Шымкент

3500 шаруа қожалығы бар қала


Ел экономикасының негізгі бөлігін агросектор құрайтындықтан саланы дамытудың маңызы жоғары. Десе де ауылшаруашылығында мол өнім алу үшін жердің құнарына мән беру керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды», — деген болатын.

Аграрлық салада өзіндік жетісітігі бар Шымкент қаласы негізінен көкөніс өсіруге машықтанған аймақтың бірі. Үйіргелік жылыжайлардан бастап, іргелі шаруашылықтарда ерте көктемде пісетін көкөніс, жеміс-жидектерді респуликамыздың түкпір-түкпіріне бірінші кезекте шымкенттік дихандар жөнелтіп отыр. Шымкент қаласында 3500 шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. Бұған дейін де айтқанымыздай, ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 64 мың гектарды құрайды. Десе де биыл оның көлемі кеміген. «Бірақ, бұл көкөніс пен жеміс-жидек өсіруге қолбайлау болып отырған жоқ» дейді диқандар. Күннің ыстығы көктем шығысымен-ақ құлпынай алқабынан мол өнім алуға мүмкіндік беруде. Қазір ішкі нарықта Шымкентте өсірілген құлпынайлар самсап тұр.

– Шымкенттің айналасындағы ауылдарда көкөніс, жеміс-жидек және бақша өсіруге көп көңіл бөлу керек. Мегаполис атанғалы Шымкентке Ордабасы, Сайрам аудандарынан бірнеше ауылдар енгені бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануға негіз болады. Айтайын дегенім, ғалымдар арасында өсімдіктің негізгі қоректенуі жөнінде екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бәрі де өсімдіктердің жақсы өсуі, мол өнім беруі үшінгі мақсатты ұстанады. Біріншісі, тамырдан көбірек қоректендіру керек дегенді ұсынса, өзге ғалымдар жапырақ арқылы көбірек қоректендірген жөн дейді. Екеуі де дұрыс. Дегенмен, жердің құнарлығы географиялық аймаққа да тікелей байланысты. Сәбіз, картоп секілді бақша өнімі көбіне азықты топырақтан алады. Ал күн нұрынан өсімдіктің жапырағында фотосинтез түзіліп, сахароза мен фруктозаға айналады. Мұның бәрі адам ағзасына күш беретін, пайдалы көмірсулар мен талшықтар. Топырағы саз, құнарсыз болса да Шымкенттің тіл үйірер алмасы, жүзімі, өзге жемістерін, дәруменге бай қияры, қызанағын басқа өңірден таппайсыз. Сондықтан, қала төңірегіне көкөніс пен жемісті көбейтсе, ұтымды шарушылық болары сөзсіз. Шымкент қаласының топырақ құрамы еліміздің орталығы мен солтүстігі секілді аса құнарлы емес. Әйтсе де, климаттық жағдай өте ыңғайлы, жылы ауа райы бар. Сондықтан біздің мегаполисте көкөністі жылыжайда өсірген әлдеқайда тиімді, — дейді Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Досымбек Сыдық.

Топырақтың құнарын арттыру жолында ғалымдар ұсынған әдістер де аз емес. Соның бірі биогомус өсіру. Бұл құнарсыз жерден мол өнім алуға кепілдік беретін әдіс. Тек диқандар ғалымдар ұсынған бүгінгі заманға сай келетін технологияларды пайдалануға қызығушылық таныста болғаны.

– Аграрлық салаға тың серпіліс беретін, топырақтың ылғалдылығын бойында сақтауға мүмкіндік туғызатын тәжірибелер баршылық. Олардың экологиялық тиімділігі де жоғары. Нөлдік технологияны қолдану барысында дихан жер жыртып әуреге түспейді. Жыртылмаған жерге дақылдарды еге беруге болады. Аз шығындалып, мол өнім жинайды. Бұл технологияның ерекшелігі сол, жыл бойы түскен жауын-шашынның топыраққа баппен сіңіртеді. Жердің сорлануының алдын да алады. Осы әдіспен АҚШ, Канада, Бразилия, Аргентина, Колумбия елдерінің шаруалары көп пайдаға кенелуде. Шөлейт, су және жел эрозиясына ұшыраған жерде дәнді дақылдарды нөлдік технологиямен өсіру өте тиімді, — дейді ғалым.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *