Біле жүріңіз

ШОЛПАНКЕБІС, ШОҚПАРБАС,ТОРСЫЛДАҚ…

Әне-міне дегенше жайнаған жаз да келіп қалды. Табиғат аясына шығып тынығуға қолайлы маусым. Сан-алуан өсімдіктерді көруге, гүлдерді тамашалауға мүмкіндік мол. Осындайда «Қызыл кітаптың» қорғауына алынғандарын жұлып, айыппұлға ұрынып қалмау жағын да есте ұстаған жөн болмақ.

Бақбақ үшін – 13 миллион теңге…

Осыдан төрт-бес жыл бұрынғы «қызғалдақ оқиғасынан» кейін жұрттың қызғалдақ жұлудан аяқ тартып қалғаны белгілі. Қызғалдақты жұлуға болмайтынын үлкен-кішінің бәрі біледі. Енді «бақбақты жұлуға болмайды» деген сөз шығып, жұрт бұған сенер-сенбесін білмей жүр. Себебі бақбақ біздің Оңтүстік өңірінің көп жерінде өседі, Шымкенттің ішінде де көп кездеседі. Ендеше оны неге жұлуға болмайды?

Бақбақтың бірнеше түрі болады екен. Соның ішінде құрып кету қаупі төніп тұрғаны, заңмен қорғауға алынғаны – табиғи және ғылыми маңызы бар «көксағыз бақбағы», «Виталий бақбағы» деген түрлері ғана. Көксағыз бақбағы Алатау ішіндегі Кеген, Сарыжаз, Текес жазықтарында кездеседі екен. Кезінде оның «сүтінен», тамырынан каучук өндірілген. Ал «Виталий бақбағы» Іле және Күнгей Алатауларында өседі. Қысқасы, бақбақтың бұл түрлерін жұлуға, қазып алуға, зақымдап бүлдіруге, сақтап-тасымалдауға, сатуға болмайды. Мұндай өсімдіктерді «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі қорғайды. Сондай-ақ, Қылмыстық Кодекстің 339-бабында көзделген жазалау шарасы да бар. Бұл өсімдіктерді жұлған адамға 13 миллион теңгеге дейін (3000 АЕК = 12 миллион 975 мың теңге) айыппұл салынады. Кей жағдайда қоғамдық жұмысқа тарту, түзеу жұмыстары немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.

Бәйшешекке, сиреньге де тимеңіз

Қыс соңын ала қар астынан бой көтеретін бәйшешек те мемлекеттің қорғауына алынғанын біле жүріңіз. Көктемде әсіресе қалада төңіректі жанға жағымды хош иісімен баурап тұратын мамыргүлді, яғни сиреньді жұлуға да тыйым салынған. Қаладағы гүлдерді жұлғандарға 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл әрбір гүл үшін жеке есептелуі де мүмкін. Ондай жағдайда айыппұлдың көлемі бірнеше есеге артады деген сөз.

Жалпы, елімізде өсімдіктердің мемлекет қорғауына алынған 387 түрі бар екен. Оның 370-і – жоғары сатыдағы тамырлы өсімдіктер, 13 түрі – саңырауқұлақтар, 3 түрі – мүк және 1 түрі – қына. Көбі таулы аймақтарда, табиғи қоры аз өңірлерде кездеседі. Көктем жанаргүлі, дермене, қаршыл шүйгіншөп, қар дәуаяғы, таңдамалы шоқпарбас, Алтай торсылдағы, шолпанкебіс, Іле үшқаты, Талас кекіресі, Қаратау сетені, Қаратау жыланбасы, Мыңжылқы шетенқұйрығы, қызыл адыраспан, аласа дестегүл, бұйра лалагүл, Піскем жуасы, иткүшала, ақжолақ сасыр, қатпарлы шұбаршөп, маймұр, ашық құндызшөп, сәлдегүл таушымылдығы, Семенов айдаршөбі, Северцов қарақабағы… деп кете береді.

Бүгінде еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Осындай жалақымен бірнеше жүз мыңдаған адамдар күнелтіп жүр. Сондай азаматтар «Қызыл кітап» өсімдігін байқамай жұлып қойса, миллиондаған айыппұлды төлей алмай соры қайнамақ. Еріксіз жұмысқа жегіледі немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ендеше, табиғат аясында серуендеп жүргенде «Қызыл кітаптың» өсімдігін бүлдіріп алып қомақты айыппұлға ұрынып қалмас үшін оларды ажырата білген дұрыс болмақ. Кейбір «шаш ал десе, бас алатындардың» көзіне түсіп қалудан сақтасын. Аталған 387 өсімдіктің бәрімен таныспасаңыз да біразының түр-түсін интернет арқылы біліп алуға болады. Ең дұрысы, әдемі болып өсіп тұрған өсімдікті немесе гүлді жай ғана тамашалап, тіпті қызықтырып бара жатса, иіскеп қана қоя салу керек шығар. Әйтпесе бүгінде айыппұлға шатылу аяқасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *