Алдымен оқырманға Мемлекеттік мүлік дегеннің не екенін түсіндіріп өтейік. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік мүлік — республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
Республикалық мүліктің құрамына мемлекеттік қазынаның мүлкі (республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты, республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік), республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді. Ал, коммуналдық мүліктің құрамына жергілікті қазынаның мүлкі, жергілікті бюджеттің қаражаты (коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік), коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді. Республикалық мүлікті басқаруды уәкілетті орган, ал коммуналдық мүлікті басқаруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асыратынын атап өту маңызды.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 211-бабының 1-тармағына сай, Департамент жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыратын уәкілетті орган болып табылады. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік дегеніміз — мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлік.
Департамент уәкілетті орган ретінде өз функциясын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi туралы» N 833 Қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы «Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде, не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларын бекіту туралы» № 227 бұйрығына сай жұмыс атқарады.
Жоғарыда көрсетілген қағидалармен, кәсіби бағалаудан кейін жекелеген негіздер бойынша мемлекет кірісіне түскен барлық мүлік Мемлекеттік мүлік Тізілімінің https://e-qazyna.kz/ веб-порталында электрондық аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Яғни, бүгінде аукционға қатысу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, тек сайт ашу керек. Содан кейін ЭЦҚ кілтінің көмегімен порталда тіркелу, кепілдік жарнаны төлеу (тауардың бағалау құнының 15 пайызы) және электрондық өтінім беру қажет. Бұл ретте, егер әлеуетті сатып алушы аукционда ұтпаса, онда оған кепілдік жарна қайтарылады. Электрондық аукционның маңызды артықшылығы, қатысушыларға және әлеуетті сатып алушының мүмкіндігіне байланысты, сауда-саттық кезінде бастапқы баға айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Осы кезекте, сауда-саттыққа қатыспас бұрын портал алаңында болатын аукцион шарттарын мұқият оқып шығуға кеңес береміз. Осылайша, сауда-саттық процесі толығымен автоматтандырылған және бұл жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық беру әрекетін болдырмайды. Демек, бұл мүлікті сату кезінде сыбайлас жемқорлықты азайтуға өз септігін тигізетіні анық.
Шымкент қаласында тыйым салынған және тәркіленген мүліктің негізгі түрлері — бұл жылжымайтын мүлік (құрылысы аяқталмаған жер учаскелері), көлік, халық тұтыну тауарлары, компьютерлік және оргтехника, ұялы телефондар, олардың аксессуарлары және тағы басқа болып табылады. Тыйым салынған және тәркіленген мүліктен басқа Департаментке мемлекеттік қызметші мен оларға теңестірілген адамдарға білмей келіп түскен, сондай-ақ ол тиісті функцияларын атқаруына байланысты алған сыйлықтар да тапсырылады.
Өздеріңізге белгілі, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту ұранымен жоғарыда аталған тұлғаларға сыйлықтар алуға тыйым салынған. Дегенмен, мемлекеттік лауазымдағы адамдарға сыйлықтар беру әлі де кең таралған құбылыс. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, Мемлекеттік қызметшіге хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар олар алынған күнінен бастап не мемлекеттік қызметшіге сыйлықтың келіп түскені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады. Ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтерге қызмет көрсетілген күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде ол республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төлеуге тиіс.
Сонымен бірге, өзіне сыйлықтар келіп түскен мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оларды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады
Алайда, осы уақыт ішінде негізінен тапсырушы тұлғалар сыйлықтарды сатып алудан бас тартуда. Сыйлықтар мемлекет кірісіне жекелеген негіздер бойынша түскен барлық мүліктер сияқты бағалаушымен бағаланып және электрондық аукцион арқылы сатылады.
Р. Сарсеев,
Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
Департаментінің бөлім басшысы.
—————————
