Әлеумет

Құрбан айт құрбан шалумен шектелмейді

       Ол – ағайын арасын жақындата түсетін күн

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Жыл сайын Құрбан айт мерекесі қарсаңында ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылман қауымын ұлық мейрамдарымен құттықтап, айттың маңызына мән береді. Біз осы мейрам қарсаңында Бас мүфтидің насихатынан қысқаша үзінді бергенді жөн көрдік.

Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар.

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес…» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.

Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», – деп жауап береді. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен. 

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) жарайды. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа жарайтындығы жайлы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) және сахабалардан (р.а.) жеткен хабар жоқ. Құрбандыққа жарайтын малдың сипаты жайлы Бара бин Азиб (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) біздің арамызда тұрып: «Төрт нәрсе құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мәлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал», – деген екен.

Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *