«Тұранда» қайталанып жатыр ма?
Жалпы, науқаншылдық дегеннің көбінше жалған ұран, уақытша белсенділік, көзбояу әрекеттермен астасып жататыны бар. Айталық, осыдан 8-9 жыл бұрын Шымкентте сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен еліміздегі тұңғыш, теңдесі жоқ деп айдар тағылған «Шатқал» атты бағдарлама іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты керемет: қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру. Алайда, дабырамен басталған шаруа дақпыртпен аяқталды. Басында белсеніп, білек сыбанып кіріскен лауазымды тұлғалар уәделерін орындамақ тұрмақ, қайта айналып ат ізін де салмай кетті. Қондырылған мыңдаған көшеттер қурады, суландыру жүйесі қараусыз қалып, істен шықты. Қазынадан қаралған қаншама қаражат желге ұшты.
Еске түсірер болсақ, «Шатқал» бағдарламасы аясында салынатын қала аумағындағы 14 шатқалдың көлемі 226 гектарды құрайтын болған. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы, екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысуы, үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Осы мақсатта ортақ қазынадан қыруар қаражат та бөлінді. Бұған сол кездегі облыстық мәслихаттың белсенді депутаттары да барынша қолдау білдіріп, тіпті, әр шатқалдың жауапкершілігін өзара бөлісіп те алған болатын. Бірақ, науқаншыл әрекеттің басталғанынан аяқталуы жылдам болды.
«Шатқал» бағдарламасы аясында 47 шатқал іске асқанда Шымкентте жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Саябаққа келушілер ашық аспан астындағы амфитеатрларда ұйымдастырылған түрлі мәдени кештерді тамашалайды. Одан бөлек, балалар алаңшасы, шахмат пен дойбы алаңы, веложолдар мен спорттық жаттығуға арналған орын мен полиция бөлімшесі салынып, ел игілігіне беріледі». Осындай үлкен пафоспен айтылған әңгіме түрлі республикалық, жергілікті БАҚ-тарда таралып жатты. Уәде етілген мәдени кештер мен жұртшылықтың жаппай серуені қиял күйінде қалып қойды. Ертегі ерте аяқталды.
«Шатқал» шала ғана емес, заңсыздыққа толы бағдарлама болып шықты. Парламент Мәжілісінде өткір мәлімдемелерімен нағыз халық қалаулысына айналған, жер қатынастары мәселесімен жіті айналысқан белгілі заңгер Бақытжан Базарбек «Шатқалдың» шикіліктерін «су бетіне» шығарып берді. «Жерге тиісті құқықты алмай, бастапқы материалдарсыз және тиісті рұқсаттарсыз, жобалау-сметалық құжаттамасыз һәм сараптамасыз коммуналдық кәсіпорындар тік дренаждың 17 жерасты ұңғымасын бұрғылап, 4 трансформатор орнатқан. Тамшылатып суару үшін 41,7 шақырым су құбыры салынып, 16,4 шақырым қоршау орнатылған. Суару үшін 17 ұңғыма бұрғыланып, 41,74 шақырым суаратын су құбыры салынған. Электрмен жабдықтау үшін 4 КТП орнатылып, 2,6 гектар жасыл көгал жабдықталған. Жоғарыда аталған инженерлік құрылыстардың бір бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі көршілес тұрған жер учаскелерінде орналасқан. Осының бәріне саябақ салынуға деп бөлінген мемлекеттің қаржысы жұмсалған. 2017 жылы шатқалдардағы саябақтарды жайластыруға облыстық бюджеттен 489 млн, 2018 жылы 436 млн және 79 мың көшетті суаруға, өңдеуге және күтуге 315 млн теңге бөлінген. Сонда жалпы жұмсалған қаржы 1 млрд теңгеден асып түседі. Демек, осыншама қаржы суға сіңді деген сөз», – дейді Бақытжан Базарбек ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Иә, әп-әдемі басталған шаруаның соңы осылайша заңсыздыққа, халықтың салығынан жиналған қаражаттың желге ұшуына ұласты. Мұның барлығын неге қайта еске түсіріп отырмыз? Өкініштісі, мұндай келеңсіздіктер қазір де жалғасын тауып отырған секілді. Мәселен, «Тұран» шағынауданында көшелердің қос қапталына қондырылған көшеттер қараусыз қалудың салдарынан көпшілігі қурап жатыр. Нақты дерек айтсақ, Ә.Қашаубаев көшесінің бойына отырғызылған көшеттер шетінен қурап, бүгінде кесіп алынуда. Суғару жүйесінің де істен шыққан тұстары көп. Ал егілген газондардың орнына тікен шөптер қаулап өсіп тұр. Жуырда осы мәселені әлеуметтік желіде көтергенімізде жайлы ортаны дамыту және энергетика басқармаларынан кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде шара көрілетінін хабарлаған болатын. Рас, артынша газондарға тасымал су құйылып, қимыл-қозғалыс басталғандай болған. Бірақ, тағы да халықты уақытша алдандыру әрекеттері орын алған секілді, әзірге ешқандай нәтиже болмай тұр.
«Тұран» жаңа шағынаудан есептеледі. Сол үшін онда көгалдандыру, жасыл қалқанмен, яғни жасыл желекпен қоршау өте қажет. Шымкенттің жазы өте ыстық, көйлеңке болатын дарақтарды ертерек жетілдірудің жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор. Ал, әжептәуір басталған шаруаның соңы сиырқұйымшақтана берсе, көшеттер қашан көктеп, қашан саяға айналады?
«Тұран» шағынауданында бұдан бөлек кәріз жүйесіне, аяқжолдарға қатысты және басқа да мәселелер баршылық. Ол енді өз алдына бөлек тақырып.
Ш. Мекенбайұлы.
