Басты жаңалықтар Құқық

Түркістан облысында оқушы қыздарды кім зорлап жүр?!

Немесе Мектеп перзентханаға айналмасын десек…

Атам қазақ «тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді бекер айтпаған. Егер тәрбиенің маңызы болмаса: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – дегенді әл-Фараби бабамыз айтпас еді. Бірақ сол бабалардан келе жатқан өсиет бүгінде ұмыт қалып барады. Олай деп отырғанымыз соңғы кездері әлеуметтік желінің адам өміріне көптеп енуі тәрбиеге кері әсерін тигізуде. Телеарналарды айтпағанда, баланың қолындағы смартфоннан көретіні боқтып сөздер, ұрыс-төбелес, қатыгездік, ұрлық, зорлау секілді тағы басқа жағымсыз әрекеттер. Ал соған тиым салатын ата-ана сол балалардың қарны тоқ, киімі көп болу үшін таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп табыс табуымен айналысуда. Бұл өз кезегінде бала тәрбиесінің бақылаусыз қалуына себеп болып жатыр. Тәрбиеге бей-жай қараудың орны толмас салдары болатыны кейін сезілері анық. Дейтұрғанмен, қазірден бастап өкініш өзегін өртеп, әттегенайлап жүргендер жоқ емес.

Бұрын әке мен шеше жұмысқа шыққанымен бала ата мен әженің тәрбиесінде болатын. Қараусыз қалмайтын. Үлкендер балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіретін. Тиым сөздерді үйрететін. Ең бастысы «Ұят болады», «Олай жасауға болмайды» дегенді баланың санасына құйып өсіретін. Бүгінде сол дәстүір әдірем қалып барады.

Көпке топырақ шашқымыз жоқ. Бірақ қазір де таңертең малға немесе егінге кеткеннен жатар орынға бір-ақ оралатын ата-аналар бар. Бала мектепке барды ма, сабағын дайындады ма, қарны тоқ па олардың онымен жұмысы жоқ. Ең бастысы тоңазытқышта баланың жейтін тамағы болса жеткілікті деп есептейді.  Бұдан кейін бақылаусыз қалған баланың білгенін істейтіні анық емес пе? Бір сөзбен айтқанда ата-ана бала тәрбиесін бақылаудан шығарап алғандай.

Енді нақты дәлел-дәйектерге жүгінер болсақ, соңғы бір жылдың өзінде Түркістан облысындағы мектептерде бірнеше ертежүктілік фактісі тіркелген. Бұл біз білетін жаға ұстатарлығы ғана. Қаншамасы жұртшылық назарынан тыс қалып жатыр.

Мұндайда «мыңның арасында бірлі-жарым ертежүктілік болып тұрады» дейтіндер болуы мүмкін. Бірақ олар кейбіреулердің адамдық деңгейден өтіп, айуандық дәрежеге жеткенін біле ме екен? Әрине көшедегі біреуге қатысты қателесу, жастық, түсінбестік, көрсеқызарлық болар. Дейтұрғанмен мұның өзі ақталуға жатпайды. Ал енді өз қандасына, бауырына «барып», төсегіне кіру деген ешбір ақылға симайтын нәрсе екені анық.

Жылдың басында Келес ауданында жоғары сынып оқушысы өзінен 1,2 жас кіші қарындасын жүкті қылып қойғанын естіген адамдар жағасын ұстады. Бірақ кімге, қандай шара көрілді, бұл жағы еш айтылмады. Мүмкін мектепте бірнеше адам тәртіптік шара алған болар. Ата-анаға шара көрудің орнына, оған аяушылық танытып, қорғағандар кездесті. Ел жаман әдеттің жұққыш екенін біледі. Соған сай кез келген жаман әдетке уақытында шектеу мен тоқтам болмаса ол кейін етек жайып, көбейіп кетуі мүмкін. Келестегі жағдайға шара көрілмеп еді, ол Жетісай ауданында қайталанды. Бұл жолы әкесінің інісі қарындасын «бүлдіріп» Кореяға жұмыс істеуге кеткен. Яғни қашып кетті деуге болады. Ал «мектепте жүріп туып қалған» қыздың тағдыры не болды? Бұл жерде де ағайындар араласып, істі жапты. Осындайда полиция, заң қайда қарайды деген сұрақ туындайды.

Оқушы зорланып, жүкті болып жатқанда, неге бұл мәселе ағайындық жолмен шешімін табуы керек? Бұл қылмысты жасыру емес пе? Мейлі полиция іс қозғамады, прокуратура неге «көрмес түйені де көрмес» дегеннің керін келтіріп, білмеген болып отыра береді. Әлде бүкіл аудан есітіп, шулаған жәйтті полиция мен прокуратураның білмеу мүмкін бе?

Осылай Жетісайдағы жағдай да назардан тыс қалды. Мұны жастар білгенін істеуге бола береді екен деп түсінсе керек. Жуырда Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында тағы да жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Бұл жолы 9 сыныптың оқушысын өзінің туған ағасы зорлап қойған.

Ол іштегі бала 7 айлық болғанда байқалып, бүкіл мектеп басшылары жазаланды. Тіпті директор жұмыстан қуылды. Ал ата-ана назардан тыс қалды. Олар әрі кетсе 80 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді екен.

Байқап отырсаңыз соңғы кездері мұндай жағдай тым көбейіп кетті. Бірақ жауапкершілікке тартылып жатқан бала немесе ата-ана жоқ. Не болды деп тексеріп жатқан полицияның әрекеті тағы байқалмайды. Заңдылықтың орындалуын қағалайтын прокуратурада үнсіз.

Сондықтан біз Шымкент қаласындағы білікті адовокат Мұрат Жолшиевке хабарласып, мұндай жағдайда не істеу керектігін сұрадық.

«Қыз 16 жасқа толса, өз арызы керек болады. Ал оған жетпесе, яғни балиғат жасына толмаса ешқандай арызсыз полиция қылмыстық іс қозғауға міндетті. Біз шариғат заңдарына сүйенетін елде емес, дамыған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті заң үстемдік құруы керек», – дегенді айтты. Бұл мәселеген қатысты Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева: «Ата-ана жауапкершілігін арттырмай, мұндай келеңіздіктің алдын алу қиын. Неге ұстаз баланың үйдегі әрекетіне жауап беру керек? Ия біз білім береміз, тәртіп, тәрбие туралы айтамыз. Бірақ негізгі тәрбиені үйде ата-ана беру керек», – деген пікір білдірді.

Расында, бала мұғалімнің бақылауында 5-6 сағат қана болып, басқа уақытта үйінде жүреді. Сол себепті бұл жерде бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін де арттыру керек секілді. Әйтпесе ертежүктілік былай қалып, ағаның қарындасқа «артылуы» көбейе бермек. Ал мұндайға кейбір жан-жануарлардың бармайтынын ескерсек, соңғы кездері адамдар айуан істемейтін әрекеттерге барып жатқаны қоғамды ойландыруы керек.

Бұл мәселенің алдын алмаса, мектеп партасынан тікелей перзентханаға аттанатындардың көбиетіні анық. Егер ертең мектеп перзентханаға айналмасын десек, бүгіннен бастап ойланған дұрыс.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *