Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

Ақмарал – ең сұлу әйел!

    

Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапхананың №11 бөлімше меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенованың есімі өңірдегі зиялы қауым мен руханиятқа жақын жамағатқа жақсы таныс. Сол Ақмарал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан ел мерейін көтеріп жүлдемен оралды. Не жүлде дейсіз бе? Айтайық…

Ұлы ақынның мерейтойлық іс-шарасы Абай облысында он күнге жалғасты. Әр күн сайын өнер сайысы, рухты көтерер байқаулар ұйымдастырылды. Соның бірі – «Жеті қазына» фестивалі болды. Туризмді, ұлттық салт-дәстүрмен қатар спорттық сайыстарды насихаттаған фестиваль аясында «Сұлу әйел» байқауы өтті. Қазақта жеті қазынаның бірі – сұлу әйел екенін ұмытпаған боларсыз.   

Абай елінде, Қарауылдағы Абай саябағында қазақтың бай мұрасын жалпақ әлемге паш еткізген «Жеті қазына» республикалық байқауына көз тікпегендер аз. Бірінен бірі озық кілең сайыпқыран серілер мен ибалы келіндер екі күнге созылған тағылымды доданың басты кейіпкерлеріне айналды.  

Ер жігіттер күрес, теңге ілу, қой көтеру сайыстары бойынша бақ сынаса, «Сұлу әйел» атағынан үмітті арулар бауырсақ пісіру, ұршық иіру, ет тарту, ұлттық киім үлгісін көрсету бойынша сынға түсті.

Оларға танымы мен талғамын таразылау үшін түрлі викториналық сұрақтар да қойылды.

Ілім-білім сайысына қатысушыларға Абай өлеңдерін оқу, зияткерлік сайыс ұсынылса, «Ұлттық мұралар» байқауында жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы мен берен мылтық анықталды.

«Сұлу әйел» байқауына еліміздің Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Ақмола, Түркістан, Шымкент, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Астана, Семей, Аягөз, Курчатов қалаларынан және Абай облысының Үржар, Мақаншы, Көкпекті, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей, Ақсуат, Абай аудандарынан, жалпы алғанда 24 келіншек қатысып, бағын сынады.

Байқау жеңімпаздарына І орын үшін – 5 бас жылқы, ІІ орын үшін– 3 бас жылқы, ІІІ орын үшін – 1 бас жылқы тігілді.

Қазақтың қыз-келіншектері сұлу да көркем. Десе де бұл байқау ақылды әйелдің де бейнесін насихаттауды мақсат тұтқандай.

Байқаудың қорытындысы бойынша ең «Сұлу әйел» аталымына шымкенттік Ақмарал Құдайбергенова ие болды. Жүлделі бірінші орын иеленген ол сұлу табиғи қалыптағы сымбатымен, зерделі ойымен, іскерлігімен көзге түскен. Қазылар алқасының бұл шешімімен байқау көрермендері де келіскен. Соның дәлелі болар жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде бірінші орын иегері Ақмарал Құдайбергеноваға бес жылқы тарту етілетіндігі туралы сертификат тапсырылып жатқанда көрермендер тарапынан қызу қолдау көрініс тапты.

Ақмарал Асанқызы — жеті баланың анасы. Байқаудың «Таныстыру» шартында сахынаға жұбайы екеуі жеті баласын жетектеп шыққында толқымаған көрермен жоқ. 

   –Абай еліне екінші рет келуім. Осыдан 25 жыл бұрын республикалық «Абай оқулары» байқауына қатысу үшін келгенім бар. Ол кезде мектеп оқушысы едім. Енді міне Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында «Сұлу әйел» байқауының жеңімпазы атанып отырмын. Бұл байқау ұлттық болмысымызды, салт-дәстүріміз бен рухани байлығымызды дәріптейтін ерекше шара болды, — дейді Ақмарал Асанқызы.

Айта кетейік, «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалінің «Ілім-білім» байқауының жеңімпазы болып Аружан Кәріпбай (Абай облысы, Абай ауданы), «Ер жігіт» байқауының жеңімпазы болып Айбек Әукенов (Абай облысы, Мақаншы ауданы) жеңімпазы болып танылды.

Ж.ШАЛАБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *