Қоғам

Спорт нысандары көбеюде

Шымкент қаласында 855 спорт нысаны бар. Биылғы жылы қалада 5 нысан құрылысы басталған. Оның екеуі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен салынатын болады. Тиісті құжаттары дайындалуда. Еңбекші ауданының Бадам, Қарабастау елді мекендерінде демеуші есебінен екі жылдам құрастырмалы модульдік нысан құрылысы салынды. Қалада жаңа стадион құрылысы жүріп жатыр.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, алдағы жылы Шымкентте 3 нысан – паралимпиадалық спорт кешені,  «Тұран» шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысаны салынбақ.

Су спорты кешенінде не болып жатыр?

Бүгінде Шымкенттегі Орталық су спорты кешеніне қатысты сөз көп. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұған қатысты мынадай жайларды мәлімдеді:

Кешен 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің шешімімен жекешеге берілген. Бірақ демеуші өз мойнына жүктелген міндетті толығымен орындамаған, оны ешкім бақыламаған. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде мынадай жайлар анықталған: Сенімгерлік басқарушыға берілген нысанға 500 миллион теңге инвестиция салынуы керек болған, бірақ ол салынбаған. Бассейн тозып кеткен. Су сорғылары істен шыққан. Басқарушының заңсыз әрекеті салдарынан кәсіпорын бюджетке 8,9 миллион теңге қарыз боп қалған. Пайдаланылған электр қуаты үшін 25,4 миллион теңге, салықтық төлемдерге 124,6 миллион теңге қарызы бар. Кемшіліктер ескеріліп, былтыр қыркүйекте сотқа хабарлама жолданған. Экономикалық сот шешімі бойынша сенімгерлік басқарушымен арадағы келісім-шарт бұзылған. Бүгінде ол шығындарды қайтару және тозған, бұзылған сорғыларды қалпына келтіру бойынша жұмыс істеуде. «Бірақ жұмыс созылып жатыр. Бұл – қаладағы ірі жалғыз бассейн. Талаптарды орындамаса, сотқа жүгінуге, шара көруге тура келеді», — деді қала әкімінің орынбасары бұл жөнінде.

Глэмпингпен мақтана аламыз

Шымкенттегі «Маятас» тұрғын алабында (Бадам» су қоймасы жағасында) «Өмір Шымкент» глэмпинг жобасы іске асырылуда. (Глэмпинг – кемпингтің бір түрі, мейманханасы бар, табиғат аясында тынығуға мүмкіндік беретін кешенді демалыс орны). Оған арнап 53 гектар жер берілген. Нысанға 2,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Бүгінде ол жерде 9 глэмпинг, 2 капсулалық үй және мейрамхана құрылысы жүріп жатыр. Тағы да 38 глэмпинг, 18 капсулалық үй, замануи мейрамхана, SPA-аймақ, бассейн, спорттық алаңдар, амфитеатр, сондай-ақ жылқы шаруашылығына арналған аумақ пен шарап дайындау кешенін салу жоспарланған. Бұл кешен қала тұрғындары мен қонақтарының қолайлы өмірі үшін, экологиялық мәдениетті, өңірдің инвестициялық тартымдылығын, туристік имиджін арттыру мақсатында салынуда.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *