан. Сондай психологтардың өзінің психикасын тексеру керек, кәдімгі жүйкесі ауыратын адамдарды тексеретін адамдарға апару керек».
Білемін, Қалдыбекті ұнатпайтындар да бар, бәлкім осындай сөзіне, тік мінезіне байланысты шығар. Бірақ осы жерде Қ.Құрманәлі шындықты айтып отыр. Мен ажырасқан әйел нәрестенің тұсауын кеспеу керек деймін, неге бірнеше байға тиіп, өзінің отбасын сақтай алмай, балаларын тірі жетім қалдырған әйел отбасы құндылықтары туралы насихат айтуы тиіс. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіде осы кейіптегілер көбейіп кетті. Тіпті кітаптарын шығарып жатқандар да кездеседі. Соған байланысты менің ұсынысым: насихат айтатын адамдарға да сертификат секілді бір рұқсат құжат берілуі тиіс. Жанды емдейтін емшілер сертификат алады, неге өздерін рухани емші санайтындарға сондай құжат берілмейді? Бұл ойланарлық мәселе.
Әбділда Бектібай,
Шымкент қаласы.