Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифинг өткізілді. Қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкенттегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты бірқатар жайларды баян етті.
78 грантқа конкурс жарияланды
Шымкент қаласы әкімдігінің биыл да мектеп түлектеріне арнап 285 грант бөлгені мәлім. Осыған қатысты конкурс нәтижесі шыққан. Гранттардың 207-сіне үміткер табылып, талапкерлер тізімі бекітілген. 78 грантқа өтініш түспеген. Сондықтан қала әкімдігі қайтадан конкурс жариялауды ұйғарып отыр. Бұл гранттар енді биылғы мектеп түлектеріне ғана емес, жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін 3 жыл қалада жұмыс істегісі келетін үміткерлерге де ұсынылады. Себебі қалада инженерлік және басқа да қажетті мамандықтарға мемлекет тарапынан, бизнес тарапынан сұраныс бар. Сондықтан өтінімдер қабылданып, тиісті конкурс өткізіліп, шешім жаңа оқу жылы басталғанға дейін жасалады.
Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитындарды қосып алғанда Шымкентте 78 700 студент білім алуда. Жалпы сиымдылығы 11 600 орындық 36 жатақхана бар. Олардың 5-еуі – мемлекеттік, 31-і – жекеменшік жатақханалар. Жатақханадан орын алуға өтінім бергендер толық дерлік қамтылған. Одан бөлек, 415-інің өтініші қаралуда, 1-қыркүйекке дейін олар да қамтылатын болады.
Жылда 48 мыңдай бала колледждерде білім алады. Колледж студенттері 5806 орындық жатақханалармен қамтылған. Олардың 9-ы мемлекеттік колледждерде, 19-ы жекеменшік колледждерде. Бүгінге дейін 2654 студент жатақханамен қамтамасыз етілген, олардың 2174-і – басқа өңірлерден келгендер.
5 мектептің лицензиясы тоқтатылды
Шымкенттегі білім сапасын қамтамасыз ету департаменті білім сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Мониторинг нәтижесінде екі жекеменшік мектеп өз қызметін тоқтатқан. Біреуі «Интеллект» жалпы орта мектебі, екіншісі «Смарт» орта білім беретін мектебі. Сонымен қатар 3 мектептің лицензиясы 6 ай мерзімге тоқтатылып отыр. Осының ішінде «Қазбілім Шымкент» мектебі болашақта қызметін жалғастырмайтынын мәлімдеген. Дегенмен олардың бәрінде де жіберілген кемшіліктерді түзеп, жұмысты жолға қойып, лицензияларын жаңартуға толық мүмкіндіктері бар.
Мемлекет мұқтажына алынған
Жыл басынан бері Шымкентте 254 жер телімі мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп алынған. Соның ішінде алынатын алаңы 116,7 гектар 207 жер учаскесіне түзілген шарт негізінде 75,1 миллиард теңге ақысы төленген. 31 жер теліміне тең бағалы жер учаскелері берілген. Уақытша пайдалану құқындағы алаңы 234,6 гектар болатын 650 учаскеден иелері өз еріктерімен бас тартқан. Аумағы 11,3 гектар болатын 3 жер учаскесі сот шешімімен қайтарылған. Жалпы алаңы 57,24 гектарды құрайтын 7 учаске сот шешімі негізінде өтемақысыз қайтарылып, нәтижесінде бюджеттің шамамен 500 миллион теңгедей қаржысы үнемделген. Қазіргі таңда осыған ұқсас 30 жер учаскесін өтемақысыз қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Маңызды нысандардың құрылысы үшін қарастырылған жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, Қонаев даңғылының 5-кезең жол құрылысына түсетін 275 учаскенің 245-іне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтаждығы үшін иеліктен шығарылған. «Тұран» ауданынан өтетін «А-2» автожолының 5-кезеңі үшін 80 жер телімі мемлекет мұқтаждығына қайтарылуға жатады. Оның 23-і бойынша өтемақы жұмыстары жүргізілуде. Бәйтереков көшесінің жалғасын Алтынсарин көшесіне дейін қайта құру үшін 56 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтаруға жатады. 33-іне өтемақы төленіп, иеліктен шығарылған.
«Қаратау» ауданындағы стадион құрылысы үшін 191 жер учаскесі мемлекет мұқтаждығына қайтаруға жатады. Соның 6-уына тең бағалы жер учаскесі айырбасталып берілген. 174 учаске өтемақы беріліп, алынған.
Абай ауданындағы Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңақұрылыс, Изенді көшелерінде күрделі жөндеу жүргізілуі үшін 24 учаске мемлекетке қайтарылуға жатады. Оның 23-і иеліктен шығарылған.
Сапасыз жол қабылданбайды
Брифингте әлеуметтік желілерде жарияланған «Тұран» ауданындағы «Шымкент мол» сауда орталығының артындағы көшелерде жол сапасыз салынып жатыр» деген сынға орай да жауап берілді. Онда ескі асфальт қабаты сыдырылып, асфальт-бетон жабындысын тегістеу және беткі қабаттарын салу жұмыстары жүргізілуде. Астына табиғи шағал-құм қоспасы салынады, оны тегістеу үшін бетіне қалыңдығы 3 сантиметр асфальт жабындысы жүргізіледі. Ал асфальт жабындысының негізгі 5 сантиметрлік қабаты кейіннен салынады. Жұмыстар талапқа сай орындалған соң ғана қабылданады. Яғни жол сапасын арнайы орталық тексеріп, зерттеп-зерделейді, стандартқа сай келмесе, қалыңдығы кем болса, құрамы сәйкес келмесе, міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатын болады.
Қосымша қуат көзі орнатылған
Қалада бағдаршамдардың үздіксіз қызметін қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 24 бағдаршамға қосымша қуат көздері – арнайы аккумуляторлар қойылған. Маңызды бағыттарда орналасқан 20 бағдаршам да арнайы құрылғылармен жабдықталған. Жыл соңына дейін қосымша 20 бағдаршамды осындай құрылғымен жабдықтау жоспарланған. Ол қондырғылар электр қуаты ажыратылған жағдайда да бағдаршамның 20 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
58 жаңа автобус әкелінді
Шымкентте қоғамдық көліктер жүйелі түрде жаңартылып келеді. Таяуда 58 жаңа автобус сатып алынып, қала тұрғындарының игілігіне берілген. Олардың 28-і – шалғайдағы тұрғын аудандар мен алаптарға қызмет көрсететін шағын автобустар, ал 30-ы – сыйымдылығы жоғары заманауи көліктер. Метан газымен жүретін тағы да 179 жаңа автобус әкелу көзделген. Әр кезеңде 30-40 автобустан жеткізіліп, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге мүмкіндікті арттырады.
Қазір Шымкентте 82 тұрақты бағыт бойынша 984 автобус қызмет көрсетуде. 79-ы әлеуметтік маңызы бар бағыт деп бекітілген. Жалпы қызметті 11 компания жүзеге асырады. Қалада 1173 автобус бар, 615-і сығымдалған газбен жүреді, 558-і дизель отынын пайдаланады.
Биылғы жылдың 7 айында қоғамдық көліктер 49,8 миллион жолаушы тасымалдаған. Маршруттық желіні жетілдіру бойынша арнайы конкурс өткізілген, жеңіп алған компания тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қоймада 41 мың тонна көмір бар
Қалада жылу маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүруде. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығы дайындық үстінде. 87,3 пайыз дайын. 13 пайыздай үйлер тексеріліп болған жоқ. Қала әкімі тапсырмасына орай алдағы 10-қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс. Тексеру барысында анықталған 98 ақаудың 90-ы қалпына келтірілген.
Қазандықтарды жаңарту бойынша жұмыстарға 1,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен қаралып, жұмыс жүруде. Әлеуметтік маңызды нысандар ішіндегі 476 бюджеттік мекеме толық тексеріліп біткен.
Шымкенттің көмірге қажеттілігі 23,3 мың тоннаны құрайды. Қамтамасыз етілгені – 12,8 мың тонна. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 18,5 мың тоннаны құрайды. Олар 8 мың тонна көмір сатып алған. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенетін болсақ, өткен мамыр айынан бүгінге дейін Шымкентке 57,6 мың тонна көмір жеткізілген. Яғни Шымкент тоғыз жолдың торабында тұр, Түркістан облысының тұрғындары да көмірді Шымкенттен тасымалдайды. Аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, бүгінде 1 тонна көмірдің бағасы 21 500 – 22 250 теңге аралығында.
Қаладағы 6 теміржол тұйығында 7 көмір операторы жұмыс атқаруда. Бұл қоймаларда бүгінгі күні 41,5 мың тонна көмір жинақталған.
«Ұсталғандар» туралы
Кейінгі кездері Шымкентте бірқатар басшылардың істі болып, осыған орай жұртшылық арасында түрлі сөздер таралып жатқаны да белгілі. Қала әкімінің орынбасары осы жайға байланысты да аздап түсініктеме бере кетті. Өйткені оған осының алдындағы брифинг кезінде қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің қамауға алынуына қатысты сауал қойылған болатын. Сол кезде мәселе оның бұдан бұрынғы, Жамбыл облысындағы қызметіне қатысты болып отырғаны жайында айтылған.
«Одан бері де бірнеше қылмыстық іс қозғалып жатқанын біліп отырсыздар. Осыған орай түсініктеме бере кетсек. Біздің білуімізде бұл азаматтарға қатысты іс сол Арман Әбдешовке қатысты қозғалған іске ұқсас болуы мүмкін. Яғни шамамен алғанда 2023-жылдары атқарылған жұмыстарға қатысты болар деп ойлаймыз. Жалпы, тергеу жүріп жатқанда біздің түсініктеме беруге немесе басқадай ақпарат беруге құқымыз жоқ. Бірақ бұған тоқтала кетуді жөн санадық», — деген Сәрсен Абайұлы қала әкімдігінің өз жұмысында ашықтықты, тазалықты, әділеттілікті мақсат етіп алғандарын, әу бастан осындай принциппен жұмыс істеп келе жатқандарын айтты. Бұл талап мемлекеттік қызметшілердің бәріне жеткізілген. Осы орайда
ішкі аудиттің тексеруі кезінде анықталған кез-келген істі әкімдіктің өзі құзіретті органдарға жолдап отыратыны да айтылды. Яғни қала әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті шын мәнінде жүргізіп келеді деген сөз.
1 аптада – 181 іс
Брифингте әдеттегідей қалада өткен аптада тергеу органдарының тіркеуіне түскен істер жөнінде мәліметтер келтірілді.
Өткен бір аптада Шымкентте 181 іс тіркелген, оның 11-і сотқа жолданған. Бұл істердің 43-і алаяқтыққа, 28-і ұрлыққа, 11-і есірткінің заңсыз айналымына, 10-ы жол-көлік оқиғаларына қатысты. Әсіресе алаяқтық оқиғалары тыйылар емес. Мысалы, С. есімді әйелге белгісіз адам телефон шалған, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері деп таныстырып, оның банк шотында күмәнді несие рәсімделгенін айтқан, алдап 2 миллион 700 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Мұндай жайлар күн сайын тіркеледі. Сондықтан қала тұрғындары әсіресе алаяқтардың әрекетінен абай болулары керек.
Брифингте Шымкенттегі қоғамдық-саяси ахуал жөнінде осындай жайлар айтылды. Жиын соңында С.Құранбек БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Д. ОРАЗ.
