Мәселе

Ас ақысын баланың атына аудару керек

Шыны керек, бүгінде тәрбие ошағы саналатын білім ордаларында төбелес, әлімжеттілік белең алған. Ал оқу жылы басталысымен Маңғыстау облысында жүздеген баланың мектеп асханасының тамағынан уланып қалғанын естігенде жағамызды ұстадық.

Мектеп асханасынан баланың улануы сұмдық жағдай ғой. Демек, онда қадағалау сапасы төмен деген сөз. Ал ата-аналар асхана жағдайымен танысайын десе, кіргізбейді. Сол себепті біз ұл-қыздарымыздың, немерелеріміздің не ішіп, не жеп жүргенін білмейміз. Осыны пайдаланған асхана ісін жүргізуші жеке кәсіпкерлер жауапкершілікті сезінбеуі мүмкін. Мектепте ыстық тамақ беріледі делінгенімен, көп жағдайда балалар үйге аш келеді. Себебі тағам сапасы дұрыс емес. Мердігерлер ақша үнемдеу үшін арзан ас мәзірін ұсынады. Ал мемлекеттің балалардың ыстық тамағына бөлетін қаржысы жеткілікті болса керек.

Асханадағы тамақтың сапасын көтеру үшін тағамға бөлінетін қаржы баланың атына аударылуы керек деп ойлаймын. Бала тамаққа таңдау жасай алатындай жағдай қалыптастыру қажет. Ұнаса сатып алады, ұнамаса алмайды. Бәлкім сол кезде ғана мердігерлер дәмді тағам дайындауға ден қоятын болар.

Әрине, бала қалтасына түскен ақшаға асхананың тағамын емес, дүкеннен Қытайдың сапасыз тәттілерін сатып алады деген пікірлер болуы да мүмкін. Ол рас. Қазір де сол зиянды тәттілерді алмай жүр деп айта алмаймыз. Оны тоқтату үшін алдымен мектепке жақын маңдағы дүкендерде ондай заттардың сатылуына тыйым салу керек. Өйткені, сөреде тұрған затты бала алмай қоймайды. Екіншіден, әрбір ата-ана өз перзенттеріне, мұғалім шәкірттеріне, полиция оқушыларға зиянды заттарды сатып алмауды насихаттап, қажет болса міндеттеу керек. Сол кезде ғана бала денсаулығын сақтап, дені сау ұлт қалыптастыруға жол ашылмақ.

Қанатәлі Бегалиев,

Шардара ауданы.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *