Салық көлемі бекітілді
Шымкенттегі ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 56 мың гектар жердің 25 мың гектарға жуығына бүгінде фермерлер түрлі дақылдар егіп өнім алуда. Бұрын олар 1 гектар жерге 91700 теңге төлеуі тиіс еді, қала әкімдігі мен мәслихаты бірлесіп шешім шығарып, ауыл шаруашылығы жерлеріне төленетін салықтың 50 пайызын қысқартып, 45000 теңге көлемінде бекіткен болатын. Дегенмен бұл да ауыл шаруашылығында еңбек ететіндер мен кәсіпкерлер үшін елеулі қиындықтар тудырды, сондықтан қала басшылығына Ғабит Сыздықбеков келгесін осы мәселені қолға алған, бастама көтерген еді. Оған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тарапынан қолдау болды. Осы бағытта жүргізіліп келген жұмыстардың нәтижесінде Салық Кодексіне өзгерістер енгізіліп, енді Шымкент қаласы аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне салық 1013 теңге көлемінде бекітілді.
Осы жағымды жаңалық жөнінде БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Бұл – жергілікті фермерлер үшін ғана емес, агробизнеспен айналысатын шетелдік үлкен кәсіпорындар үшін де жағымды жаңалық. Мысалы, бүгінде Шымкентте Түркияның, Польшаның компаниялары өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың шаруашылықтары тонналаған өнім беруді бастап та кетті. Қала бюжетіне салықтан да мол кіріс түспек.
Текесу мен Айкөлге таза су барады
Кезінде қала аумағына ендірілген «Текесу» тұрғын алабында ауыз судан проблема бар еді. Себебі ұңғымалар арқылы алынған судың сапасына кейін күмән туып, тексерілген, нәтижесінде ол техникалық су қатарына жатқызылған. Таяуда «Текесу» тұрғын алабы сапалы ауыз су жүйесіне қосылды. Ұзындығы 14 шақырым су құбыры жүргізілген. Жұмыс демеушілердің есебінен жүзеге асырылған.
Енді «Айкөл» тұрғын алабына 15 шақырымдық су құбыры тартылуда. Жұмыс демеушілер есебінен атқарылып жатыр. «Айкөлге» сапалы ауыз су биылғы жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде.

Қала баласына 285 грант бөлінеді
Былтырғы жылы қала әкімінің тасырмасымен жоғары оқу орындарына арнап 285 грант бөлінген еді. Биыл тағы да осынша түлекке, яғни 285 мектеп бітірушіге арнап гранттар бөлінеді деп күтіліп отыр. Елімізде де, қаламызда да ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны жылдан-жылға артып отырғаны белгілі. Осыған орай дефектолог, логопед сияқты мамандар тапшылығы байқалуда. Сондықтан аталған грантардың 20-сы педагогика бағытына бөлінбек. Өнер және гуманитарлық бағыттарға 33 орын бөлінеді. Себебі Президент қаламыздағы мәдениет және өнер университетін қалпына келтіруге тапсырма берген болатын. Қажетті мамандарды қазірден бастап даярлай беру керек. Гранттардың 10-ы теолог мамандарға арналып отыр. Себебі сапалы білім алған, дәстүрлі Исламды ұстанатын, басқа деструктивті ағымдарға бой бермейтін және оларға қарсы тұра алатын білікті мамандар да керек. Ауыл шаруашылығына, әлеуметтік салаға, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, инженерлік, өңдеу, жол, құрылыс және басқа да бірқатар салаларға гранттар бөлінбек. Бұған қатысты құрылған комиссияның төрт отырысы болып өткен, бәрі де талқыланып, ойластырылып жатыр.
Жеке үйлер де кенеге қарсы күрессін
Шымкентте кенеге, олардан туындайтын ауруларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жылына екі мәрте – көктем мен күзде жүргізіледі. Ветернинарлық мекемелер тарапынан кенелер мен басқа да жәндіктердің көбеюінің алдын-алуға бағытталған жұмыстарға дезинфекторлар жұмылдырылып, арнайы бүріккіш аппараттар қолданылуда. Арнайы тексерілген препараттарды қолдана отырып 152 мыңнан аса ауыл шаруашылығы жануарларына бүрку жұмыстары жүргізілген, олар тоғытылған. Дезинфекторлар жалпы 4,6 миллион шаршы метр қора-жайларды залалсыздандыратын болады. Залалсыздандырудың екінші, яғни күздегі кезеңі тамыз айынан жүргізіле бастады. Мұндай жұмыстар тек малы бар үйлерге, ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға арналған қораларға ғана жүргізіледі. Ал көпқабатты үйлердің жертөлелері мен жеке сектордағы үй-жайлар аумағында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын тұрғындар өз есебінен жүргізуге міндетті. Яғни жеке аумаққа жататын жерлерді залалсыздандыруға тұрғындар ортадан қаржы шығаруы керек. Көпқабатты үйлерде тұрғын үй иелерінің ұйымы құрылып, мұндай ортақ мәселе бірігіп шешілуі тиіс. Зиянды жәндіктер көбеймесі үшін бұл жұмыстарға жұртшылық жоғары жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.
Жыл басынан бері кене шағу оқиғалары бойынша қалада 577 адам тіркелген. Түркістан облысының Сайрам және Келес аудандарынан жеткізілген мал күтімімен айналысатын 2 адамнан «Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы» расталған. Сондықтан кенеден келер қауіпті әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың үнемі назарда ұстағаны дұрыс болмақ.
Төтенше жағдайлар туралы
Жыл басынан бері республикамыздың су айдындарында 85-ке жуық адам суға кеткен. Осындай қауіптің алдын-алу үшін Шымкентте де көптеген жұмыстар қолға алынған. Шомылуға тыйым салынған аумақтар саны 13-ке жеткізілген, олардың барлығына 200-ге жуық сақтандыру тақтайшалары орнатылған. Мұндай аумақтар қатарын 30-ға жеткізу ойда бар. Сақтандыруға қатысты көптеген іс-шаралар өткізілген. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте биылдыққа жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Дегенмен тәртіп бұзушылар жоқ емес. Тыйым салынған жерлерге шомылған бірқатар адамдарға айыппұл салынған.
Өткен жылы Шымкентте балалардың көпқабатты үй терезесінен құлап кеткен 8 оқиғасы орын алған. Биылғы жылдың осы уақытына дейін 4 баланың құлауы тіркелді, балалардың үшеуі мерт болған. Балаларды мұндай қатерден қорғауда ата-аналар да өз жауапкершілігі барын әрдайым есте ұстағаны абзал.
Қалада өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты жұмыстар да үнемі жүргізіліп келеді. Білім беру нысандарында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты жүргізілген арнайы рейдтер нәтижесінде тәртіп бұзғандарға 1 миллион 553 мың 140 теңге айыппұл салынған.
1 аптада 95 іс тіркелді
Өткен бір аптада тіркеу орындарында жалпы 95 іс тіркелген, 5 іс сотқа жолданған. Соның ішінде алаяқтық бойынша 29 іс бар. Адамдардың түрлі мәселелер бойынша көмек беремін дейтін алаяқтарға алдануы толастар емес. Мысалы, өткен аптада Н. деген әйелді бір танысы мемлекет тарапынан пәтер әперем деп алдап 4 миллион 200 мың теңге қаржысын иемденген. Мемлекет тарапынан бөлінетін үйлер кезегі цифрландырылған болса да адамдар осындай жандардың сөзіне алданып қала береді.
Шымкентте өткен бір аптада ұрлық бойынша – 32, есірткінің заңсыз айналымына қатысты – 9, жол-көлік оқиғаларына орай 10 және басқа да істер тіркелген.
Д. ОРАЗ.
