Біле жүріңіз

 Жошы хан және оның ұлысы

Жошы ұлысының тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан қайта зерттеуді, зерделеуді қажет ететіндігі даусыз. Бұған дейін Алтын Орда тарихы кеңестік идеологияның шеңберінде ғана зерттеліп, бұрмаланып, біржақты ғана жазылды. Сондықтан қазіргі таңда Алтын Орда тарихын зерттеп, қайта жазу тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, Жошы әулеті Қазақстан аумағында 1224 жылдан 1860 жылдарға дейін 6 ғасыр бойы билік жүргізген. «Бұл — Қазақстан тарихы үшін маңызды кезең, мемлекеттілігіміздің «алтын ғасыры» болды» деген пікірін мемлекеттігіміздің құрылу тарихы 1465 жылдан 1224 жылға шегерілді деп қабылдаған жөн.

1223 жылы Шыңғыс хан Сыр бойында, Күлтөбеде құрылтай шақырып, үш үлкен мәселені қозғайды. Біріншісі — Ұлы қаған келесі жылы Батысқа жорыққа шығатыны жайында болды. Екіншісі — жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп беру туралы айтып, үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауының Еділ өзенінің төменгі саласына дейінгі жерді тапсырады. Үшінші үлкен мәселе – Шыңғыс хан қайтыс болған жағдайда империяның тағына ұлы Үгедей отыратынын хабарлайды.

 Ұлы ұлыстың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген.

Жужани 1260 жылы жазылған «Табанат-и-Насири» тарихнамасында «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді» дейді. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы моңғолдар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған: «Яғни, сол кездің өзінде мұсылмандықты қабылдап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен» деп жазады. Рашид ад-диннің Иранның «Алтын дафтарынан» алған мәліметі бойынша, Шыңғыс ханның өлер алдында 129 мың жауынгері болған. Оның көбі сол кезде сахарада ғұмыр кешіп жатқан керей, найман, қоңырат, меркіт, қыпшақ, қаңлы, жалайыр, татар, т.б. ержүрек түрік ұлдарынан еді.

Жошы ұлысы қанатының астына жиналған 20 миллионнан астам халықтың дені түркілер болды. Бату ханның кезінде 80 мың тұрақты қарулы қолы болған. Оның 90 пайызы қыпшақ-түркі тектестерден құралған. Шыңғысханның түркiлiк тегіне дәлел ретiнде 1956 жылы моңғол ғалымы А. Лубсандендыб тауып, оқыған руникалық жазбада «Чиниз каган алп каган эрмис», яғни, «Шыңғыс қаған ер қаған болды» деген сөздер түркi тiлiнде жазылған. Рашид ад-дин дерегі бойынша, сол тұстағы түркі ру-тайпалары өздерін билеуші тайпаның өкілі етіп көрсету мақсатында «татар» немесе «мұғул» сынды ортақ тайпа атымен аталуды «мәртебе, абырой» санайтын болған.

Қазіргі Моңғолия жерінде XIII ғасырға дейін түрік тілді Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Қырғыз, Татар тайпалары мекендеген. Бұл территорияның түркі тектес ұлыстардың неше мың жылдар бойы мекені болғанын жер-судың атауларынан да байқауға болады. Ұлытау маңындағы «Жошы ханның мазары» жайлы алғашқы хабар Бұхар билеушісі Абдаллахтың 1582 жылы Ұлытауға барған сапарына байланысты пайда болды. Ескерткішке 1946 жылы Ә.Х. Марғұланның басшылығында археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Жошы мазарынан ұлысқа қарасты 26 тайпаның таңбалары табылды. Ғалымдардың барлығы да осы 26 таңбаның түгелі бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін айтады.

Алтын Орда тағына Батудың немересі Мөңке Темір отырған 1266 жылдан бастап Орда Қарақорымдағы орталық Ұлы қаған әмірінен тыс, тәуелсіз жеке саясат жүргізе бастады. Шын мәнінде дәл осы 1266 жылы Шыңғыс хан құрған «түркі-моңғол» империясы құрамынан жеке дара «Алтын Орда» аталған жаңа түркі мемлекет бөлініп шықты.

 Тарихшы Жақсылық Сәбитов «Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар — ешқандай да мемлекеттің аттары емес, ол Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын «Алтын Орда» дескен. Ал жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы «Ақ Орда» аталған», — дейді.

Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бас сүйегін, қаңқасын зерттей келе ортағасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деген деректі Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады.

Кеңестік кезеңде кәсіби тарихшыларға белгілі бір дәрежеде арнайы бағыт-бағдар беріліп отырғандықтан, Алтын Орда тарихы біржақты, яғни кеңестік идеологияның шеңберінде ғана зерттелді. Ал біз әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде «моңғолдар», «моңғол әскері» деп жазып келеміз. Мысалы, Шыңғыс хан Қытайды басып алып, қалауынша билеп-төстеді. Сонда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік жүргізді екен деп, Қытайды «моңғол елі», «моңғолдар» деуге болмайтыны анық.

 «Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары да аяқталады. Бұл еңбекке 200-ден астам қазақстандық, 60-қа жуық шетелден маман жұмылдырылып, тыңғылықты атқарылып жатқан үлкен шаруа. Әлемдік тарихи үдерісте мемлекеттің тарихы өз елінің тарихи деректері негізінде жазылады, өзге елдердің деректері сыни тұрғыда қаралады, ал біздің елдің тарихы түрлі әлеуметтік-тарихи факторларға байланысты өзге елдің тарихи деректері негізінде жазылуда.

Серік Мамраймов,

т.ғ.к., Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан

педагогикалық университетінің доценті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *