Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қолға алынып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің құрылысы мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында атқарылған жұмыстар сарапталды.
Білім беру нысандарының бүгінгі күн талабына сай, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, сәулетті болуы керектігіне айрықша тоқталған мегаполис басшысы сала мамандарына жобаны жүзеге асыруда іске жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Бұл орайда мүмкіндігінше жергілікті тауар өндірушілерді жобаны жүзеге асыруға асталысуына мән беру керектігіне тоқталған қала басшысы «Жайлы мектептің» шындығында да жайлы болуы маңызды екенін атап өтті. Жалпы, Шымкенттегі барлық мектеп ғимараттары, ондағы жиһаздар балаларға жайлы, қауіпсіз және оқушылардың білім алу қажеттілігіне сай болуын қадағалауды жауаптыларға ескертті. Қала әкімі білім саласына қажетті маман таңдауда байыпты болуды, бос орындарға конкурс өткізу кезінде білікті кадрларды тарту қажеттігін, комиссия мүшелері осыған баса назар аударуды тапсырды.
Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек мегаполисте республикалық «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қала әкімінің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысы міндеттеген жобаларды сапалы жүзеге асыру қолға алынған. Шымкентте жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Қазіргі таңда акция аясында Қошқар ата өзенінің жағалауы, балалар темір жолы, магистральдық көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, абаттандырылып жатыр. Апта сайын әр ауданда сенбілік өткізіліп, тазалыққа қала тұрғындары, еріктілер мен белсенділер атсалысуда. Сондай-ақ, биыл бес аудандағы 20 көше көгалдандырылып, абаттандыру жұмысы жүргізіледі.
Жалпы ауданы 376 мың шаршы метр көшелерді көгалдандыру жоспарлануда. Оның ішінде 7 мың қылқан жапырақты, 40 мың жапырақты ағаш отырғызылады. 46 ұңғыма бұрғыланып, автоматты суару жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр.
Қала басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы қалада тек тазалықты ғана емес, қоғамдық тәртіпті де сақтау маңызды екенін атап өтті.