Спорт

Мәреде — қос құрлықтың мықтылары: Испания – чемпион!

Сонымен, футболдан кезекті Әлем чемпионаты да өз мәресіне жетті. Ақтық бәсекеде Испания мен Аргентина құрама командалары кездесті. Финалда испандар 1:0 есебімен ұтты, сөйтіп Әлем чемпионы атанды.

Өз тілін ондаған елге сіңірген

Футболдан Испания мен Аргентинаның құрамалары — өз құрлықтарының беткеұстарлары. Испания – Еуропада, Аргентина Америкада мықты. Екі елде де жасөспірімдер футболына аса көңіл бөлінеді. Мықты ойыншының бәрі осындай командалардан шыңдалып шығады. Екі құрамада да футбол шахматтағыдай түбегейлі жеңіске құрылған стратегиямен жүреді.

Назар аударарлық бір қызығы — бұл қос команда да испантілдес. Жалпы алғанда, бұл екі ел туралы ерекше деректер көп. Бірқатарын айта кетейік.

Испания — Еуропаның ең таулы елдерінің бірі. Астанасы Мадридтің өзі таулы аумақта орналасқан. Жерорта теңізімен, Атлант мұхитымен шектеседі. Бүгінде оны жағажай туризмінің орталығы деуге болады. Яғни жұрт барып шомылып, демалатын жағажайлары өте көп, 8 мыңнан асады.

Испания бір кездері ежелгі Рим империясының құрамында, ал 711 –1492 жылдар аралығында Араб халифатының қол астында болды. Сондықтан да қолданыстарына көптеген итальян, араб сөздері еніп кеткен. Испандар өз алдына ел болып бірігіп, қалыптасқан соң империя құрды. Испан империясы 1490 жылдардан бастап гүлденді. Жиһанкездері Американы ашқасын жаңа материкті отарлауға күш салды.

Бұл ел өзінің дәстүрлерін сақтап қалған. Елдің ресми басшысы — король, ол – жүздеген жылдар бойы Еуропаның бірқатар елдерінде билік жүргізген Бурбондар әулетінен. Бүгінде елдің мемлекеттік құрылымы конституциялық монархия, Елбасы болып IV Филипп король тақта отыр.

Испанияның жер көлемі 506 мың шаршы шақырымдай. Онда 50 миллионнан астам адам тұрады. Қазіргі қызанақ, жүгері, картоп, какао сияқты бүкіл әлем жұртшылығының күнделікті тұтынысындағы азықтар бізге Еуропа арқылы сол испандардан келген. Испандар оларды Оңтүстік Америкадан Еуропаға жеткізген. Испандардың ерекшелігі — олардың аты-жөнінде әкесімен қоса шешесінің де фамилиясы қамтылады. Яғни әкесінің фамилиясы Гонсалес-Сервантес, шешесінікі Перес-Фернандес болса, онда баланың аты, сосын Гонсалес-Перес деп фамилиясы жазылады.

Бұл елде футбол ең танымал ойын саналады, ұлттық деңгейде қолдауға ие. Футболдан Испания құрамасы 2010 жылы Әлем чемпионы, 1964, 2008, 2012, 2024  жылдары Еуропа чемпионы, 1992 жылы Олимпиада чемпионы болған. 1920, 2000 жылдары Олимпиаданың күміс жүлдесін ұтқан. Испан корольдік футбол федерациясы 1909 жылы құрылған. 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен Олимпиадада испан командасынан ұтылып қалған итальяндықтар оларды кекетіп, «Ла Фурия Росса» деп атапты. Яғни ежелгі Рим мифологиясындағы әйел-құдайдың, кек құдайының атымен атаған. Испан командасының қызуқандылығын меңзеп, шайпау, ашулы әйелге теңепті. «Фурия» деп француздар да ер мінезді, ашуына тигенді түтіп жіберетін әйелді атайды екен. Қысқасы, осыдан бір ғасыр бұрын итальян футболшыларының аузынан шыққан сөз бірте-бірте әбден тұрақталыпты, жағымды ұғымға, испан құрамасының лақап атауына айналған.

Жалпы, испан тілі таралымы жөнінен әлем тілдерінің қатарында екінші орын алады. Испан тілінде бүгінде кемінде 500 миллион адам сөйлейді. Ал Испанияның өзінде испанның қалыптасқан кастилья тілімен қоса галисия, баск тілдері де ресми тіл мәртебесіне ие.

Испания өз ағза мүшесін донорлыққа беретін адамдар саны бойынша дүние жүзінде бірінші орында тұр. 2024 жылдың өзінде ғана 2562 адамның қатысуымен 6464, былтыр 6300 трансплантация жасалған. Бұған қатысты барлық іс заңдастырылып, реттестірілген. Ағза беруді ақша үшін жасауға қатаң тыйым салынған, яғни ол тегін. Донорға қажетті жағдайлар, жеңілдіктер жасалады. Туыс адамдардың жақынына бүйрегін беру операциялары жиірек болып тұрады. Ал мәйіттерден жарамды жүрегі, өкпесі, бауыры, терісінің бөлігі, көздің қасаң қабығы, сүйек ұлпасы, жасушалары алынады. Дегенмен ағзаны жасырын сату-сатып алу болып тұрады. Интернет арқылы әсіресе балалар арасынан донор іздеуге болмайды. Заңды жағдайда, ата-анасының келісімімен кәмелет жасына толмаған балалар да донор бола алады.

Бұл елде, сондай-ақ, біржынысты неке де заңдастырылған. Жынысты өзгерту операциясынсыз-ақ еркекпен еркек, әйелмен әйел некеге тұра алады. Ондайларға бала асырап алуға да заң жүзінде рұқсат берілген.

Испания — Еуропаның ең жылы елдерінің бірі. Жері пайдалы қазбаларға бай. Дегенмен қазір ол ресурстар жағынан Солтүстік Африкаға тәуелді, көптеген шикізатты сол аумақтан алады. Мұнай мен газ аз, бұл шикізаттан алынатын көп өнімді өзге елдерден импорттайды. Негізінен аграрлы мемлекет. Туризм өте дамыған. Жылына кемінде 100 миллиондай адам оның табиғатын, тарихи мұрасын тамашалауға барады.

Аргентинада қазір – қыс

Испан отарлаушылары Аргентинаны 1535 жылдардан бастап өзіне бағындырған. Аргентинаның Испаниядан тәуелсіздік алғанына өткен 9 шілдеде тура 210 жыл толды.

Испандар бұл елге Африкадан құлдарды да апарған. Дегенмен, Аргентина негізінен ақнәсілді болып қалыптасты. Себебі оған Еуропадан қоныс аударғандар көп болды. Әсіресе XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында еуропалықтар көп қоныс аударды. Бұл елді мекендеген саны аз үндіс тайпалары отарлаушылармен соғыстарда көп шығынға ұшырады, ақырында өз жерінде тіптен аз болып қалды.

Бұл елдің қала құрылысы да негізінен еуропалық стильмен жүргізілген. Тілдік жағынан да испан тілі басымдық алды. Бүгінде әлемде 15-тен аса елде испан тілі ресми түрде мемлекеттік тіл саналады, одан басқа да бірнеше елде кеңінен қолданылады. Аргентина — осынша елдердің ішіндегі испантілді ең үлкен мемлекет, онда испан тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Аргентинада испан тілінің лунфардо, риоплат диалектілері жаппай қолданыста. Сондықтан жер-су, адам аттарының көбі испанша болып келеді. Тіпті Испаниядағы сияқты Кордова деген қала мұнда да бар. Сол себепті аргентиналықтар испандармен оңай түсініседі.

Аргентина жер көлемі жөнінен әлемде 8-ші орында тұр. Территориясы 2 миллион 780 мың шаршы шақырымнан асады. 50 миллионға жуық тұрғыны бар, оның 85 пайызынан астамы — ақ нәсілділер, 1,5 ғана пайыз үндістер. Қалғаны — метистер мен мулаттар, яғни аралас нәсіл өкілдері.

Бұл елде де футбол ұлттық деңгейде қолдау тапқан. Аргентина футбол қауымдастығы сонау 1893 жылы құрылған. Футбол — бұл елде саясатпен қатар көп айтылатын әңгіменің тақырыбы. Әйгілі аяқдоп шеберлері Диего Марадона мен Лионель Мессидің атын бүгінде әлем балалары біледі. 1978, 1986, 2022 жылдары футболдан Аргентина құрама командасы Әлем чемпионы болды. Ол Америка кубогын 15 мәрте, Панамерика кубогын 6 мәрте ұтқан. 1930, 1990, 2014 жылдары Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2004, 2008 жылдары Олимпиада чемпионы болған. Әлем жұртшылығы бұл команданы испан тілінен шыққан «ла альбиселесте», яғни «ақ-аспанкөктер» деп атайды. Атау елдің мемлекеттік туы мен команданың киім түсіне орай қалыптасқан. Кейде бұл елді ежелден мекендеген үндіс тайпасы гаучоның атымен «гаучос» деп те атайтыны бар.

Аргентина — минералды шикізатқа, темір кендеріне бай ел. Дегенмен геологиялық жағынан аз зерттелген. Уран қоры жөнінен әлемде алғашқы «ондыққа» кіреді. Табиғи газы, мұнайы да бар. Өзен-көлдері жеткілікті. Мал және егін шаруашылығы дамыған. Жалпы, жылдам дамып келе жатқан аграрлы-индустриялық елге жатады. Әлеуметтік-экономикалық жағынан алып қарағанда Оңтүстік Американың көп елдерінен алда тұр. Дегенмен кейінгі төрт-бес жылда бірнеше мәрте дефолтты басынан өткерді.

Мемлекет жері тропикалық, субтропикалық және қоңыржай белдеулерде шашыраңқы жатыр, сондықтан климаты әр-алуан болып келеді. Мысалы, ел астанасы Буэнос-Айрес негізінен Оңтүстік жарты шарға кіреді, онда өткен маусым айынан бері қыс мезгілі жүріп жатыр. Көбіне жаңбырлы, кей-кейде ғана аздаған аяз болып тұрады. Оның аптап ыстық, қапырық жазы желтоқсан айында басталып, ақпанға дейін созылады. Ауа температурасы шілде айында +10 градустың төңірегінде болады, қаңтар айында +20 градустан асады.

Бұл елде испан тілінен басқа жиі қолданылатын тілдер қатарына итальян, ағылшын, араб, неміс, каталон, сыған, албан, жапон және украин тілдері жатады. Яғни бұл елде әр кездері қоныс аударған аталған ұлттардың өкілдері баршылық, сондықтан өз орталарында ана тілдерін еркін қолдана алады.

Аргентинада да біржынысты неке заңдастырылған. Ондай отбасы мүшелерінің паспортында жынысы көрсетілмейді. Аргентинада жүрген басқа елдің туристері онда заңды түрде біржынысты некеге тұра алады.

…Сөз соңында жартылай финалға шыққан кейінгі екі команда жөнінде де қысқаша айта кетейік. Футболдан кезекті Әлем чемпионатының қола жүлдесіне Англия құрамасы ие болды. Ол Франция командасын 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Англия құрамасы 1966 жылғы Әлем чемпионы, Еуропа біріншілігінің 2020, 2024 жылдардағы күміс, 1968, 1996 жылдардағы қола жүлдегері. Ал Франция құрамасы — 1998, 2018 жылдардағы Әлем чемпионы. Ол 2006, 2022 жылдары Әлем чемпионатының күміс жүлдесін, 1958 және 1986 жылдары қола жүлдесін жеңіп алған. Еуропаның 1984, 2000 жылдардағы чемпионы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *