Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Таңқалдырар қарғалар…

Бүгінде қарғалар көк жүзінде топтанып, ары-бері ұшып өтіп жүр. Әсіресе, таңертеңгі уақытта қарақұрым болып жиналып қалады. «Қар-қар» деп қарқылдайтындықтан біз оларды жақын қалған қыстың хабаршысы сияқты қабылдаймыз. Бұл қандай құс, қалай тіршілік етеді — ол жағын ойлай бермейміз. Ал тереңірек мән берсек, бұл тіршілік иесінің таңқалдыратын әрекеттері аз емес екен.

Мәйіт жерлеуді меңзеген…

Қасиетті Құран-Кәрімде түрлі жануарлар Жаратушының даналығы туралы ойлануға түрткі болатын сипатта айтылатын жерлері көп. Мысалы, «Нәхл» сүресінің 79-шы аятында: «Олар аспан кеңістігінде Алланың әміріне, орнатқан заңдылықтарына толық бағынған күйде самғап ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды сол кеңістікте Алладан басқа ешкім құлатпай ұстап тұрған жоқ. Әлбетте, осының өзінде иман ететін қауым үшін көптеген белгілер, дәлелдер бар» деп айтылады. Ал «Мәида» сүресінің 31-аятында қарға туралы «Раббың саған: «Қарғалар айналып ұшады, ешқашан бос отырмайды» деп уахи етті, мен сені жалғыз қалдырмаймын, қолдаймын» делінген екен.

Адам атаның ұлы Қабыл қызғаныштан өз бауыры Әбілді өлтіріп қойып, оның мәйітін не істерін білмей жүргенде Құдайдың құдіретімен қарға пайда бола кетіп, өлген серігін жерге көміпті. Осыны көрген Қабыл жер қазып, бауырының денесін көмеді. Бұл жөнінде «Алла Тағала туысының мәйітін жасыруын үйрету үшін жіберген қарға жерді қаза бастаған кезде ол: «Әттең-ай, маған не болды?! Бауырының мәйітін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?» деп өкінді» деген аят бар.

Өте зерек құс

Қарғаны бүкіл әлемнен, аязы арқыраған аумақтардан да, аптабы ми кептіретін өңірлерден де кезіктіруге болады. Далада да, орман-тоғай, тауларда да бар. Бұл құс негізінен 10-15 жыл, кейбіреулері 40 жылға дейін өмір сүреді екен. Саны миллиондап саналады. Қара қарға, ала қарға, сұр қарға, жылтыр қарға, ұзынтұмсықты қарға сияқты жеті-сегіз түрі бар. Көбіне көшпелі тіршілік етеді, қысы-жазы бір аумақтан ұзамайтын түрлері де болады. Негізінен қыста көбейеді, ұяға төрт-бес, кейде жеті-сегізге дейін жұмыртқа салады. Балапандар 20-25 күннен соң жарып шығады, 1-1,5 айда қанаттанып, ұшады.

Ғалымдар бұл құстың тіршілік әрекетін көбірек зерттеген сияқты. «Қарға ақылды құс, өзінің іс-әрекетін жоспарлай алады, кей оқиғаларды ұзақ уақыт есінде сақтап қалады. Ол өзіне қамқорлық немесе қастық жасағанды ұмытпайды. Қалаларда беті жабық қоқыс контейнерінен қоқысты арнайы көліктің қай уақытта артатынын есте сақтайды, азықтануға сол кезде барады. Қатты заттарды шағу, жібіту тәсілдерін біледі. Мысалы, жаңғақты шағу үшін оны биіктен тастайды немесе көлік басуын күтіп жол үстіне қояды. Тиін, түлкі сияқты аңдардың азықты қай жерге тыққанын аңдып, есінде ұстайды, қажет кезінде оны жеп кетеді. Жыртқыш аң-құстардың жемтігін аулауы кезінде олармен ілесе жүріп қалдық асқа тыңқия тоятын кездері бар. Жұбына адал, өмір бойы бірге болады, жұбы қандай да бір себеппен өліп қалса, бұл оған аса қиын әсер етеді», — дейді зерттеушілер.

Қазіргі заманда қай жерде не болып жатқанын көрсететін заманауи құрылғылар көп, ғалымдар сондай құрылғы көмегімен кей қарғалардың құмырсқаны езіп, қанатына жағатынын да көріпті. Дегенмен оның жұмбағын әзірге шеше алмай жүр екен. «Мүмкін қансорғыш жәндіктерден емделетін болар немесе ағзадағы қышқыл-сілті тепе-теңдігін сақтау үшін пайдаланатын шығар» дейді олар. Кей қарға ағаш діңіндегі жәндікті бұтақ сынығын пайдаланып аулайды, тіпті оны қармақ сияқты етіп істеп алатындары да болады екен. Мұндай қабілет ұрпағына гендік деңгейде беріледі деседі.

Қарға өзіне тимек болған мысықты, итті ызаландырып, мазақ ете де алады. Сондай-ақ, онда қажет кезінде өзге құстың немесе аңның дауысын келтіретін «өнер» де бар. Егер қолда ұзақ ұстап, үйретсе, кей сөздерді де қайталай алады екен. Өзіне туыс еместерден табысын жасыру үшін түрлі қулықтар жасай алады. Мысалы, тапқан азығын жасыратын жер қарастырғанын өзгелер аңғарып қойса, оларды алдап соғудың түрлі тәсілдерін жасайды. Аңдығандарды алдау да оңай емес, олар да мықты барлаушы сияқты қарсыласының ендігі кезекте не істеуге әрекет жасайтынын алдын ала шамалай алады.

Қарғаларда ұжымдық ынтымақтастық бар. Егер біреуі қиын жағдайға душар болса, оған азық тасиды. Біреуі өліп қалса, соның жанына жиналып қарқылдайтынын, бірақ жанына тым жақындамай, айналып жүріп алатынын көргендер бар. Бұған байланысты «мүмкін оның неден өлгенін, енді мұндай қауіпті жерге жоламау керегін талқылайтын шығар» деген болжам айтылады.

АҚШ ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулер нәтижесінде қарға кейбір қисынды тапсырмаларды 5 жастағы бала деңгейінде ұғынып, түсіне алады деген тұжырымға келген екен. Бір ғалымдар қарғаны әбден шөлдетіп, сынап көріпті. Олар қарғаның басы сыймайтын бір ыдысқа орта деңгейде су құйып, жанына ішіне тас салынған ыдыс қойыпты. Сонда  қарға әлгі тастардың ішінен ірілерін апарып суы бар ыдысқа салған, су деңгейі көтерілгесін тұмсығын еркін батырып шөлін қандырып алған екен. Қарғаның қиыннан жол табатын мұндай зеректігін сынап көрген басқа да тәжірибелер аз емес.

Қарға тамақ талғамайды, жеміс-жидекті, астық дәнін, түрлі өсімдіктекті және жануартекті қалдықтарды, жуындыны, өлексені, жәндіктен бастап, уақ кеміргіштерді, өзге құстардың балапанын да жей береді.

Міне, өзімізге етене таныс көрінетін қарғаның осындай ерекшеліктері аз емес екен. Оған қарап та тиісті ғибрат алуға болады.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *