Әлеумет

ЖЕТІСАЙ ҚАУЫНЫ МӘСКЕУГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Көктемнің соңын ала Жетісайдың қауыны пісе бастады. Биыл жауын жеткілікті болып, өнімнің жақсы жетілуіне жол ашты. Соның арқасында қауынның алды экспортқа да шығарылуда.

Шаруалар биылғы жылы 17,1 мың гектарға бақша дақылдарын еккен болатын. Осы аумақтың 14,2 мың гектарына қауын, қалғанына дарбыз егілген. Суармалы жердің 44 мың гектарына мақта шиті себілген. 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс, 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын егу жұмыстары жүргізілуде.

Міне, қауынның алғашқы өнімі пісіп те үлгерді. Жетісайлық Әл-Фараби Күзенбаев басқаратын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Қожалықтың иелігіндегі 300 гектар жердің басым бөлігіне мақта егілген, ал 40 гектарына қауынның «Нұр-Бакинка» сорты отырғызылған болатын. Көшеттер тез тамыр алып кетті. Дегенмен жаңбыр жиі жауғандықтан күтілген 65 күнде емес, 80 күнде пісті.

Бүгінде Жетісайдың қауынына сұраныс жақсы. Қазіргі күндері өнім Ресейдің Мәскеу қаласына жіберіліп жатыр. Баға да шаруаның көңіліндегідей, 1 килосына — 650 теңге. Қауын тікелей егіс басынан, ешқандай делдалсыз сатылып жатыр.

Жалпы, Жетісай ауданында биыл қауын-дарбыз егілетін жер аумағы біршама артқан болатын. Өткен жылы бұл дақыл 16,9 гектарға егіліп, 510 мың тоннадан астам өнім алынған. Биылғы өнім одан артпаса, кем түспеуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *