Құқық

БЕС ЖЫЛДАҒЫ БЕЛЕС

Адамзат тарихындағы тоқтаусыз даму процесі, технологияның жылдам дамуы, заман ағымының алға жылжуы – жаңа заңдардың дүниеге келіп, тәжірибеге енуіне себеп болады. Сот саласындағы сондай жаңа жүйенің бірі – әкімшілік әділет институты.  

Әкімшілік әділет дегеніміз не? Алдымен осы сауалға аздап түсінік беріп өтейік. Бұл бір жағынан азамат немесе ұйым, екінші жағынан мемлекеттік басқару органы арасындағы жариялы-құқықтық дауларды шешудің ерекше процестік тәртібі. Яғни, сот ісін жүргізу арқылы билік тарапынан бұзушылықтар мен теріс пайдаланулардан адам құқықтарын қорғаудың сот механизмі. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында әкімшілік әділет институтын енгізу қажеттілігін ерекше атап өтсе, 2020 жылғы 29 маусымда Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекске (ӘРПК) қол қойды. Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуына орай Түркістан облыстық сотының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде дөңгелек үстел өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров, облыстық соттың төрағасы А.Сұлтанов, облыс прокуроры М.Тілеубердиев, сот алқасының, әкімшілік сотының судьялары және Түркістан облысының құқық қорғау органдары басшылары, адвокаттар мен облыс деңгейіндегі департамент басшылары, Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық сотының төрағасы А.Е.Сұлтанов ашып, өз баяндамасында Әкімшілік әділет — бұл азаматтардың жария-құқықтық даулардағы құқықтарын қорғауға бағытталған әділ жүйені қалыптастыру жолындағы заңгерлердің, судьялардың және мемлекеттің көпжылдық еңбегінің нәтижесі екеніне тоқталды.

– Отандық заңнаманың қалыптасуы мен дамуының бастапқы жылдарында кеңестік тәсіл басым болды, әкімшілік актілер жүйеленбеген еді, сондықтан мемлекеттік органдардың әрекеттеріне сот бақылауын жүргізу мәселелері тиісті деңгейде реттелмеді. Соның салдарынан әкімшілік даулар ұзақ уақыт бойы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралып, жария-құқықтық қатынастардың ерекшелігін және тараптардың іс жүзіндегі теңсіздігін толық ескеруге мүмкіндік бермеді. Кейін ұлттық заңнаманы қайта пайымдау кезеңі басталып, 2000 жылғы 27 қарашада «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ол посткеңестік әкімшілік құқық түсінігінің аясынан шығуға жасалған алғашқы қадам еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтар мен мемлекеттік аппарат арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігін азайту мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділетті енгізуді тапсырды. Бұл жылдар Президентіміздің бастамашылығымен жүзеге асырылған Әкімшілік сот ісін жүргізудің дамуындағы шешуші кезеңі ретінде  еліміздің тарихына енді. 

Осы тапсырмадан кейін ғылыми қауымдастық, судьялар корпусы, депутаттар мен әділет органдарының қызметкерлері Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексті әзірлеуге кірісіп, 2020 жылғы 29 маусымда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Оның негізіне, ең алдымен әкімшілік сот өндірісінің үздік үлгілерінің бірі саналатын Германия және Латвия, Болгария, Нидерланд, Эстония және әкімшілік рәсімдер мен сот ісін біріктіретін ұқсас құрылымдағы заңнамасы бар өзге де мемлекеттердің тәжірибесі зерттеліп алынды. Сот ісін жүргізудің жаңа түрін іске қоспас бұрын судьялар корпусын кең ауқымды даярлау жұмыстары жүргізілді: жүздеген дәріс оқылып, Еуропада тағылымдамалар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар республика бойынша 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот, облыстық соттар мен Жоғарғы Сотта арнайы алқалар құрылды. Мұның барлығы өз нәтижесін беріп, ӘРПК-нің жоғары тиімділігін көрсетті. Жаңа соттарға ауысуға ниет білдірген 350 судья арнайы оқытудан өтті. Бұдан бөлек, әкімшілік соттардың 34 судьясы Германияның Висмар қаласындағы Шығыс институты базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл бағдарлама әкімшілік сот өндірісінің ерекшеліктерін тереңірек меңгеруге мүмкіндік ашты.

Кодексті енгізу мен әкімшілік соттар жүйесін қазіргі деңгейде қалыптастыру саяси ерік-жігерсіз мүмкін болмас еді. Себебі, бұл жоба ұзақ уақыт бойы мемлекеттік аппарат ішіндегі күмән мен қарсылыққа тап болды. 2021 жылғы 1 шілдеде әкімшілік соттар іске қосылғаннан бері Қазақстан судьялары азаматтардың мемлекеттік органдармен арасындағы дауларда олардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа сот төрелігі моделін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарды.

Реформаның тиімділігі бойынша статистикаға қарайтын болсақ ӘРПК енгізілгенге дейін азаматтар мемлекетпен болған даулардың небәрі 15 пайызында жеңіске жетсе, жаңа соттар жұмыс істей бастағаннан кейін бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін өсті. Қазақстандағы әкімшілік әділет жария-құқықтық салада заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі екенін дәлелдеді, – деді өз сөзінде облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов.

Іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев құттықтау лебіздерін білдірді.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі – осы стратегиялық бағыттағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Әсіресе, «тыңдалу құқығы» қағидатының енгізілуі қандай да бір шешім қабылданар алдында азаматтың пікірі ескеріліп, уәжі тыңдалып, мәселені жан-жақты қарау тәжірибесін қалыптастырды. Өткен бес жыл ішінде Кодекстің қабылдануына орай, мемлекеттік басқару жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Халық пен мемлекеттік орган арасындағы ашық диалог нығайды. Өтініштерді қарау сапасы артты. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі арта түсті. Әрине, бұл жетістіктердің артында судьялардың, заңгерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Сіздер заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осынау мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге абырой тілеймін! Әділдік туы желбіреген Тәуелсіз Қазақстанымыз заң үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің әлемдік озық үлгісіне айнала берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Маңызды жиында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев әкімшілік әділет жүйесінің құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі орнына назар аударды. Өткен бес жыл ішінде әкімшілік әділет өзінің тиімділігін дәлелдегенін, Қазақстандағы әділдік, заңдылық және құқықтық мәдениеттің берік іргетасына айналғанын, Әкімшілік әділет — бұл жай ғана құқықтық институт емес, ол қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтатын және заңның адам игілігі үшін нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін пәрменді тетік екенін нық сеніммен айтуға болатынын атап өтті. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құқықтық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне тоқталды.

Дөңгелек үстел соңында әкімшілік сот ісін жүргізу жүйесінің дамуына үлес қосқан тұлғалар Түркістан облыстық соты төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ш. Мекенбайұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *