Біле жүріңіз

Қарбыз туралы қызықтар

Жаз мезгілінің ең сүйікті жемістерінің бірі – қарбыз десек болады. Баршамызға етене таныс осы қарбыздың біз білмейтін қызықтары да жетіп-артылады.

Африкадан келген

Қарбыздың отанын біреулер Оңтүстік Африка дейді, біреулер Орталық Африка, енді біреулер Солтүстік-шығыс Африка деп те айтады. Қысқасы, қарбыз бізге Африкадан келген.

Қарбыз егілгеннен соң табиғи жағдайда екі айдан бастап пісіп-жетіледі. Негізгі пісетін уақыты – шілде айы. Қазан айына дейін, кеш пісетіндері де болады. Кейбірі бүкіл қыс бойы сақтауға жарамды. Мысалы, біздің Созақ өңірінде қара түсті, қабығы қалың қарбызды үзіп алғаннан кейін сабан арасына сақтап, көктемге дейін еркін тұтынатын.

1200 сорты бар

Қазіргі күндері қарбыздың 100-ге жуық елде өсірілетін 1200-ден астам сорты бар екен. Шартты түрде оларды «шопағы бар», «шопағы жоқ», «қортық» және «сары, қызғылт-сары түсті» деп негізгі төрт санатқа бөледі. Яғни бұл дақылдың қабығы сары, сарғыш-қызыл түстілері де болады екен. Бүгінде жұрт қарбызды әртүрлі тәсілдермен тұтынады. Мысалы, Қытайда оны қуырып жейтіндер бар екен. Қабығын да, дәнін де жейді. Жерорта теңізі маңындағы елдерде етіне зәйтүн майын құйып, қой сүтінен алынған ірімшікке қосып, бетіне жаңғақты уақтап сеуіп жейтін көрінеді.

Қарбыз шопағында минералды заттар мен пайдалы майлар, ақуыз болатындықтан оны пісте сияқты қуырып жеуге де болады екен.

 8 мың доллар тұрады

Жапонияның Хоккайдо аралында қарбыздың «дэнсукэ» деп аталатын сорты өсіріледі екен. Айрықша, қара түсі басым қарбыз. Аса қымбат саналады. Орташа алғандағы бағасы 25 мың иена, яғни 250 АҚШ доллары. 2008 жылы өткізілген бір аукционда оның бір данасы 650 мың иенаға, сол кездегі бағаммен алғанда 6300 АҚШ долларына сатылған екен. Бүгінде құны 8 мың долларға дейін барады деседі.

Ал бұл елдің Кагава префектурасында сонау 1960 жылдары төртбұрышты қарбыздар өсіріле бастапты. Өйткені ол кезде тоңазытқыштар шағын, қарбыздың оған сиюы да қиын болған. Бір пысық мынадай тәсіл ойлап тауыпты: өсіп келе жатқан дақылды ашық түсті төртбұрышты контейнерге салып қойған. Дақыл өсе келе сол контейнердің формасын алады. Кейін қарбыздың қауын сияқты ұзынша түрі, үшбұрышты, жүрекпішінді және басқа да формадағы түрлері өсіріле бастаған. Алайда көп жағдайда мұндай қарбыздар тек декоративтік мақсатта, сән үшін өсіріледі, оны негізінен сыйлыққа тарту етеді. Өйткені жапондарда өзгеше сәнді сыйлық ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылданады. Күтіп-баптауы,  өсіруі күрделілеу болғандықтан мұндай қарбыздың бағасы да қымбат. Мысалы, қарапайым қарбыз бағасы 2 мың иена болса, төртбұрыштысының құны 10 мың иенаға дейін жетеді.

159 кило тартқан

Нидерландылықтар өсірген қарбыздың «Фарао» деп аталатын аса ірі, қауын сияқты ұзынша түрінің салмағы 20-30 килоға дейін жетеді, тіпті одан да асатындары болады. Етінде шопағы аз. Жапырақтары ірі, ол оны күн сәулесінен сақтайды. Қабығы тығыз, мығым болғандықтан ұзақ жолға тасымалдауға да шыдамды келеді. Ал ең ірі қарбыз 2013 жылы АҚШ-тың Теннеси штатында өсірілген екен. Крис Кент есімді азаматтың бақшасынан алынған бұл қарбыздың салмағы 159 кило тартқан. Сөйтіп ол әйгілі Гиннес рекордтар кітабынан ойып тұрып орын алыпты.

Ал ең кішкенай қарбыз Мексикада өседі екен. «Мексика мелотропиясы» деп аталатын дақылдың ең ірі дегенінің өзінің диаметрі бар-жоғы 4 сантиметрге жетеді. Дәмі қиярдың дәміндей болады. Оны қымбат мейрамханаларда салатқа қосады.

Зияны да бар

Қарбыз адам ағзасы үшін аса пайдалы дақыл. Мысалы, оның құрамындағы аскорбин қышқылы — қабынуға қарсы әсері зор антиоксидант, ал «А» дәрумені қан тамырларының қабырғаларын холестерин, қақ тұруынан сақтайды. Еті қою-қызыл түстілеріндегі ликопин деген антиоксидант өкпені, тоқ ішекті, қуықасты безін қатерлі ісіктен қорғайтынын таяуда ағылшын ғалымдары анықтапты. АҚШ ғалымдары қарбыз етінің сығындысы семіз адамдарды қан қысымының артуынан қорғайды, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын-алуда пайдалы деген тұжырымға келген. Құрамында қабынуға қарсы заттар мол, әсіресе холин жеткілікті болғандықтан ол буындардағы қабыну ауруларына қарсы шипалық қасиетке ие, терінің серпімділігін нығайтуда пайдасы орасан. Қан айналымын жақсартады, адамды сергітеді, шаршауды басады. Ол антидепрессанттық қасиетке де ие. Қарбыздың бүйрекке де пайдасы көп. Ол ағзадан артық сұйықты, уытты заттарды қуады, оны әсіресе аяқ-қолы жиі домбығатындар аңғара алады.

Дегенмен қарбыздың ағзаға зияны тиетін кездері де болады екен. Әрине, күн сайын шектен тыс көп жей берсе. Қарбыздың құрамында антиоксидант ликопин көп. Егер ағзаға күніне 30 миллиграмнан артық ликопин түсе берсе жүрек айнуы, лоқсу, құсу, асқазан ауыруы, ішек жұмысының бұзылуы, іштің кебуі, қатуы немесе өтуі мазалайтын болады.

Таңдау тәсілдері Жақсы піскен қарбызды қалай таңдаймыз? Бұл жөнінде мамандар былай дейді: қарбызды шертіп көріңіз, дұрыс піскен қарбыздан тоқылдаған ашық дыбыс естіледі. Оны қысып көруге де болады, мұндайда да дыбыс естіледі. Сондай-ақ, қарбыздың сабағына да мән берген дұрыс. Ол құрғақ болуы керек. Піскен қарбыздың формасы біртегіс, түсі ашық болады. Егер бір бүйірінде сарғыш дағы болса, бұл да піскендіктің белгісі. Яғни ол бақшада осы жағымен жатып, табиғи жағдайда жетілген деген сөз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *