Енді Шымкентте еркеше күтімді қажет ететін балаларға арналған, заманауи талаптарға сай орталық бар.
Елдің есінде болса, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында медицина саласын дамытуға қатысты Үкіметке бірқатар міндеттерді жүктеген болатын. Жолдаудың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» бөлімінде былай дейді: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн», — дей келе медицина – инвестиция салуға қолайлы сала екенін, тек оған дұрыс жағдай жасау қажеттігін айрықша атайды.
Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асырудың бір дәлелі ретінде Шымкентте кешегі апта соңында ашылған «Қамқорлық» орталығын атап өткен жөн. Бұрынғы №2 оңалту орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әйбат орталыққа айналып отыр. Ғимарат «Бренд бук» үлгісі негізінде экологиялық таза құрылыс материалдарымен жабдықталған.
– Бұл қаламыз үшін инновациялық орталық болып табылады. Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балаларымызды белсенді өмірге бейімдеп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуге ықпал ету. Мамандар әр баланың ауру тарихын ескере отырып, жеке бағдарлама аясында емдеу жүргізеді. Балаларға жағдай жасау, қамқорлық көрсету – азаматтық борышымыз, — дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Орталықтың ашылуына қала басшысынан бөлек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице–министрі Ербол Оспанов, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жамишев пен «Самұрық-Қазына» АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» Корпоративтік қорының өкілдері де қатысты. Себебі бұл орталық осы аталған қоғамдық қорлары арасындағы меморандум аясында ашылып отыр. Мұнда неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жабдықталған жаттығу залдарымен қатар орталықта Механотерапия, Эрготерапия залдары да қарастырылған. Балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық, сенсорлық интеграциялық, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен робототехника лего кабинеті, тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. Сыйымдылығы 110 балаға лайықталған орталықта қазір 40-қа жуық бала ем алуда.
Алдағы кезде орталық мамандары оңалтуды қажет ететін балаларды тиісті ем-шаралармен қамту көрсеткішін арттыра отырып, мүгедектікті барынша азайтуға мүмкіндік болады дегенді алға тартады.
Айта кету керек, орталықта психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдай да қарастырылған. «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры мамандары келтірген мәліметке сүйенсек, орталыққа ғимаратты толық жабдықтау үшін жалпы алғанда 280 млн. теңге жұмсалған. Қажетті жабдықтар Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізілген. Қосымша 164, 6 млн. теңге бөлініп, мамандардың біліктілігін арттыруға күш салынған. Қазір орталықта арнайы курста оқыған мамандар қызмет атқарады.