Қазығұрт ауданы Түркістан облысының аграрлық және өнеркәсіптік өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына жүйелі түрде өзіндік үлесін қосып келеді. Бұған қатысты аудан әкімі Әзизхан Исмаилов бізге толыққанды айтып берді.
— Әзизхан Әзімханұлы, жыл сайын облыста өтетін «Алтын күз» байқауында Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығы дамыған өңір ретінде марапатқа ие боласыздар. Қандай еңбектеріңіз ескерілуде?
— Ауыл шаруашылығы жайын сөз еткенде алдымен мал мен егін шаруашылығы ауызға ілігеді. Жалпы, ауданның жер көлемі 409 мың гектардан асса, оның 266 мың гектары, яғни жартысынан көбі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Оның ішінде жайылым жер үлесі басым, көлемі жағынан одан кейінгі орында егістік жерлер тұр. Сондай-ақ 28 мың гектардан астам шабындық жер бар. 1950 гектар жерге бау-бақша егіледі. Мақсатты пайдалану үшін 2024 жылы 2828 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жыл басынан бері тағы да қосымша 705 гектар аумақ алынып отыр. Жыл соңына дейін оның көлемін 3000 гектарға жеткізу жоспарда бар.
— Әрине, үлкен саладағы атқарылған жұмыстарды екі ауыз сөзбен жеткізу қиын, әңгіме барысында бұл тақырыпқа тағы қайтара соға жатармыз. Әңгімемізді халықтың тұрмыс-тіршілігін саралаумен жалғастырсақ. Аудан бюджеті қалай орындалып жатқанына да тоқталып өтсеңіз.
— Бүгінде Қазығұрт ауданы халқының саны 118 410 адам. Экономикалық белсенділер санатындағы 47 377 адамның 45 082-сі жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Тұрғындарды барынша жұмыспен қамтуға тырысудамыз. Ауданда 2024 жылы 6334 жұмыс орны ашылса, биылғы меже — 6479. Меже орындалады деген сенімдеміз.
Аудан бюджеті кейінгі 3 жылда 1,5 есеге өсіп отыр. Биылғы бюджет кірісінің жоспары — 8,4 миллиард теңге. Жылдың алғашқы 5 айындағы жоспар 3,4 миллиард теңге болса, ол 4,2 миллиард теңгеге орындалды.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі бойынша 2025 жылға жоспар — 134,4 миллиард теңге. Ауыл шаруашылығының жоспары — 76, сауда жоспары — 20,5, өнеркәсіптікі — 17,7, құрылыстікі 12,2 миллиард теңге.
— Өнеркәсіпті дамытуға жеткілікті көңіл бөлініп отырған болар?
— Ел экономикасының дамуына өнеркәсіп саласының қосар үлесі қомақты. Сол себепті бұл сала күн тәртібінен түскен емес. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі кейінгі 3 жылда 113 пайызға өсіп отыр. Жылдың алғашқы 5 айында 18,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Бұйыртса, биыл ауданда жалпы сомасы 21,5 миллиард теңгені құрайтын 24 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде 749 адам жұмыспен қамтылмақ. Атап айтар болсақ, Сарапхана ауылындағы «Асыл Бастау КЗ» ЖШС су өндірісін автоматтандыру бойынша жұмыс істейді. Тұрбат ауылындағы «Пасека Бал» шаруа қожалығы жылына 150 тонна бал береді. Аудан орталығындағы «БИА Строй» серіктестігі тәулігіне бір мың дана кеңсе қағазын шығарады. Шарбұлақ ауылындағы «Қайып ата» серіктестігі жылына 250 тонна балық өндіреді. Сарапханадағы «Билол» ЖК жылына бір мың тонна темір болат шарларын өндіретін болады. «АГРО ирригация» ЖШС жылына 2 мың тонна гофрленген ауыз су мен кәріз құбырларын жасап шығарады. «Timur LES» ЖК жылына бір мың дана жиһаз құрастырады. Қақпақ ауылындағы «Қарқын 2030» серіктестігі тәулігіне 75 тонна шұжық өнімдерін шығарады. Оның осы ауылда мал бордақылау алаңы да бар, жылына 5000 бас мал бордақылайды. «Smart Re Energy» ЖШС Қазығұрт, Шарбұлақ ауылдарында сағатына 2 және 1 мегаватт энергия өндіретін су-электр станциясын іске қосқалы отыр. Шарбұлақ ауылында орналасқан «Сапа 2002» серіктестігі мақсары майын терең өңдеумен айналысады, ол тәулігіне 15 тонна өнім шығарады. Осындағы «Қайып ата» серіктестігі 5000 бас құс өсіреді. Қазығұрттағы «Serper Invest» ЖШС тігін цехы жылына 130 мың дана өнім бермек. Қызылқиядағы балық шаруашылығымен айналысатын «Kazygurt Balyk» ЖК жылына 60 тонна өнім береді. Жұмысшы елді мекеніндегі балық шаруашылығымен айналысатын «Ақсымбат Құс» ШҚ жылына 60 тонна өнім беретін болады. Шанақ ауылындағы «Яссы Агро» ЖШС жылына 60 гектар жерге картоп, 20 гектарға сәбіз, 20 гектарға тұт егеді. Қызылқиядағы «Maxsimus Food» ЖШС 10 гектар жерге қарқынды алма бауын өсіреді. Қақпақтағы «Қарқын 2020» ЖШС 170 гектар, Шарбұлақтағы «Сапа 2002» ЖШС 200 гектар, Қызылқиядағы «Қараша Агро» ЖШС 100 гектар жерді су үнемдеу технологиясымен қамтиды.
«Тұрбат» индустриалды аймағындағы 60 гектарлық жылыжай кешенінің пайдалы аумағы 52 гектарды құрайды. 1 гектар жылыжайға 73 миллион теңге инвестиция тартылады. Осылайша ауыл шаруашылығы өндірісі мен өнеркәсіптік қызметті үйлестіре дамыту есебінен өңірде экономикалық өсім орын алып, ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізуде.
— Қазір қай өңірде болсын ағын суды үнемдеу үрдісі қалыптасуда. Сіздерде қалай?
— Су үнемдеу әдістерін меңгермей,ауыл шаруашылығын табысты салаға айналдыру қиындап қалды. Биылғы жылдың 5 айында су үнемдеу технологиялары 250 гектар жерге ендірілді. Бірнеше шаруашылықтың 210 гектарды қамтитын жеріне тамшылатып суғару, «Qazaq-2020» ЖШС-нің 40 гектар жеріне жаңбырлатып суғару жүйесі ендірілді. Жыл соңына дейін мұндай технология тағы 506 гектарға енгізілмек. Суды сақтау, үнемдеу мақсатында ауданда 2,8 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүруде. 7 каналдың жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Олар жөндеуден өткен жағдайда жалпы 4536 гектар суғару жүйесі жақсарып, 2000 гектар жер айналымға қосылады.
Биыл ауданда 90 мың гектарға егіс егілді. «Нөлдік технология» әдісі 7 мың гектар жерге енгізілген. «Сапа-2002» ЖШС 4 мың, «Тілеуберді» шаруа қожалығы – 1900, «Үшбастау» өндірістік кооперативі – 700, «Сапар» шаруа қожалығы 400 гектар аумаққа аталған технологиямен астық екті. Нөлдік технологияның арқасында егістің гектар берекелдігін 30-35 центнерге жеткізуге мүмкіндік бар.
— Аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай көмек көрсетілуде? Баспанамен қамту жайы қалай?
— Ауданда аз қамтылған азаматтар санын төмендету бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. 2024 жылы олардың қатарын 23 пайызға азайтуға қол жетті. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылатын мұқтаж, мүгедектігі бар адамдарға да тиісті көмектер қарастырылған, қаржы есептеліп, бөлінген.
2024 жылы ауданда жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Биылғы меже — 33,9 мың шаршы метр. Өткен жылы 40 пәтер берілген, биыл — 48 пәтер. «Шығыс» шағынауданында 80 гектар жерге инфрақұрылым жүргізілуде. Бұйыртса, жер кезегінде тұрған 385 адамға жер телімі берілетін болады.
— Инфрақұрылыммен толық қамтылмай, тұрғындар ахуалын жақсы деп айта алмаймыз…
— Не сұрағыңыз келгенін түсіндім. Иә, қазіргі заманда сусыз, газсыз ауылдың, жарықсыз, жолсыз елді мекеннің хәлі мүшкіл екені түсінікті. Сол себепті бұл мәселе басты назарымызда. Ауданда соңғы кездің өзінде 11 шақырым газ, 10 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 250 текше метрлік 2 дана су қоймасы орнатылған. Сонымен бірге 2 су ұңғымасы қазылып, 17,3 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде ауданымыздағы 61 елді мекен 98,3 пайыз ауыз сумен қамтылды. Олардың 58-і суды орталықтандырылған ауыз су құбырынан, 2-уі бұлақ көзінен алады. Тек Атажұрт елді мекені ғана ауыз сумен қамтылмаған. Онда жыл соңына дейін жаңадан су құрылысы жүреді. Алтынтөбе ауыл округіндегі «Көктерек-Қосшы» бұлағының құрылысы қайта құрылады. 20 елді мекенде тозған құбырлар ағымдағы жөндеуден өтеді.
Сол секілді 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған электр желісіне қосылған, 1-уі дербес электр қондырғысымен қамтылған. Биыл 8 елді мекенде 9 нысанның желілері ауыстырылады. Жігірген, Талдыбұлақ, Сарапхана, Айнатас, Шарбұлақ ауылдарында толық, Қосағашта бір көшенің, Жаңаталап пен Қарабауда екі-екіден төрт көшенің желілері ауыстырылатын болады. 55 ауыл табиғи газ жүйесімен қамтылған. 2-уі шалғайлығы себепті экономикалық жағынан тиімсіз деп танылды. Биыл Сынтастағы Бәйдібек, Шарбұлақтағы Желтоқсан көшесі табиғи газбен қамтылатын болады.
Ауданда облыстық, аудандық маңызы бар және ауылдың ішкі көшелерін қосқанда жалпы 1367 шақырым жол бар. Биыл 905 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қызылқияда 8, Майлыошақ пен Талдыбұлақта 5, Қызылдиқанда 8 көше жөнделеді. Аудандық бюджет есебінен 428 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде 26 елді мекенде 45 ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары жүруде.
— Аудан жұртшылығының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі қандай?
— Жүйелі түрде қатысады деп айтуға болады. Мысалы, «Таза Қазақстан» акциясына 2024 жылы 13 мыңнан аса тұрғын белсенді қатысты. 30 мың тонна қоқыс жиналды, 50893 дана көшет отырғызылды, 2500 дана гүл егілді, 12 сквер және 25 саябақ тазаланды. Биыл да осы белсенділікті төмендетпей, 60 мың тонна қоқыс шығару жоспарда бар. 55 мың көшет, 3000 гүл отырғызылады, 20 сквер және 25 саябақ тазаланады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп бекер айтылмаған. Ауылдың таза, айналаның абат болуы әрбіріміздің пайым-парасатымыздың өлшемі іспетті.
— Пікіріңіз орынды. Уақыт бөліп, аудан жайын әңгімелегеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ұ.Райымбек.
