Ж.ШАНИН ТЕАТРЫНА – 95 ЖЫЛ
Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі өтуде. Өнер мерекесіне Қырғыз, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжанның театр ұжымдары қатысуда. Фестивальдің салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, шығармашылық ұжымға жылы лебізін жеткізді.
– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» – деп атап көрсеткеніндей, 95 жылдық тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін,- деді қала әкімі.
Өнерпаздар классикалық және заманауи қазақ драматургиясының үздік шығармаларын ұсынып, ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді. Театр сахнасынан майталман өнер өкілдері қанат қақты. Қазір мұнда 88 адам жұмыс істейді. Өнер саласында қажырлы еңбек еткен үздіктер Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен марапатталды.