Әлеумет

Қызылша ауруының алдын алу

 Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Оның белгілері дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелердің пайда болуымен сипатталады. Қызылша – қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Инфекция ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқаспен байланыста болған кезде бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100% дерлік жұқтыруы мүмкін.  Инкубациялық 21 күнге дейін созылады. Инкубациялық кезеңнің 2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды,ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы) пен тістердің түбінде аузында ерекше бөртпе пайда болады. Балалардағы қызылшаның барлық белгілері аурудың динамикасында күшейеді: жөтел жиілейді, дене температурасы біртіндеп жоғарылайды және 40°белгісіне жетуі мүмкін. Бөртпелер бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады, бетке, мойын аймағына және кеудеге таралады. Екінші күні иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісі, үшіншісінде саусақтарды қоса, аяқтардың терісі бөртпемен жабылады, ал бет бозарады. Тері бөртпесінің пайда болуы аясында қызба мүмкіндігінше айқын болады, интоксикация белгілері, катаральды белгілер күшейеді.

Қызылшаның асқынуының ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Асқынулардың алдын алу мақсатында әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Қызылшадан ең тиімді қорғаныс – ВАКЦИНАЦИЯ!

Қызылшаға қарсы егу 12-15 айлық дені сау балаларға жүргізіледі. Вакцинаны қайта енгізу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен байланыста болған 30 (отыз) жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ немесе осы инфекцияға қарсы екінші профилактикалық егуі жоқ адамдарға науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей шұғыл вакцинация жүргізілуі тиіс.

Есіңізде болсын, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс!

А.Пернеева,

Қаратау ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *