Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, рухани тұрғыда да әбден азғындап, отбасылары ойран болуда.
Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Жалпы, Қазақстанда тіркелген оншақты букмекерлік компания бар. Ал, бейресми мәліметке сенсек, елімізде бұл салада жалпы 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен.
Құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізіледі. Ойынқұмарлықтан емделу уақыты шамамен 6 айды алады. Мұнан кейін олар бірнеше ай бойы мамандардың бақылауында болады. Тәуелділік – бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді. Қазіргі кезде казино, ақшалай ойын автоматтары таралуына байланысты құмар ойындар өзекті мәселеге айналып тұр. Қоғам да оларға ешқандай шара қолдана алмайды, себебі азарттық ойындардың көбі заң жүзінде рәсімделген.
Жалғыздық сезімі адамды алғашқы рет құмар ойнауға итермелейді, ойын процесінде алынған әсер мен түйсіну адамды қайталап ойнауға мәжбүр етеді. Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам осы «жетістігін» қайталағысы келеді, алайда көбіне ұту мүмкін емес.
Лудомания дамуының 3 белгісі бар. Олар: 1. Ұтыс. Кездейсоқ ойын, жиі ұтыстар, ойын ойнаудың жиіленетін оқиғалары, ұтыс өлшемінің үлкеюі, ойын жөнінде қиялдау, өте ірі ұтыс, себепсіз оптимизм. 2. Ұтылу. Жалғыз ойнау, ұтыспен мақтану, тек ойын туралы ойлау, ұтылу эпизодтарының ұзаруы, ойынды тоқтатуға қабілетсіз болу, жолдастарынан проблеманы жасыру, өтірік айту, отбасы мен жұбайының қамын ойламау, ойын пайдасына жұмыс уақытын қысқарту, қарызын төлеуден бас тарту. Мінезінің өзгеруі: ашушаңдық, тез шаршау, ойын үшін қарыздану, заңды және заңсыз тәсілмен жасалған өте көп мөлшердегі қарыз, қарызды төлей алмау, ойнауды тоқтатам деген жанкешті талпыну. 3. Түңілу. Кәсіби және жеке абыройынан айырылу, ойынға жұмсалатын уақыттың айтарлықтай ұзаруы, ұтысқа тігілетін сома мөлшерінің үлкеюі, отбасы мен достарынан алыстау, ар-ұяты мазалау, басқаларға деген жеккөру сезімі, өкіну, үрейлену, заңсыз әрекеттер, сенімсіздік, суицидалды ой мен талпыныстар, ажырасу, қамау, алкогольді шамадан тыс тұтыну, эмоционалды бұзылу.
Лудоманиядан неге өз бетінше айығу қиын? Қандай да болсын ойын рақаттануға әкеледі. Ойын барысындағы құмарлық, адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады, осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқас үйреншікті рахатқа (достармен қатынасу, махаббат) қызықпайтын болады және оның өмірінде тек ойын ғана қалады. Ойынға құмар науқас (лудоманияға шалдыққан) өзі үзе алмайтын шеңбер ішінде жүреді. Сонымен бірге ол ойынға құмарлықтан емделу қажеттілігін түсінбеуі де мүмкін. Науқастың ойын қарсаңында пайда болатын өзгеше «сиқырлану» күйі немесе өзін-өзі гипноздау, транс күйінде жүргендей болады. Біртіндеп ықылас, эмоция, жақындарға деген сүйіспеншілік жойылады және адам роботқа айналады.
Самат Елмұратов,
Сауран аудандық емханасының дәрігері.
