Еркегі ұрғашысын қызғанбайтын жалғыз жануар
Қасиетті Құран-Кәрімде бірнеше жан-жануарлар жөнінде айтылған. Солардың бірі – доңыз, шошқа. Ол туралы жағымсыз мәнерде айтылады.
Өз төлін де жеп қояды…
«Ән-Нұр» сүресіндегі 145-аятта «…азықтанған жанға өлексе, аққан қан, шошқаның еті харам етілді, өйткені ол лас нәрсе», «Бақара» сүресінің 173-аятында «Шынайы түрде сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам етті» делінген. Дін ғұламалары мұның себебін доңыздың нәжіс, ластығымен, өлексемен де қоректеніп, былғаныш нәрселерді де жей беретіндігімен түсіндіреді.
Шошқа тіршілігінен хабары бар жандардың айтуынша, олардың кейбірі қатты ашыққанда тіпті өзінің төлін де жеп қоя салады екен. «Айы-күні жетіп тұрған» мегежінді бөлек жайда ұстамаса, қораның ішінде оның туар мезгілін сезіп, күтіп жүретін шошқалар болады, «сәтін салған» кезді қалт жібермейді», — дейді білетіндер. (Олар қатты ашықса тіпті адамды да жабылып жеп қоя алады екен. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын шымкенттік бір кейуананы өзінің ашығып қалған шошқаларының жеп қойған қайғылы оқиғасы болғаны еске түсіп отыр. Ол жөнінде сол кезде ақпарат құралдарында айтылып, жазылған болатын).
Етінен қауіп бар
Шошқаның еті жоғары калориялы, көп тұтынған адамның салмағы артады, ол кейбір аурулардың туындауына да себеп болады. Бүгінде ғалымдар доңыз етінің қорытуға ауыр тиетініне, денсаулыққа зиян екеніне көз жеткізіп отыр. Оны қорытуға ағза өт пен ферменттерді көбірек бөлуге мәжбүр. Оның құрамында ағзаның лимфа жүйесіне зиянды әсер ететін «сутоксин» деген улы зат болады. Доңыз етінде атеросклероз, жүрек ауруларын туындататын, «жаман холестеринді» көбейтетін, қан қысымының жоғарылауына, инсультке себеп болатын қанықпаған майлар көп, тері ауруларына ұшырататын гистамин, имидазол бар. Ең қауіптісі – етінде трихиниллез, тениоз ауруларын туындататын трихинелла, доңыз таспа құрты болады. Доңыз сальмонеллез, ішек таяқшасы сияқты бактериялардың жұғуына, тұмау және басқа да жұқпалардың таралуына себеп болады. Шала пісірілген еті арқылы да тоғышар құрттар мен біржасушалы паразиттер жұғып, токсоплазмозға ұшыратуы, жүйке және лимфа жүйелерін бүлдіруі мүмкін. Бұл әсіресе жүкті әйелдер мен иммунитеті төмен жандар үшін аса қауіпті. Доңыз етінен дайындалған шұжық, бекон, ысталған өнімдерде тұз, нитриттер, басқа да асқазанға ауыр қоспалар көп, ол ас қорыту жүйесіне проблемалар тудырады. Мұндай қауіптен өзін қорғау үшін шошқа етін тұтынатындар оны жоғары температурада жақсылап пісіруге аса мән береді.
Салмағы — 6395 кило… 216 торай туған…
Бұл жануар туралы да танымдық деректер қарастырып көрдік. Білгеніміз, олар есте сақтау қабілетімен де ерекшеленеді екен. Өзінің бірқатар туыстастарын, кей адамдарды есінде сақтап, тани алады. Ал шалшыққа, батпаққа дене температурасын сақтау және қансорғыш жәндіктерден қорғану үшін аунайды екен, себебі терісі тықыр, жүнсіз. Олар өзінің алдыңғы жағын нашар көреді, есесіне екі жағын еркін көре алады. Иіс сезу органдары мықты дамыған. Тамақ талғамайды, лас жуынды берсең де сіміріп салатын қомағай. Аз уақыт ашықса шыңғырып, қорсылдап, мазаны алады. Нәжісінің күлімсі иісі адамды еріксіз жирендіреді. Сондай-ақ, жер бетіндегі ұрғашысын басқа еркектерден қызғанбайтын жалғыз жануар – осы шошқа екен. Бұл мінез оның етін тұтынған жанның табиғатына, әсіресе ары мен намысына, қызғаныш сезіміне теріс әсер етеді деген сенім бар.
Доңыз тез өседі, тез көбейеді. Мегежінінің буаздығы бар-жоғы үш жарым айдан сәл асатын уақытқа созылады, ол бір туғанда оншақты торайға дейін өмірге бір-ақ әкеледі. Орташа алғанда бір жылда кемінде 25 торай туады. Ал кейбір тұқымдары, мысалы, вьетнамдық салпаңқұлақ шошқалардың кейбірі 18-ге дейін бір-ақ туады екен. «Кармал» деп аталатын тұқымының мегежіні 21 торай туған оқиғасы болған.
Әлемде бұл жануардың 100-ден астам түрі бар. Ал жалпы саны 750 миллионнан асады. Осының 435 миллионнан астамы Қытайда. Тағы бір жақын көршіміз Ресейде 28 миллиондай шошқа бар. Ал біздің елде қазір талпақ танаулардың саны 800 мыңнан асады екен. Олар негізінен өзге ұлт өкілдері көбірек тұратын солтүстік өңірлерде шоғырланған. Қарағанды, Ақтөбе жақтарда да бар. Еске сала кетсек, кеңестік кезеңде қазіргі Түркістан облысының Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек және басқа да аудандарында шошқа шаруашылығын жүргізгендер болған. Жұрт оның өсімталдығы мен тамақ талғамайтынына, тез семіретініне қызығады.
Шошқа тез есейеді, салмақты тез жияды. Ірілігі мен семіздігі бойынша әйгілі Гиннестің рекордтар кітабынан орын алғандары да бар. Мысалы, АҚШ-та Үлкен Норма деп ат қойылған біреуінің денесінің ұзындығы 2,5 метрге дейін жеткен. Техаста өмір сүрген Үлкен Билл деген біреуінің салмағы 1 тонна 158 кило тартқан. Ал Кәрі Слот дегені 6 тонна 395 кило салмағымен тарихқа енген. Румба дегенінің денесінің ұзындығы 7 метрге, салмағы 5 тоннаға жуықтаған. Ал Қытайдың тайху тұқымды бір мегежіні өмірінде 216 торай туған екен.
Шошқа төлі төрт-бес айлығында-ақ жыныстық жағынан жетіле бастайды. Күйлеуі әр үш апта сайын қайталанып тұрады. Мегежіні 15-25 жыл, қабаны 35-45 жыл өмір сүреді.
…Шошқа деген талпақтанау жануардың осындай ерекшеліктері бар. Дініміздің оның етін харам етуі тектен-тек емес екен. Ал біздің ата-бабаларымыз доңыздың етін тұтынбақ түгілі тұяғы тиген жерге, тіпті, төрт түлікті жайғызбаған.
