Немесе Еділов шынымен сатқын болған ба?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы жария етілісімен құрылған 11 өңірлік комиссия бүгінде тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру үшін кезең-кезеңімен жүзеге асатын жүйелі жұмысты жандандыруда. Түрлі себептермен құпия түрде сақталып келген құрбандар туралы мәліметтерге де саяси сараптамалар жасалып жатыр.
Сұрапыл соғыстағы тұтқындар тағдыры – түйткілді тақырып. Біздіңше, олардың ішінде екі оттың ортасында жанталасып, жазықсыз жазаланғандары да аз емес. Архив құжаттарын ақтара отырып олардың бірқатарына терең үңіліп, жеке тоқталуды жөн көрдік. Солардың бірі – Еділов Сайран.
Еділов Сайранның атына толтырылған тіркеу парағында да, ҰҚК қызметкерінің тексеріп, жолдаған анықтамасында да оның 1921 жылы дүниеге келгендігі жазылған. Ұлты қазақ. ОҚО, Қаратас ауданы (қазіргі Қазығұрт ауданы), Майбұлақ колхозы, Жүзімдік ауылының тумасы. Комсомол мүшесі. Орта білімді. 1940 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, агроном мамандығын алған. Ал 1947 жылы 8 наурыздағы Еділов Сайранға қатысты материалдарды тексеріп, сүзгіден өткізудің қорытындысына сай берілген №124 анықтамада оның 1941 жылы 26 сәуірде әскер қатарына алынып, №9707 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтегені атап көрсетіліпті. Одан бөлек облысымыздағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар бойы сақталған №693-іс материалдарына сүйеніп, жоғарыдағы мәліметті толықтыра кетер болсақ, Еділов Сайран аталған мотомех бөлімде мотоциклист болған екен.
Алапат соғыс өрті күшейіп, жау күш ала бастаған сол 1941 жылдың жазында ол Слуцк қаласы түбінде қоршауда қалған жауынгерлермен бірге тұтқынға түседі. Дегенмен бұл мәліметтердің біркелкі еместігі бірден көзге ұрып тұр. Өйткені «аса құпия» деген бұрыштамамен сақталған келесі бір анықтама-құжатта Еділовтің Могилев ауданы маңайында немістердің қолына түскені жазылған.
Құпия құжаттарды сөйлетуді онан әрі жалғай түссек, 1946 жылдың 30 тамызында ОҚО Қаратас аудандық ҰҚК бөлімінің басшысы, майор Манабаевтың Мәскеудегі КСРО ІІМ-нің 1-арнайы бөлімінің ҰҚК-нің 2-бөлімінің Алматыдағы ҚазКСР ҰҚК-нің «А» бөлімінің басшыларына жолдаған жасырын хатында Еділов Сайранның соғыс басталған жылы Белоруссияның Могилев ауданы жанындағы Лапичи өзені бойындағы әскери бөлімде қызмет ете жүріп, 1941 жылдың 28 шілдесінде тұтқынға түскені, сол жылы Могилевтегі, Гамельдегі тұтқындар лагерінде, ал 1943 жылға дейін Бобруискідегі, 1944 жылға дейін Перемышильдегі лагерьде болғандығы көрсетілген. Әрі ол осы уақыт ішінде екі рет тұтқыннан қашып шығып, екеуінде де полицияның қолына түсіп, қатты жазаланады. Онан соң Легионово лагерінің де дәмін татып, 1942 жылдың тамызында «Түркістан легионына» күштеп кіргізілген Еділов Сайран 6-батальон құрамында Ворошиловград қаласындағы неміс бекінісіне тартылып, көпірлер мен темір жолдарды күзетіп, окоптарды қазуға да жегілген.
1943-1944 жылдары «легиондағы» 6-батальонның 3-ротасының тілмашы бола жүріп, «ефрейтор» шенін алған. Неміс әскерінен екі рет қашуға әрекеттенгені үшін сенімсіздік тудырған Сайран Еділовтың мұнан кейінгі тағдыры да қым-қиғаш оқиғаларға толы. Сонан соң эшелонмен Францияның Марсель, Тулуза, Мохтауан қаласына жөнелтілген тұтқын тағы да қашып шығып, француз партизандарына қосылған. Ал кейбір құжаттар бұл дерекке кереғар. Онда Еділовты француз партизандары тұтқындаған деп көрсетеді.
Қалай дегенде де анығы сол қаратастық солдат ол жерде 1944 жылға дейін болған. 1945 жылы ол осы Оңтүстік Франциядағы кеңес әскери тұтқындарына арналған №7 пунктте рота командирінің көмекшісі болса, біршама уақыттан соң Германияның Цербет қаласында НКВД-ның сүзгісінен өтіп, Сталинск облысындағы №1 шахтаға жұмысқа жіберіледі. Мұнда тағы да тергеп-тексеруден өтіп, қайта сүзгіге ілініп, 1946 жылы ғана атамекеніне аяқ тірейді. Ал жоғарыда аталған майор Манабаев Еділовтың екіұшты өмір жолына жіті үңіле отырып, тиісті орындардан оның шетелдік барлау қызметімен байланысы бар-жоғын анықтап беруді өтінеді.
Шындығында біздіңше оның бұл талабы да жайдан-жай жазыла қойған жоқ. Себебі, елге оралған Еділовке бірде тергеушілер, бірде өз ауылдастары тыныштық бермей, жоғарыға домалақ арыздарын жолдаумен болыпты. Солардың бірі, тіпті, 1985 жылы обкомның бірінші хатшысы А.Асқаровтың атына жазылған болып шықты. Онда: «…Біздің Ленин ауданындағы ауыл шаруашылығы бөлімінде Еділов Сайран деген азамат агроном болып істейді. Қысқаша өмірбаяны мынадай: Ол соғыс басталған 1941 жылы немістер қолына түсіп, 1942 жылға дейін Польшадағы Бнияминове селосындағы лагерьде болған. Осы лагерьде етінің тірлігінің арқасында барак коменданты дәрежесіне көтеріліп, жеке бөлмеде жайлы өмір сүріпті. Онан қалса, жаза басқан жауынгерлерді жазалап, қит еткенді таяқтың астына алған. Тұтқындар арасынан өзіне қызметшілер сайлап, қамсыз күн кешкен Еділов Сайран өзін еркін сезініп, Франциядағы «легион» сапында жаудың әскери нысандарын күзеткен, партизандарға қарсы да қару кезеген. Мұны өзі де мойындайды дейді.
1946 жылы Франциядан дін-аман оралыпты. Қылшығы қисаймай қалай қайтқанын Құдай білер, бізге белгісіз. Отан алдында осыншама ауыр айыптары бола тұра осындай солдаттың 1947 жылы ғайыптан тайып КПСС қатарына оңай қабылдануы да таң қалдырады. Тіпті кісі түсінбейтін жұмбақ. Өзінің айтуынша, бәрін мойындаған соң, партияға алған. Ақ-қарасын анықтау керек» .
Осы тектес арыздардың әсері ме, Еділов жайлы құжаттар басқа «легиондықтарға» қарағанда қомақтылау. Жан-жақтан жаңбырша жауған анықтама қағаздар да қаратастық соғыс құрбанын «әшкерелеу» операциясының бертінге дейін жалғасқанын айғақтап жатыр. Солардың бірінде СМЕРШ қызметкері Вольжанин Еділовтың 1946 жылы Сталинск облысындағы Макеев ауданына қарасты «Красногвардейскуголь» лагеріндегі 3-ротаның писарі болғанын айғақтаса, келесі бір Пуздриев, Зайкипалар қол қойған анықтамада Еділовтың сол жердегі №1 шахтада қара жұмысты атқарғаны анық жазылған.
Осы тұста 1948 жылы 20 қаңтарда Ленинское селосында толтырылған тергеу хаттамасынан да үзінділер келтіре кетейік. Тергеушілердің «Тұтқынға қалай түстіңіз?» деп басталатын «дәстүрлі» сұрағына Еділов: «…Могилев маңында қолға түсіп, сол жердегі лагерьден бірнеше күн өткен соң қашып шықтым. 1942 жылғы ақпанның аяғына дейін Гомель облысы, Ветковск ауданындағы Прысно ауылын паналадым. Бір күні жергілікті полицейлердің көзіне түсіп, тұтқын кейпін қайта кидім. Бұл жолы Гомельде қалдым. Мұнан соң лагерьден лагерьге ауыстырылып, азаптың бәрін кештім, ауыр тұрмыстың да неше түрін амалсыздан атқардым», — деп жауап беріпті. Жалған жауап үшін жаза күшейтетінін қайта-қайта ескерткен тергеушілердің сесінен қаймықпаған Сайран Еділов мұнан кейінгі жауабында да ешқашан немістермен етене жақындықта болмағанын, жауға беріле қызмет істемегенін айтып, бірақ бір куәгердің көрсеткеніндей, «Түркістан легионында» болғанын теріске шығармайды.
«…Польшаның Вениамин лагеріне жеткізілгеніміз жадымда. Үлкен лагерь аса ауқымды ажал ошағы. Жүз мыңдаған жауынгерлер иін тіресіп жататын тар барактар. Немістер бізді мұнда бекерге қойша иірмепті. 15 күннен соң солдаттарды ұлт-ұлтқа бөліп әкетіп, бізді «Түрік-легионның» 6-батальонына қосты да жіберді. Содан бізді Едлин станциясына жинап, неміс формасын берді. Асығыс түрде әскери дайындықтан өткізе бастады. Көп өтпей шығыс майданына бет алып, Ворошиловград қаласын қорғау үшін қала сыртына орналастырылдық.
10-12 күніміз тыныш өтті. Тұтқында жүрсе де туған еліне қару кезенбейтін қайсар солдаттар көп еді бізде. Командиріміз бір кеште кеңесе келе тұтқыннан түн қата қашып, партизандарға қосылуды ұсынды. «Адам аласы ішінде» деген рас екен, бұл жоспарымызды өз арамызда жүрген жансыздар жеткізіп қойып, немістер командир Қонысбаев, Пчелов бастаған бір топ жауынгерді көз алдымызда атып тастады. Осыдан соң батальонымызға деген сенім азайып, Кеңес әскері қалаға таянғанда бізді Рыков қаласына асығыс жөнелтті. Темір жолдар мен көпірлерді күзеткенсігенімізбен, кешегі қаруластарымызға қарсы бір оқ та шығармағанымызға шыны керек, Құдай куә. Осылайша немістермен бір қаладан бір қалаға көшіп отырдық. Ұрысқа араласпадық. Констаниновск, Запорожы маңындағы деревняларды артқа тастап, Румыния шекарасына да жеттік. Венгрияның бір станциясына біраз аялдаған соң «легионды» эшелонмен Францияға жеткізді. Кастриц қаласы екен. 1944 жылы Сантмориде болдық. 15 тамызда Бордоға аяқ басып, рота командирі Нұрмұқашевтің бастауымен Лариолла селосы тұсында француз партизандарына қосылдық. Бір ескерте кетерім, айыптау қорытындысында айтылғандай біз өзіміз қорғаған темір жолдар мен көпірлерді шегінер тұста қасақана жарып кеткен жоқпыз. Бұл шаруамен «СС»-тің арнайы отряды айналысты. Бірге болған жолдастардан Қонарбаев пен Нұрмұқашевтен басқа жауынгерлердің аты-жөні есімде жоқ.
Отанына қарсы бірде-бір ұрысқа қатыспаса да, ұзақ жылдар бойы тергеу орындарының табалдырығын тоздырып, әр қадамы аңдулы жүрген жауынгер 1945 жылдың қысында Либурподағы уақытша лагерьден жанұясына жолдаған хатында да басынан өткен жағдайды бастан-аяқ баян етуге жүрексініп, тек амандығын білдірген де қойған. Өйткені «тыңшы» табуды басты мақсат тұтқан тергеушілер тұтқынның төрт жолдық хатына мұқият үңіліп, әр сөзінен ілік іздейтіні айдан анық болатын. Расымен де, «Апа! Амансыз ба? Сіздерге барып қосылғанша, суретімді көріп, сағынышын басып жүрсін деп осы хатты жіберіп отырмын. Суретте қасымдағы тұрған Муслимов Банхан деген азамат. Францияның Либурно деген қаласындамыз. Уайым жемеңіз, халім өте жақсы. Мұнда біз сияқтылар көп. Амандықпен көрісуге жазсын!» деген хатын да ҰҚК қызметкерлері тәркілеп, тергеу материалдарына қосып қойыпты.
Осындай сұрапыл соғыста сергелдеңге түсіп, аман-есен қайтқан С.Еділов елге келе сала қызу еңбекке араласып кетті. Еліне еңбегі сіңді, қажырлы еңбек үлгісін көрсетті. Соның арқасында елдің құрметіне ие болды. Шаруашылықта өз мамандығына сай жәй агрономдықтан бастап, бас агроном, колхоз басшысы, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас агрономы қызметтерін атқарды.
Қаратас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Бекішевтің 17 желтоқсан 1958 жылы қолы қойылған партиялық мінездемеде былай делінген: «Жолдас Еділов Сайран өзінің мамандығына қарай осы Қаратас ауданында 13 жылдан астам агрономдық бөлімінде бас агроном, сонан соң МТС-тегі бас агрономдық қызметтерде өзінің іскер кадр екендігін практика жүзінде көрсете білді. Аудан колхоздарында агрономия тәртібіне лайықты ұсыныстар енгізіп, оны іске асыруда көп жұмыс жасады… Жақында болған ХІV аудандық пратия конференциясы жолдас Еділовты аудан колхоздарының ішіндегі абыройлы іскер басшы деп бағалап, ККП аудандық комитетінің мүшелігіне және облыстық ХІV партия конференциясына делегат етіп сайлады. Келесі жылы, яғни 1959 жылы наурыз айында С.Еділовтың кандидатурасы Облыстық Советінің депутаттығына ұсынылады. Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, оның «тілеулестері» партия ұйымдарына домалақ арызды қарша боратып, «Түркістан легионында» болғанын өмірбаянында жасырды деп кінә тағады. Осылайша партия қатарынан шыға жаздап, есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіспен әупірімдеп қалады».
Осылайша Еділов Сайран сияқты ақталмаған соғыс құрбандарының әлі де көп екендігін қаперде ұстасақ, бұл бағытта атқарылар жұмыстың аз болмайтындығын да бағамдай түсеміз. Демек, тұтқындар тағдыры, «Түркістан легионы» мәселесі тарихшылар назарынан тыс қалмауы тиіс. Бүгінде арнайы құрылған ақтау комиссиясының да мақсаты осы. Олай болса, соғыс құрбандарын ақтау үдерісі үзілмей, жүйелі жұмысты жандандыра түскен жөн. Осы арқылы Отан соғысының беймәлім беттеріне қанығып, тарихи шындыққа көз жеткізуге болатынына да сеніміміз зор.
Сейдехан Әлібек,
тарих ғылымдарының докторы,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің колледж директоры