1917 жылдан бері ұланғайыр жер аумағында пролетариаттың сөзсіз үстемдігін (диктатурасын) орнату, советтік үкіметті құру істеріне кедергі ретінде белгіленген тарихи қарсылас – далалық пролетариат роліне белгіленген кедейлерді қанаушы тап деп көрсетілген байлар мен кулактарды біржола басу үрдісі жүрді. Бұл ғасырлар бойғы қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүрлі әлеуметтік-экономикалық және туысқандық-саяси байланысты үзу – большевиктердің негізгі мақсаты болатын. Өйткені, бұл аталған байланыстар келімсек билік иелері үшін алынбас қамалдай еді.
Далалықтардың өзі «қарға тамырлы» деп атап кеткен бұл байланыс ел шетіне жау келгенде жаппай атқа қону, жетімі мен жесірін жылатпау, тағы осы сынды сонау «Есімнің ескі», «Қасымның қасқа» жолдары, Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты заңдардың ХХ ғасырдың басында еміс-еміс көлеңкесі қалған сияқтанса да, біржола қанға сіңіп, айнымас-бұлжымас жүріп-тұру шарты мен әдетіне айналып кеткен дәстүрімен сырттан ендеп кіріп келе жатқан қазаққа қарсы күштердің өз мақсатына жетуіне аса бір үлкен кедергі еді. 1930 жылғы 2 ақпанда шығарылған ОГПУ-дың №44/21 «Кулакты тап ретінде жою» туралы бұйрығында «кулактардың қарсылығы біржола басылуы керек және басылады да», — деп өздерін осыған кәміл сендіруге тырысқан ат төбеліндей келімсек большевиктер өзінің жергілікті жердегі жақтастарының санын қазақ қоғамына жік сала отырып, молайтып алуға асқан белсенділікпен кірісті.
Бұйрықта «Кулактарды тап ретінде жоюды неғұрлым ұйымдастырылған түрде жүргізу және ауыл шаруашылығын социалистік түрге енгізу жолындағы қайта құру іс-шараларына кулактар жасайтын кез-келген қарсылықтарды бірден басып тастау үшін ең алдымен олардың неғұрлым бай және белсенді тобына тез арада, ес жиғызбай күйрете соққы жасалуы тиіс. Кулактардың қарсылығы біржола басылуы керек және басылады да», — деп анық көрсеткен. Және осы «тарихи міндетті» орындау партия және совет қызметкерлерінің аса қажырлы еңбегін қажет етеді. Сондықтан, орташалар мен кедейлердің неліктен қуғын-сүргінге ұшырағандығының себебін осы классификацияны негізге ала отырып қарастыруымыз қажет екендігіне назар аударғым келеді.
Сонымен, архивтік мәліметтерге сүйенер болсақ, Шымкент губерниясындағы Бадам, Қызылқұм, Қараспан, Талас, Мерке, Жаңа Қорған, Түлкібас, Шаян, Келес, Қаратас, Иіржар, Созақ және Түркістанаудандары бойыншаайыпталған және жер аударылған шаруашылықтар сипаты төмендегідей:
а) ірі мал (жылқы және сиыр) саны төрт жүзден асатын 29 көшпелі шаруашылық Қызылқұм және Созақ аудандарында орналасқан. Жиырма тоғыз байдың жиырма бесі ірі байлар, ал төртеуі орта байлар санатына кеңестік классификация негізінде бөлінген.
б) ірі мал (жылқы және сиыр) саны үш жүз болатын 43 жартылай көшпелі шаруашылық Талас, Мерке, Жаңа Қорған, Түлкібас, Шаян аудандарында орналасқан. Қырық үштің тек екеуі ғана орташа байлар, қалғандарының барлығы мал басының саны бойынша ірі байлар қатарына жатқызылған.
в) қолында 150 бас ірі малы барлар отырықшы аудандардың ірі байлары санатына енгізілген. Ондай шаруашылықтар көбіне Бадам, Келес, Қаратас, Иіржар және Түркістан аудандары жерлерінде орналасқан. Бес ауданнан небәрі 17 отбасының шаруашылығы байлар қатарына енгізілген, оның өзінде үш отбасылық шаруашылық орта шаруа екендігін көреміз.
Осы 90-ға жуық отбасының иелерінің өздері советтік тәркілеуге, ал отбасылары құқықсыздар қатарына түскен бұл отбасылардың әрі қарайғы тарихы туралы жергілікті архив қорларынан деректер табылған жоқ.
Жиынтығында тәркілеуге түскен байлар, ауыл ақсүйектерінің, орташалар және шаруалардың жалпы саны 90 отбасыға жақындағанын көреміз. Яғни, орта есеппен әр отбасыда 10 адам өмір сүрді деп қарастырсақ, бір мезетте шынайы қуғындауға түскен құрбандар саны мың адамға жуықтайды немесе асып түседі деп болжамдаймыз. Ал, шаруа санатын осы тәркілеуге түскендердің арасына қосуымыздың себебі: жоғарыдағы орташалар деп көрсетілгендер тәркілеуге түскен байлар – орташа, ал, орташалар – шаруалар болуы әбден мүмкін. Осындай болжам жасауымыздың себебі – бірыңғай ауылшаруашылық салығы (БАШС) деп аталатын салықтың әр жыл сайын мал басының тең жартысына жуығын алып қоятын ауыр салмағын көтеруден жергілікті халық басын алып қашып, мал басын кем көрсетеді деп есептеген большевиктік билік өз есептерінде осы көрсеткіштерді, керісінше, жоғарылатып көрсету фактілерін әртүрлі зерттеулер мен деректерден үнемі кездестіріп отырдық. Сөйтіп, тәркі талқысына орташалар мен ешқандай дүние-мүлкі жоқ кедейлер де түсіп кетіп отырған.
Табиғаттың дүлей күшіне бірлесе қарсы тұруға мәжбүр болатын патриархалды-демократиялық қазақ қоғамының ішкі байланысы байлар мен кедейлердің тікелей қарым-қатынас жасауы, олардың табиғаттан да басқа сыртқы жау күштерге бірлесе тойтарыс беруге даяр болатындығын қалыптастырып, дамытты. Большевиктер билік құрған жер аумағының еуропалық бөлігіне қарағанда ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының басты айырмашылығы да осында еді. Ғасырлар бойында уақыт пен табиғат, ішкі-сыртқы жаулармен күрес тезінде шыңдалған бұл берік қамалдау байланысты бұзып-жару үшін жергілікті кеңестік келімсек кадрлар амалсыздан өз заңдарын өздері бұзып, жалған мәліметтер негізінде жұмыс істеуге мәжбүр болғандай. Осындай жағдаятқа мына бір архивтік дерек те қосымша дәйек бола алады: «Ауылдардағы жартылай феодалдық элементтердің құдіреттілігінің негізінде олардың қолында жинақталған өндірістің материалдық құралдарында емес, олардың бай-бақуатты туысқандар мен ағайын-жекжаттардан ғана құралмайтын тұрғындармен аса тығыз қоғамдық байланысында, сонымен бірге өз бастығының мүддесін руаралық талас-тартыстарда, советтердің сайлауларында, жер дауларында, тұрмыстық саналуан дау-дамайларда қорғайтын атқамінерлерінің және саясатпен айналысатын агентурасының арасында мықты маманның болғандығында. Яғни, байларды тәркілеу кезінде ауылдағы осы жартылай феодалдық құдіреттіліктің саясатын жүргізетін неғұрлым зиянды топтың барлығын олардың байлығының бар-жоғына қарамастан әкімшілік жолмен жер аудару қажеттігіне назар аударып отырмыз», — деген архив құжатының мәтіні жауап бере алады.
Г.Жанысбекова,
Шымкент өңірлік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Тұлға дамыту және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты,
Ж.Әшим,
зерттеуші, тарих магистрі.