Әлеумет Басты жаңалықтар

Зейнетақы жарналарына қатысты өзгерісті қалай пайдалануға болады?

Міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын 100% инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) беру мүмкіндігіне қатысты заңнамалық өзгерістерді кімдер пайдалана алады? Беру үрдісі қалай жүзеге асырылады? Осы сауалдар жайында түсінік бере кеткенді жөн көрдік.

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100 пайызға дейін кеңейді. Мұны пайдалану үшін ендігі қадам қандай болмақ? Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізілімінен қажетті ИПБ-ны таңдауы қажет. Бұл туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға беру – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Одан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш беру қажет. Мұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтаруға қатысты өтініштерім» бөлімінен бақылауға болады.

ИПБ салымшыларға не ұсына алады? 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50 пайызына дейінгі бөлігін және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, ИПБ-ға аудару мүмкіндікке ие болды. Зейнетақы активтерін басқаруға қандай компанияларға рұқсат берілуі мүмкін? Оған Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізіліміне енгізілген компанияларға ғана рұқсат беріледі. Аталған агенттік ИПБ-ларға арнайы талаптар әзірлеген. Атап айтқанда, олардың инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда табысты жұмыс тәжірибесі, соңғы бірнеше жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің оң нәтижелері, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды өтеуге жеткілікті меншікті капиталы және т.б. болуы тиіс. Сонымен қатар, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуы, БЖЗҚ және кастодиан-банкпен үшжақты кастодиандық шарт жасасуы қажет.

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген. Олар: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. «Halyk Global Markets» АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда БЖЗҚ-ға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ бастамасымен шартты бұзу туралы хабарлады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды. Компания тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

Бизах Бекбердиев,

«БЖЗҚ»АҚ Шымкент қаласы филиалының бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *