Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды» деген болатын. Бұл орайда Шымкент қаласында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Әсіресе, қала тұрғындарының талап-тілектеріне дер кезінде назар аудару, тиісті сала мамандарын жұмылдырып, мәселенің оң шешілуіне көңіл бөлуде нақты жұмыстар жетерлік.
Қала тұрғындары тарапынан күнделікті тұрмыстық мәселелерге орай түйіткілдер айтылады. Солардың бірі — қоқыс полигонына қатысты. Нақтысы Ақтас-1 елді мекеніндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жабу. Халықтың үніне құлақ асқан қала әкімдігі бұл мәселені түбегейлі шешу үшін бірқатар жобалар жасады. Жобаға сәйкес бұл аймақ болашақта саялы баққа айналуы керек. Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов қоқыс полигонын залалсыздандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен арнайы барып танысты. Қазір бұл аймақта 300 мың тонна қалдық топырақпен көмілген. Енді топырақтың екінші қабатын жабуға 100-ге жуық адам, 20 техника жұмылдырылып отыр. Бұл жұмыс 20 сәуірге дейін толық аяқталуы тиіс.
– Құрылыс қалдықтарына арналған қоқыс алаңшасын мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қалдықтарды сұрыптайтын, өртейтін кешендер салатын инвесторларды тартамыз, — дейді қала басшысы. Қоқыс толығымен көмілген соң аумаққа 2000 түп ағаш отырғызылады деген жоспар бар. Болашақта тұрғындардың саялы бақта демалуына, мегаполисті көркейту, көріктендіру ісіне бұл саябақтың да тигізер оң ықпалы жоғары болмақ.
Орайы келгенде айта кету керек, соңғы кездері шымкентіктер тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселенің тағы бірі – жолдың ойдым-ойдымы шығып, қала көшелерінің сапасыздануы. Көпшілікке мәлім, ел Президенті Қ. Тоқаев Жолдауда «автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деген-ді. Мемлекет басшысының осынау тапсырмасына сәйкес қазір Шымкент қаласындағы магистральді және ішкі орам көшелердің сапасы жіті бақылауға алынған. Бұл орайда қала әкімі М.Әйтенов өзі бастап, сала мамандарымен рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Әсіресе, көктемгі жауын-шашыннан, еріген қардан кейін орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын тексеруде. Бүгінге дейін қала аумағында 43 көшеге қайта жөндеу жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Көше құрылысын жүргізуге 12 бригада тартылған. Ал құрылыс жұмысының сапасын кезекті рет тексеру іс-сапары барысында Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс нысандарын уақытылы тапсыруды, өндірістік кестенің сақталуын, сапаны ұдайы қадағалауды тапсырды.
Жалпы биыл Шымкентте 35 шақырым жол – орталық көшелер жөнделеді. Жол құрылысына жауапты мамандарға қала әкімі тарапынан жолдың сапасын арттыру мақсатында арнайы мониторинг жасап, туындаған мәселелерді шешудің жүйесін жасау тапсырылған. Талдау нәтижесінде анықталғандай, тозығы жеткен 50 көшенің 20-сына биыл жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Олардың ішінде магистраль жол мен ішкі орам көшелер де бар. Мониторинг тізіміндегі қалған жол-көшелер алдағы жылдары кезең-кезеңмен жөнделетін болады. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Абай, Д.Қонаев даңғылдары мен №1 автомобиль жолы, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Көшеров, Тыныбаев, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Исмайлов, Алпысбаев, Еділбаев, «Шапағат» шағынауданындағы Пазиков, Орынбаев, Шанин, Байтіленов, Үркімбаев көшелері жөнделеді.