Белгілі сазгер, Халық қаһарманы, дәулескер күйші, Қазақтың мақтанышы болған Нұрғиса Тілендиевтың өмірден өткеніне де жиырма алты жылға жуықтады. Жалпақ елге артында жары, кезінде белгілі актриса болған Дариға Тілендиева, жалғыз қызы ДінЗухра Нұрғисақызы қалды» деген ақпарат қана мәлім.
Алайда, олай емес екен. Нұрғиса Тілендиевтың туған ұлы, немерелері бары анықталып отыр. Бұл жайлы Астанадағы Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі опера әншісі Кенжеғали Мыржықбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Қасиетті Рамазан айы, өзіміздің төл жаңа жылымыз Ұлыстың ұлы күніне орай даңқты композитор, КСРО халық артисі, аты аңызға айналған адуынды күйші, фольклорлық — этнографикалық «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тлендиевтің ұрпағы Алмас-Әлкей Тлендиевпен кездесу өтті» деп жазды ол. К.Мыржықбаевтың жазбасынан білгеніміздей, университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Ұлы композитордың көзін көрген әңгімелескен профессор Серік Негимов, ЕУҰ кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев және универститеттің студенттері қатысқан алқалы жиында Нұрғиса Тілендиевтың ұлы Алмас-Әлкей Тілендиевпен кездесу болып, өміртарихы айтылған.
Нұрғисаның туған ағасы Қаймолда Тлендиев 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Ал, Нұрғиса Тілендиев соғысқа 1943 жылы алынған. Онда да ол сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жасында төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алыпты. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Тілендиев Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейін соғыс даласында болған. Бірнеше рет жараланған. Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін!», «Берлинді алғаны үшін!» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдерімен марапатталады. Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды да ойлаған екен. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.
Соғыс біткен соң, ол ағасы Қаймолданы іздестіреді. Хабарсыз кетті деген қағаз ғана келеді. Қаймолданың жұбайы Фатима соғысқа дейінгі жылдары сол уақытта қазақ әйелдері арасында өте сирек кездесетін заңгер мамандығын алады. Қырғызстанда, кейін Алматыда судья, адвокат болып қызмет атқарады. Қаймолдамен сол кезде танысыпты. Екеуі үйленіп, Лариса атты қызы болады. Әрі қарайғысы белгілі. Соғыс басталып, екеуі екі жаққа кетеді.
Соғыстан аман-есен оралған інісі Нұрғиса қазақтың әменгерлік салтымен Қаймолданың әйелі Фатимаға үйленіп, жеңгесі екеуінің некесінен дүниеге ұл келеді. Сәбидің атын Алмас деп Нұрғисаның өзі қойған екен.
Бірақ, екеуінің некесі көпке ұзамаған. Көзкөргендердің айтуынша мінездері сәйкес келмеген олар екі жаққа айырылысыпты. Алайда, төлқұжат алғанда Фатима ұлына Алмас Әлкей Қаймолдаұлы Тлендиев болып жазылуын қалаған екен.
«Алмас ағаның негізгі мамандығы энергетик. Бар ғұмыры сол салада өтіпті. Бір қызығы, музыкаға өте құмар болып домыбра, аккардион, трамбонда емін-еркін ойнап көркемөнерпаздар қойған концерттерге қатысып, өнерпаз бала атаныпты. Бір өкініштісі, өнер жолына түсуіне анасы Фатима қарсы болады. Алмас Ерейментаудың тумасы әкесі қазақ, шешесі орыс Галина Дайырбекқызына үйленіп, екі ұл, бір қыз дүниеге келеді» деп жазады Кенжеғали Мыржықбаев кездесуден айтылған ақпаратқа сүйеніп.
Алмас-Әлкейдің жұбайы Галина апайдың баяндауынша «Тұңғыштары Тимур туғанда енесі «Тимурды атасы сұрап жатыр. «Өзім бауырыма салып алайын, келінге айт деп сәлем жолдады» дейді. «Бересің бе?»-деді. Мен бермеймін дедім жаңа туған тұңғышыңды қалай қиясың. Кім екенін анық білсек, Алмас екеуміз келісіп мүмкін берер ме едік, кім білсін…» -деп күрсіндеді бүгінде Галина апай.
–Өзім келін болып түскен Баянауылда енемізбен бірге қырық жылдан аса бірге тұрдық. Обалы не керек, мені еркелетіп қызындай етіп ұстады. Біз үш балалы болғанда Баянауылға Нұрғиса Тлендиев оркестрімен концерт қоя келгенде «Мынау менің балам, мынау менің келінім, мыналар менің немерелерім» деп айтты. Мен Фатима анамыздан: «Неге бұл кісі бізді балам дейді деп сұрап едім. Сонда анамыз ұнатпаған кейп танытып «айтпай көрсін осыдан» деп орнынан тұрып кеткен соң ол кісінің мінезін білгендіктен, бұл жайында қайтып сұраған емеспін. Кейінірек атамыз Баянауылға тағы бір келгенде елдің көзінше анам орыс болғасын ба: «осы келінім орыс болса да, баланы қазақша табады»-деді. Менің бетім қызарып, қатты қысылдым, — дейді Галина апай.
Жылдар өтіп жатты. Бір күні кездейсоқта Серік Әбдіраймовтың «Қаһарман Нұрғиса» атты кітабын оқыған Галина апай Нұрғиса Атабайұлы «Халық Қаһарманы» атағын соң, оның атына келген жедел хаттар басылған кітап парақтарынан. «Ата, сіздің «Халық Қаһарманы» атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, амандық тілейміз. Тлендиев жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан» деп жазылған бетті оқиды да таң қалады.
–Бұны оқыған Алмас екеуміз аң-таң болып, көзіміз шарасынан шықты! Біздің тарапымыздан бұндай құттықтаулар болған емес. Кейін ұрпақтарым тауып алып оқып, Нұрғисаның соңында бір тұяқ қалғанын ел біле жүрсін деді ме екен әйтеуір бұл енді кітапқа жазылып қалған факт, -дейді Галина апай. – Мәселенің мән-жайын кітапты құрастырушы Серік Әбдіраймовтан сұрамақшы болып іздестіріп едік ол кісі о дүниелік болып кетіпті…
– Мен ештемені білмей өстім, анамыз аруақ ұмытылмасын деді ме менің тегімді соғыста шаһит болған бірінші күйеуі Қаймолданың атына жаздырыпты. Ол кісіден туған Лариса апайым менен 6 жас үлкен. Қартайғанда тегімізді іздеген мақсатым қайтсе де Нұрғисаның баласы екенімді дәлелдеу керек болды, — дейді Алмас Нұрғисаұлы. – Анамыз қайтқанда мен іссапарда болдым. Хал үстінде жатып «Әлкейді шақырыңдар тез жетсін» деп күтіп жатып көз жұмыпты. Кім біледі, кетерінде өзінің аманатын айтып кеткісі келді ме екен?! Анамның аузынан бірауыз сөз ести алмай қалғаныма қатты өкінемін…
Нұрғиса Тілендиев «көзім жұмылса, Жамбылдың жанына қойыңдар» деген өзінің аманаты бойынша қазір Жамбылдың мәңгілік мекенінде қатар жатыр. – Ата бабамнның жеріне алғаш рет 2016 жылдың 5 қыркүйегінде бардым. Әкемнің ескерткішін көріп, құран оқып, сондағы Нұрғиса ауылына барып, туыстарыммен танысып, табысып көңіліміз орнығып қайттық. Әкеміздің қайтыс болғанына 20 жыл болуына байланысты Жамбыл ауданында ас берілгенде біздерде шақырылып көптеген туыстармен кездесіп, ата тегімнің шежіресін жазып алып қайттым, -дейді Алмас-Әлкей Тілендиев.
Артында мол мұра қалдырған, «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» контатасы, «Ата толғауы», «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені, «Махамбет», «Саржайлау, «Алатау» сынды әндер мен күйлері қазақ өнерінің классикалық шығармаларына айналған ұлы күйшінің артында ұрпақ барын естіген ел әзірге таңданыс үстінде. Нұрғиса Тілендиев 500-ден астам туындының авторы. Жанрлық аясы да кең өнер туындыларының ішінде ән мен күйден бөлек, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет те бар.
Артында қалғандарға «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әніммен шығарып салыңдар», — деп аманаттаған тұлғаның аманаты орындалды. Композитор 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында дүниеден озды.
Бүгінгі таңда КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен музыка мектептері, музейлер мен көшелерге аты берілген.