Алдағы 7-мамыр – Отан қорғаушы күні, ал 9-мамырда Кеңес Одағы халықтарының неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыстағы Ұлы Жеңісіне 81 жыл толады. Осыған орай қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлерге бір жолғы әлеуметтік көмекке деп ақша берілетіні белгілі. Биыл оның мөлшері қандай болады?
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан бұған қатысты мынадай мәліметтер алдық:
«Шымкент қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасына» сәйкес, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен, қалалық мәслихаттың 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімімен бекітілген бір реттік әлеуметтік көмектер мерекелік және атаулы күндерге орай беріледі.
Сәуір мен мамыр айы үшін мұндай көмектер 1876 адамды қамтиды.
Атап айтқанда: 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күніне 192 адамға 45 АЕК мөлшерінде (194 625 теңге) көмек көрсетілді.
7 мамыр – Отан қорғаушы күніне Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 181 адамға да бір реттік 45 АЕК мөлшерінде (194 625 теңге) көмек беріледі.
9 мамыр – Жеңіс күніне орай тыл еңбеккерлері саналатын 1280 адамға 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде бір реттік төлем жасалады.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы кезінде жарақат алып немесе ауру салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына – 60 адамға 15 АЕК мөлшерінде (64 875 теңге) көмек көрсетіледі.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің 163 отбасына 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі».
Міне, осылай. Былтырғы жылы еліміз бойынша 100 шақты майдангер Ұлы Жеңіс күнін қарсы алған болса, биылғы мерекеге дейін олардың қатары тағы да селдіреді. Соның ішінде біздің Шымкентте Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері қалған жоқ. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына аман жеткен ең соңғы екі майдангер – Мұраталы Төлепбергенов пен Нина Мосунова да 2025 жылдың ішінде бақилыққа аттанып кеткен еді.
Ел басына қатер төнген ауыр жылдарда Отан қорғаған барша ата-әжелеріміздің жандары жәннатта болғай!
