Қымбатшылық қысқан заманда айлық шайлыққа жетпейді. Киер киімді айтпағанда, ішіп-жемге жеткілікті пұл табудың өзі оңай емес. Соның салдарынан бүгінде елімізде қарапайым тұрғындар арасында банкке қарызы жоқ жандарды кезіктіру қиындады. Несиесін төлеуді бір күн кешіктірсе пайызды үстемелеп қосып отыра беретін банктерді адамдардың жалақы алған-алмағаны немесе кешіккені қызықтырмайды. Ал екі-үш айлап жұмыс істегенімен қолына жалақы алмағандардың кінәсі не? Олар қайтып күн көріп, несиесін қалай жабады?
Бізге хабарласып, өзін Нұржан Ықыласов деп таныстырған азамат: «Кентауда жан басына шаққандағы қаржыландырылатын 13 мектептің барлық қызметкері тамыз айының жалақысын ала алмай отыр. Әдетте тамыздың 20-25-терінде қолға тиетін жалақы мекеменің атауы өзгеруіне байланысты кешігуде. Енді он күннен кейін қыркүйектің жалақысы беріле бастау керек, ал бізге әлі тамыздың жалақысы төленбеді. Мектепте жұмыс істейтін он адамның тоғызының, тіпті барлығының десек те болады банк алдында берешегі бар. Оны төлемесе үстеме пайыз қосылады. Бірақ онымен санасып отырған білім басқармасының басшысы жоқ. Жалақының кешігуіне басқарма атауының өзгеруі, соған сәйкес мекеменің мөрі, жарғысы, барлық құжаттарының өзгеруі себеп болуда. Нақты айтқанда жаңаша аталғанына көп бола қоймаған «Адами әлеуетті дамыту басқармасы» қайтадан «Білім басқармасы» деп өзгерді. Салдарынан бір Кентау қаласында 1500 адам жалақысыз отыр. Қолдан жасалған бұл келеңсіздікке қарапайым адамдар емес, аудан, қала мен облыстағы білім саласына жауапты басшылар кінәлі. Қателеспесем, мекеме атауларын өзгертуді 10 шілде күні бастаған болуы керек. Содан бері 2 айдан асқанына қарамастан тиісті құжаттар дайын болмаған. Қашанғы басшылардың шикі шешімінен, сапасыз жұмысынан қарапайым халық зардап шегеді?».
Әрине, жалақыны кешіктіру бүгінгідей қиын кезеңде төтенше жағдаймен пара пар. Ал, бір қаланың өзінде 1500 адамның жалақы ала алмауы қылмыспен тең. Бұл кемі 1000 отбасының нәпақасының кешігуі деген сөз. Өкініштісі сол, бұл тек Кентауға ғана тән келеңсіздік емес. Демек, облыс бойынша жалақысыз қалған отбасы саны 20 мыңнан асып жығылуы ғажап емес. Қаражатсыз қара шай сатып алудың өзі мұңға айналған мұғалім балаға қалай сапалы білім бермек? Өзгенің емес, өз баласын мектепке дайындай алмаған мұғалімдер мыңдап саналады. Бұл тізімді білім бөліміне бағынышты балабақша қызметкерлері де толықтырып отыр. Ал, облыста бұл мәселемен айналысатын Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы тап осындай жауапты кезеңде еңбек демалысына шығып кеткені «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» нақ өзі емес пе?!
Кентауда жан басына шаққандағы қаржыландырылатын 13 мектеп қызметкерлерінің жалақысы не себепті кешіктіріліп отырғанын білу үшін қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбековке сауал-хабарлама жолдадық. Бірақ ол кісіден дер кезінде жауап болмады. Соған қарағанда ақталар уәж таба алмаса керек деп топшыладық. Қарапайым қызметкерлердің жалақысыз отырғаны қалалық білім бөлімін басқарып отырған шенеунікті толғандырмайтынын, толғандырса да мәселені шешуге қауқарсыз екенін осы жайттан аңғару қиын емес.
Облыстық білім басқармасының атауы өзгергеніне байланысты бұл проблеманың облыстағы барлық білім саласындағы мекемелерге ортақ екені түсінікті. Ендеше, өзге аудан-қалалардағы ахуал нешік? Осыны білмек мақсатта Келес аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әшір Әдиевке хабарласқанымызда, ол кісі білім бөлімі тарапынан ұстаздар алдында жалақыдан қарыздары жоқ екенін баяндады. Яғни, мәселе ортақ болғанымен, шешілу сапасы екі түрлі екені көрініп тұр. Бұл бірінші басшының іскерлігіне тікелей байланысты деуге негіз болмақ. Бұрнағы жылдары жалақысыз қалған балабақша қызметкерлерінің облыс әкімдігінің алдына жиналып, жанайқайын жеткізгенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Демек, бұл оқиғаның қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мұның шұғыл алдын алмаса, соңы ушығып кетуі бек мүмкін.
Мақала жазу барысында Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков хабарласып, «Жан басына шаққандағы қаржыландырылатын 13 мектептің ұстаздары мен басқа да қызметкерлердің жалақасын төлеу үшін Қаржы министрлігінің арнайы кодын күтіп отырғанын айтты. «Министрлік кодты бүгін берсе бүгін, ертең берсе ертең жалақы төленеді», – деген бөлім басшысының сөзінен жалақының кешеуілдеуі министрліктің кемшілігінен болып жатқанын білдік. Бірақ, ол басқа ауданға қалай ерте беріліп қойды деген заңды сауал туындайды. Осындай ала-құла тірлік болмас үшін облыстық Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының тірлігі тап-тұйнақтай болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
P.S.:
Бет қатталып жатқанда облыстық мәслихаттың депутаттары тарапынан Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының жұмысына қанағаттанарлықсыз баға берілгенін білдік. Нақтысын айтар болсақ, сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясында 20-дан аса мәселе қаралып, соның ішінде облыстық білім басқармасының атқарған жұмысы сарапқа салынған. Сессияға қатысқан 45 депутаттың 44-і бірауыздан басқарманың жұмысына қанағаттанарлықсыз деп баға берген. Тек бір депутат қалыс қалыпты. Бұдан кейін облыс басшысы қандай шешім қабылдайды? Оны уақыт көрсетер.
Анығы сол былыққа белшесінен батып, басқармаға қатысты көптеген мәселе қордаланып қалды. Мысалы, өзге облыстарда білім басқармасына қарасты мекемелер саны 200-300 болса, біздің облыста білім беру мекемесінің саны 1000-нан асады. Яғни осыншама мекеменің былыққа батпағаны кемде кем. Балабақша тіптен көбейген. Көбі құжат жүзінде жұмыс істеп отырғанын облыс әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесуінде мінберден де айтты. Алайда, осындай сындардан осы кезге дейін бір нақты қорытынды шыққан жоқ.
Оны айтасыз, Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына құқық қорғау органдары тарапынан тағылған айыпты мойындамай, сотқа жүгінгені бар. Алайда сотта облыстың бас ұстазы жеңіліп қалыпты. «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дегенді осындайда айтса керек-ті…
Ұлықбек ҮМБЕТ.