Демалыс күндерінде ауыл жаққа барып қайттық. Созақ ауданының шекарасы басталғаннан кейінгі жол бойында әр жерде шашырай өскен көк гүлді шөптер назар аударды. Шашыратқы болса керек. Кейде бақша ішінде де өсе беретін осы шашыратқы шөбінің шипасын көрген кездер еске түсті.
Бала кезімізде үлкендердің «шілдеде ашық жерде көп жүрме, ыстық өтіп кетеді» дегеніне қарамай, қара жолдың май топырағын жалаң аяқпен борпылдата кешіп, ауылдан біршама жырақтағы Шиліөзенге баратынбыз. Ол кезде қыстың күнінде болмаса, жазда көбіне жалаңбас жүреміз, кейде газеттен қалпақ істеп киіп аламыз. Аңызақ самал ол шәпкемізді жұлмалап, ұшырып кетеді. Сондықтан мұндай бас киім жасап киюге де онша құлқымыз бола бермейді. Өзенге барып шомыламыз, балық аулап қызықтаймыз, тастақсағыз тереміз. Тастақсағыз деген – өзеннің кепкен аңғарына, соған жақын құмдауыт, тастақты жерлерге өсетін шөп. Соның тамырын алып, жуып-тазалап, шайнаймыз. Алғашында ащы болғанымен кейін дәмі өзгеріп, қоңырқай түсті, ірімейтін, иісі жағымды сағызға айналып шыға келеді.
Күнұзаққа дала төсінде осындай тірліктерге қызығып, алданып жүріп ыстыққа ұрынатынымыз болады. Бірде менің де күн өтіп ауырғаным бар. Денем қызып, басым солқылдай ауырып, тамаққа тәбетім тартпай, әл-дәрменім болмай, әбден мазам кеткен. Сонда анам мені осы шашыратқының суына шомылдырып, сырқаттан айықтырып алған еді.
Бұл халықтық емнің рецепті мынадай екен: таңертең, күн шықпай тұрып даладан шашыратқы шөбін жинап алады. Сосын оны ішіне су құйылған бір кастрюльге, шелекке немесе басқадай ыдыстың біріне салып, отта қайнатады. Оны бір тәулікке суытып қояды. Сосын тағы да күн көтерілмей тұрып қайнатылған суға араластырып, баланың бүкіл денесінде су тимеген жер қалдырмай шомылдырады. Үйде ванна болса, суды соған құйып шомылдыруға да болады. Бес-он минут шомылдырса, жетеді. Сүлгіге сүртінудің қажеті жоқ, бірден киімін кигізеді. Яғни сырқаттың денесі өздігінен кепкені дұрыс.
Мұндайда сырқатқа ауыр тамақ бермеген жөн. «Ыстығын алады» деп мұздай су ішкізіп, мұздай дарбыз жегізген де дұрыс болмайды. Науат салынған немесе бал қосылған шай беру керек. Өйткені науқастың дене қызуы бар, ішкі температурасы да әзірге қалпына келе қоймаған. Бұл кезде сырқатқа тым мұздай емес шалап, аздап айран ішкізуге болады. Айранды шамалап денеге жағатындар да бар, ол ыстығын алады екен. Ал шашыратқы суының әсерімен дене қызуы біртіндеп басылады. Көтеріліп кеткен қызу қайтқасын бастың солқылдап ауыруы, жүрек лоблып, бас айналуы да басылады, шайға, тамаққа тәбет ашылады. Ұйқы қалыпқа келеді. Сол кезде науқасқа сорпа жасап берсе, рахат. Адам борша-борша боп терлеп, денесі жеңілдеп, қуаттанады, сөйтіп ағза ауруды жеңіп кетеді.
Міне, табиғатпен етене жақын боп өмір сүрген ата-бабаларымыздың халықтық емінің бірі – осы. Ешқандай да арнайы медициналық білімі болмаған, табиғаттың өзінен оқыған халықтың даналығына, зеректігіне, зерделілігіне таңқаласың әрі риза боласың. Осындай және осыған ұқсас емнің басқа да көптеген түрлері бүгінде ұмытылып кеткен, есте қалғанының өзі көп қолданыла бермейді. Сол жағы өкінішті.
