Өткен бір апта ішінде қаладағы тіркеу органдарының өндірісінде жалпы 180 қылмыстық іс тіркелген. Олардың 11-і сотқа жолданған. Жиі тіркелетін іс – алаяқтық пен ұрлық. Тонау оқиғаларына, жол-көлік оқиғаларына қатысты істер де азаймай тұр.
Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кезекті брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі-әкім орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Алаяқтықтың негізгі тәсілдерінің бірі интернет желілеріндегі тауарлық жарнамаларға байланысты. Бұған қатысты 14 іс тіркелген. Инвестиция салып ақшаны көбейтуге байланысты 2 алаяқтық іс белгілі болған. Банк қызметкерлерінің, байланыс операторларының, мемлекеттік қызметкерлердің атын жамылып алаяқтық жасаған 11 іс, несие рәсімдеу бойынша 2 іс тіркелген. Мысалы, С. есімді әйелге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік басқармасының қызметкері ретінде таныстырған, оның банк шотына күмәнді несие рәсімделгенін айтқан, құпия деректерін алдап біліп, 2 миллион 700 мың теңге ақшасын алып қойған. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Қысқасы, адамдар қаншалықты сақпын дегенмен алаяқтарға алдану оқиғалары әлі де азаймай тұр. Кім қоңырау шалса да өте мұқият болу керек. Жеке есеп-шоттың нөмірін, кодын бөтен адамға айтпаған дұрыс.
Шымкентте қалта ұрлықтары мен телефон ұрлықтары да баршылық. Мысалы, 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде С. есімді азаматтың қалта телефоны ұрланған.
Қылмыс жасағандардың барлығы дерлік жұмыссыз азаматтар. 18-30 жас аралығындағы – 5 және 30-60 жас аралығындағы 6 азамат есірткі заттарының заңсыз айналымымен айналысқан. «Күніне 10 мың, 20 мың, 50 мың, 100 мың теңге табасың» деген сияқты күмәнді жарнамаларға еліккен бұл адамдардың енді қатал заң алдында жауап беруіне тура келеді.
Рульде келе жатып телефонмен сөйлесу де тыйылмай тұр. Телефонға алаңдау салдарынан жаяу жүргіншілерді қағып кету, басқа көлікпен соқтығысу фактілері бар. Бұл бойынша 5 қылмыс тіркелген. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерден өтуі де жиі кездеседі. Осындай тәртіп бұзушылығы үшін жауапқа тартылып жатқандар да жоқ емес.
Скутерлер мен самокаттарды заңсыз басқару мен автокөлікті масаң күйде жүргізу бойынша да 2 қылмыстық іс тіркеліп отыр.
Д. ОРАЗ.