Құқық

Аида БАЙТУРОВА, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

«Әкімшілік әділет дауларды қарау

      философиясын өзгертті»

2021 жылы қолданысқа енгізілген Әкімшілік әділет институты — мемлекеттік органдардың, яғни әкімдіктер мен министрліктердің, басқа да органдардың заңсыз шешімдері мен әрекеттерінен азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сот арқылы қорғауды мақсат тұтқан-ды. Нақтырақ айтқанда, билік пен қарапайым халық арасындағы жария-құқықтық дауларды шешу, мемлекеттік аппараттың өз өкілеттігін теріс пайдалануын шектеу болды.

          Міне, осы институттың жұмыс істеп жатқанына биыл бес жыл толмақ. Осы аралықта жаңа институт өзінің құрылуындағы мақсатын орындай алып жатыр ма, нәтиже қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аида Байтурованы әңгімеге тартқан едік.

          — Аида Нәбиқызы, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…», — деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлағандай, өзіндік өзгешелігімен тәжірибеге енгізілген Әкімшілік әділет институтының басты ерекшелігі неде?

            — Әкімшілік әділет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған институт. Жаңа жүйенің басты ерекшеліктері ретінде ең алдымен теңсіздікті жою әдісін айтуға болады. Яғни, сотта мемлекеттік орган өз әрекетінің заңдылығын өзі дәлелдеуі тиіс. Сондай-ақ, сот істі қарау барысында өз бастамасымен қосымша дәлелдер жинай алады. Қарсы тарап мемлекеттік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдана алады. Қарапайым тілмен айтқанда, «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» арқылы жүзеге асырылатын бұл институт азаматтарды және бизнесті мемлекеттік құрылымдардың әрекетсіздігі мен құқықтарын асыра пайдаланудан қорғайтын, олардың «мемлекеттік машинаға» қарсы құқықтық тұрғыдан күресуіне мүмкіндік беретін сот механизмі.

          Жалпы, бұған дейін мемлекеттік мекемелермен жария даулар қолданыстағы Азаматтық-процесуалдық кодекс аясында шешіліп келген-ді. Оның тәртібі бойынша азамат мемлекеттік органның әрекетіне қатысты талап-арызын бергеннен кейін мекеменің заңға қайшы әрекетін өзі дәлелдеуі тиіс болатын. Бұл кезде жеке азаматқа қарағанда күші басым, мүмкіндігі мол мемлекеттік мекемелер де әрекетсіз отырмайтыны түсінікті. Ал, судья заң бойынша – бейтарап, алдын ала ештеңе айта алмайды. Жаңа кодекс осы олқылықтың орнын толтыруға жұмыс істеуде.

          — Жаңа механизм бойынша жұмыс істеп жатқандарыңызға бес жыл толғалы отыр, нәтиже көрсетіп жатқан да болар?

— Бір қарағанда бес жыл — қысқа мерзім болып көрінуі мүмкін, алайда құқықтық институт үшін бұл алғашқы қадамдарды жасайтын ғана емес, даму бағытын да айқындауға күш салатын кезең. Осы уақыт ішінде Қазақстанның әкімшілік әділеті азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың дербес тетігі ретінде нық қалыптасудың жолынан өтті.

2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті көпшілік белгілі бір деңгейде эксперимент ретінде қабылдады. Азамат пен мемлекеттің тең дәрежеде дауласа алуы — ұзақ уақыт бойы мемлекеттік органның дұрыстығы презумпциясы үстем болған құқықтық жүйе үшін тың әрі батыл идея еді. Алайда тәжірибе өз бағасын берді. Осы жылдары әкімшілік соттар арқылы ондаған мың іс қаралды. Әрбір санның артында нақты тағдыр тұр: нұсқаманы даулаған кәсіпкер, жер құқығын қорғаған азамат, әкімдікпен немесе салық органымен дауда әділдік іздеген адам. Ең маңыздысы — даулардың едәуір бөлігі талапкерлердің пайдасына шешілуде. Бұл тек «қанағаттандыру пайызы» емес, жүйенің бағыныштылық логикасынан теңгерім логикасына көшкенінің көрсеткіші.

Әкімшілік әділет дауларды қарау философиясын өзгертті. Сот енді тек пассивті төреші емес, істің мән-жайын белсенді зерттейтін, дәлелдемелер сұрататын, мемлекеттік органға олқылықтары мен қателіктерін көрсететін органға айналды. Бұл — формалды әділдіктен материалдық әділдікке көшу. «Естуші мемлекет» қағидатының енгізілуі де аса маңызды. Бүгінде мемлекеттік орган формалды жауаппен шектеле алмайды — ол өз шешімін негіздеуге, логикасын түсіндіруге және дау туындаған жағдайда оны сотта тең жағдайда қорғауға міндетті.

— Әрбір жаңа бастама қиындықсыз болмайды, қиналған кездеріңіз болды ма?

— Әрине, қиындықтар да болды. Барлық мемлекеттік органдар жаңа талаптарға бірден бейімделе қойған жоқ. Кей жерлерде формализм сақталса, кей жағдайда дәлелдеу ауыртпалығын қайтадан азаматқа жүктеу әрекеттері байқалды. Дегенмен сот тәжірибесі бұл теңсіздіктерді біртіндеп түзетуде. Әкімшілік әділет судьялар үшін де, мемлекеттік қызметшілер үшін де, азаматтардың өздері үшін де құқықтық мәдениеттің мектебіне айналды. Адамдар сотқа үмітсіздікпен емес, бұл жұмыс істейтін құрал екенін түсініп, жүгіне бастады.

Жалпы алғанда халық сенімі әділ шешімдердің жиынтығынан қалыптасады. Бес жыл ішінде осы сенім үдесінен шығып келеміз деп ойлаймын. Оған нақты көрсеткіштерді себеп ете аламыз. Мәселен, 2021 жылы 682 талап арыз түскен болса, 2025 жылы олардың саны 1836-ға жетті, ал қанағаттандыру деңгейі көбіне 50 пайыздан асады.

  Мемлекеттік шешімдердің сапасын

   сүзгіден өткізетін құралға айналды.

          — Бес жыл жаңа механизмнің тиімділігін таразылауға, оның болашағын болжауға жеткілікті мерзім. Әкімшілік әділеттің болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

Менің ойымша, бұл институттың болашағы өте зор. Қазақстандағы әкімшілік әділет дауларды шешу тетігі ғана емес, мемлекеттік басқару сапасының сүзгісіне айналу әлеуетіне де ие. Шешімдер жиі дауланып, күшін жойып жатса, тәжірибені қайта қарау қажеттілігі туындайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет сапасын арттырады.

Алдағы жылдары судьялардың мамандануын тереңдету, цифрлық құралдарды кеңейту, сотқа дейінгі рәсімдерді күшейту және ең бастысы — әділдік қағидатын нығайту негізгі бағыттар болмақ. Тереңірек қарағанда, бұл жаңа басқару шындығын қалыптастырады. Кез келген әкімшілік шешім мазмұндық тұрғыдан сот бақылауына түседі. Мұндай жағдайда жаңа басқару логикасы пайда болады, яғни шешім қабылдау ғана емес, оның заңдылық пен әділдікке төтеп бере алатын тұрақты болуы маңызды. Бұл жүйенің мінез-құлқын өзгертеді.

Сот процестерінде мемлекеттік қызметшінің ойлау тәсілінің өзгергені байқалады: ол даулаудың тәуекелдерін бағалайды, рәсімдерге мұқият қарайды, формалды жауаптың енді қорғай алмайтынын түсінеді. Құқықтар соттан кейін емес, шешім қабылдау кезеңінде-ақ қамтамасыз етіледі. Иә, бұл процесс біркелкі емес. Кей жерлерде формализм мен ескі тәсілдердің инерциясы сақталған. Бірақ сот тәжірибесі теңестіруші механизм ретінде жұмыс істейді.

Әкімшілік әділеттің нәтижесі — нақты сенім. Декларативті емес, шынайы сенім. Адам өз уәждерінің тыңдалатынын, мемлекеттік органның түсініктеме беруге міндетті екенін, ал соттың оның жағына шыға алатынын көргенде, сезінгенде жүйеге деген көзқарасы өзгереді. Сотқа жүгіну төтенше шара емес, қалыпты құқық қорғау құралына айналады. Бұл бес жылдағы ең маңызды жетістіктердің бірі.

Меніңше, әкімшілік әділеттің болашағы талап арыздардың санымен емес, оның ықпалының тереңдеуімен өлшенсе керек. Қазірдің өзінде бұл институт мемлекеттік шешімдердің сапасын сүзгіден өткізетін құралға айналды. Шешімдер жүйелі түрде дауланып, жойылатын жерде тәсілдерді қайта қарау қажеттілігі туындайды. Бұл мемлекеттік органдардағы ішкі бақылауды күшейтуге, сотқа дейінгі тетіктерді дамытуға, шешімдерді негіздеуге қойылатын талаптарды арттыруға әкелуі тиіс. Нәтижесінде мемлекеттік басқарудың жалпы деңгейі өседі. Бұл — әкімшілік әділеттің басты мақсаттарының бірі.

— Бастапқы кездері Сіздер тарапынан мемлекеттік қызметшілерге жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген болар?

— 2021 жылы біз әріптестерімізбен бірге алты ай бойы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан филиалында мемлекеттік қызметшілерге әкімшілік заңнаманың негіздері бойынша оқыту жүргіздік. Ол кезде қызметшілер арасында сыни және скептикалық пікірлер басым болды. Қазақстан әкімшілік әділетке дайын емес деген көзқарас жиі айтылатын. Бүгінде әкімшілік әділет нақты жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Аталған оқыту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл институт тек дауларды шешіп қана қоймай, басқарудағы жауапкершілік пен ашықтықтың жаңа стандартын қалыптастыруда.

— Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Шадияр Мекенбайұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *