Қоғам Шымкент

Тұрғындар идеясын жүзеге асыратын бюджет


«Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек.Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деген болатын. Жолдауда айтылған тапсырма Шымкентте жүйелі түрде жүзеге асуда.

Нақты айтар болсақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасы Шымкентте өз нәтижесін беруде. Бұл өз кезегінде әр шағынаудан, көп қабатты үйлер ауласындағы инфрақұрылымдарды жақсартуға, спорт, ойын алаңшаларын салуға септігін тигізуде. Тұрғындар өздеріне қажеттіні жергілікті әкімдікке хабарлау арқылы аудандық бюджет есебінен нақты бір жобаның жүзеге асуын қадағалай алады.

Жақында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында кезекті рет «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты Әл-Фараби ауданының аумағын көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар, арықтар салу және жөндеу. Ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де нысандар). Биылғы меже бойынша аудан аумағында бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, бей-берекет қоқыс тастайтын орындарды жою, тұрғындардың ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу шаралары қолға алынбақ.

– Мақсатымыз, аудандағы көпқабатты тұрғын үй аулаларында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары бойынша жергілікті бюджет қаражатын бөлу процесіне қала тұрғындарын қатыстыру арқылы қалалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады, — дейді аудан әкімі Рашид Мыңбай.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардан өтінімдерді аталмыш аудан әкімдігі наурыздың 10-нан 29-ына дейін дейін қабылдаған. Кез-келген аудан тұрғыны аудан аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсынуына мүмкіндік берілді. Дауыс беру процесінде көп дауыс жинаған жоба қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.

Ж.Ержан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *