Әлеумет

ӘМЕҢГЕРЛІККЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

Ата-бабалардан бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүрлердің қазіргі қоғамда ішінара сақталса да жария етіле бермейтін дәстүрлерінің бірі – әмеңгерлік. Яғни, күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса күйеуінің ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қағида ерте заманнан «әйел ерден кетсе де елден кетпейді» деген нақыл сөз ретінде қалыптасқан.

Әлеуметтік желіде әлдекімдер күйеуі жоқ келіншектерге «басқа байға тимеңдер» деп басынып сөйлейтінін байқаймыз. Оның да өз себептері баршылық. Өгей әкенің озбырлығы, арсыздығы, азғындығы қоғамда ашықтан-ашық жария болған сайын елдің ашу-ызасы туындайтыны заңдылық.

Біздің осы дәстүрді қаузағандағы көз жеткізгеніміз, ата-бабаларымыздың елдің ішін шашау шығармай, дала заңын дәстүр арқылы дамыта білгендігі. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың наурыз айында «Дәстүрге берік отбасы», «Бала асырап алу, әмеңгерлік» тақырыптарында іс-шара өткен болатын. Осы шарада әмеңгерлік дәстүрін жаңғыртқан Мүсіреповтер отбасы қонақ болды. Марқұм ағасының жоқтығын білдірмей, оның артынан қалған ұрпаққа ие болып, әмеңгерлікке жеңгесін алған Сәбит есімді азамат сырымен бөлісті. Бүгінде Сәбит пен әмеңгері Гүлжазира жеті перзент өсіріп отырған үлгілі отбасы. Бауырларын жетімсіретпей асырап отырған Сәбиттің азаматтығына сүйсінген көпшілік өздерінің ізгі ниет, батасын берді. Жаутаңдаған жетімдер санының азайғанына қуанды.

Әмеңгерлік мәселесі ертеде ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған. Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін. Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін. Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал. Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген. Бүгінгі жастар әмеңгерлік салтына көнбейтіні белгілі, бірақ, оның тиімділігін де елеп, ескеру керек-ақ.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Ауылыңызда әмеңгерлік салтымен әулетін сақтаған жандар бар ма?

Ақмарал Леубаева,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми қызметкері,

Шымкент қаласы.

——————————

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *