Мәселе

АҚПАРАТТЫ ЖАСЫРУ АПАТҚА СЕБЕП БОЛМАЙ МА?

Шілденің аптап ыстығы күшіне мініп тұрған күндері әлеуметтік желілерде «Шымкентте көшедегі термометрлер 60 градустан асатын ыстықты көрсетті», «66 градусқа дейінгі температураны көрсетті» деп айтқандар да, жазғандар да аз болған жоқ. Аптап ыстықтан әбден әбіржігеніміз рас. Бұл жұртты алаңдатқан негізгі тақырып болды.

Неге нақты жауап бермейді?

Ал «күннің ыстығы 60, 66 градусқа дейін көтерілгені» қаншалықты шындыққа жанасады? Мұндай болуы мүмкін бе? Бұған қатысты мамандар не дейді? Жұртшылық аптап ыстық күндерде білуі тиіс қандай сақтық шаралары бар? Осы сауалдарға жауап алу, қала тұрғындарына жағдайды түсіндіру, маман кеңесін жеткізу мақсатында «Қазгидрометтің» жергілікті филиалына хабарласқан едік. «Уатсап» желісі арқылы жазып жіберген нақты сұрақтарымызды оқығанымен бірнеше күн бойы тырс еткен жауап болмады. Қарапайым ғана сұраққа жауап таппады ма, жауап бергісі келмеді ме, әлде ақпараты жасырғысы келді ме – ол жағы енді өздеріне белгілі.

Егер ауа қызуы осылайша тым жоғары көтеріліп кеткен болса, әрине, ол адамдарға аса жайсыз тиетіні сөзсіз. Шілденің аса ыстық күндерінде  жедел жәрдемге жүгінушілер қатары артатынын былтыр қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Гүлнар Құрманбекованың өзі айтқан болатын. Биылғы ахуалды білмек оймен тағы жедел жәрдемнің басшысына хабарластық. Өзінен жауап болмады, орынбасарынан: «Гульнара Мамытовна жиналыста» деген жауап келді. Күннің аптап ыстығында жедел жәрдемге жүгінушілер қатары артып отырған жоқ па екен, соны білмек мақсатта хабарласып отырғанымызды айттық. Біраздан соң: «Бізде бәрі дұрыс» деген жауап алдық.

Әрине, бәрі дұрыс болғаны жақсы. Дегенмен қынжылтатын жайлар бар. Дәл осындай қиын сәттерде тиісті мекемелердің басшысына немесе бөлім басшыларына, баспасөз қызметіне хабарласа қалсаңыз, оңайшылықпен жауап ала алмайсыз. Көбіне үнсіз қалады немесе бір-біріне сілтеп шаршатады, кейде нақты сұраққа «бас десе, құлақ дегендей» мардымсыз жауап береді. Қайта-қайта телефон шала беруге уақыт та тығыз. Шындығына келгенде, әділін айтқанда олар ақпарат құралдарының өкілдері хабарласпай-ақ, өздері жұртқа ақпараттарды жиі ұсынып, түсінік беруі, жанашырлықпен сақтық шараларын еске салып отыруы керек қой. Ал арнайы сұралып жатса, жылдамдатып жауап бергендері дұрыс. Бұл олардың өздерінің жұмыстарын жеңілдетпесе, ауырлатпайтыны анық.

Сол күндері «Қазгидромет» республикалық ауа райын болжау орталығы әсіресе оңтүстік және батыс аумақтарда 40-46 градус ыстық температураның біразға дейін сақталатынын ресми хабарлап жатты.

Қаладағы ахуалды білмек болып денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда Лаура Мамырова қарындасымыз: «Жедел жәрдемде «ыстық күн», «андай-мындай» дегендей шақыртулар жоқ, ауруханаға ыстық күнде түскендер жоқ. Біз ақпаратты профилактика тұрғысында ғана бере аламыз», — деді. Дегенмен ол да «профилактика тұрғысында бере алатындарын» жолдамады. Қолы тимей кеткен шығар, мүмкін.

Шымкентте «бәрі жақсы»,
ал төңірегінде…

Бұдан кейін біз Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясына хабарластық. «Ауа температурасының аномальді жоғарылауы кезінде медициналық көмекке жүгіну саны артқан жоқ па? Жалпы, жазғы маусым басталғалы ыстық ауа райының салдарынан қанша көмекке жүгінушілер тіркелді?» деген сауал қойдық. Көп ұзамай аталған станцияның сарапшы дәрігері Фурхат Ташметовтен төмендегідей мәтінде жауап келді:

«Иә, күн райы аса ысыған кезеңде медициналық көмекке жүгінудің саны артқаны байқалды. Атап айтқанда, азаматтар денсаулығының нашарлауына, артериялық қысымның жоғарылауына, жүрек-қантамыр және басқа да созылмалы ауруларының асқынуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының жедел деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1-16 шілде аралығында «103» қызметіне 38 426 шақырту тіркелген. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде 36 975 шақырту тіркелген. Осылайша, шақыртулар саны 1451-ге, яғни 3,9 пайызға артқан.

Жалпы, жаз басталғалы бері облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында жоғары температураның әсерінен болған жағдайларға, оның ішінде ыстық өтуі, күн өтуі, жүрек-қантамыр және басқа да созылмалы аурулардың асқынуына байланысты азаматтардың жүгінулері тіркелуде.

1 маусымнан 16 шілдеге дейін жедел медициналық жәрдем қызметіне ыстық өтуі және күн өтуіне байланысты 18 жүгіну тіркелген. Ыстық кезеңде азаматтардың медициналық көмекке жүгінуінің негізгі себептері ыстық өтуі, күн өтуі, сондай-ақ созылмалы аурулардың асқынуы болып табылады. Ауа температурасы аномальды жоғарылаған кезеңде жоғары температураның әсерінен созылмалы аурулары асқынуы мүмкін ересек және егде жастағы адамдар халықтың неғұрлым осал санатына жатады. Созылмалы ауруларға байланысты жүгінулердің ең көп саны 51-60,  61-70 және 71-80 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелді».

Міне, мұны жұртқа айтары бар, пайдасы тиетін жауап деуге болады. Нақты сұраққа — нақты жауап. Маман әдебі, қызметтік жауапкершілік. Адамдар алдындағы адамгершілік. Біреулер нақты сұраққа қалай жауап берерін білмейді немесе ешқандай да себепсіз, еш ұялып-қысылмай-ақ жауап бермей қоя салады. Енді біреулер уақыт бөліп, деректерді салыстырып, тұщымды жауап беруге тырысады. «Бес саусақтың бірдей еместігі», «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейтіні» осындайда еске түседі. Бірақ, маманның салғырттығы, жауапсыздығы қиналған біреудің өміріне қауіп төндіретінін ұмытпағанымыз жөн-ау. Ақпаратты жасырудың соңы  апатқа ұласуы әбден мүмкін.

«Батыста ғана сақталады…»

Ал алдағы ауа райына қатысты болжам не дейді? Негізі 21 шілдеден күн райы аздап құбылып, ыстықтың беті қайтты. «Қазгидромет» болжамы бойынша 24 шілдеге дейінгі аралықта осындай болмақ. Елдің көп бөлігінде атмосфералық фронтальді бөліктердің өтуімен жаңбыр жаууы, жел күшеюі мүмкін екені айтылды. «Ылғал түсуіне орай ыстық аздап басылады. Күндіз солтүстік пен солтүстік-батыста +20 +30 градус, елдің орталығы мен шығысында +22+35 градус, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аумақтарында +27+35 градус ыстық болады. Тек батыста ғана +30+42 градус аралығындағы ыстық сақталады» дейді республикалық ауа райын болжау орталығы.

«Қазгидромет» өзінің шілде айына жасаған алдын-ала болжамында Оңтүстікте үшінші онкүндіктің екінші жартысында ауа қызуының аздап төмендейтінін, +29+34 шамасында болатынын айтқан еді. Дегенмен шілденің аты – шілде, оның алдағы 5 тамызға дейін созылатыны белгілі. Соған дейін тағы да 40 градустан асатын ыстықтар келіп қалмаса, аса әбіржімейтін шығармыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *