«Адам мен адамды теңестіретін күш – білім» деген М.Әуезовтың нақыл сөзі әлі де күшінде. Қазір білек емес, білім жарыстыратын заман. Алайда, білекті төрге шығып, білімді босағада қалып отырғаны шындық. Осы олқылықты түзеуге әркім өз шамасына қарай үлес қосуымыз керек. Нәтижелі болары талассыз.
Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында орналасқан Қашқари атындағы мектептің түлегі Жасмина Кәмілжанова шалғай ауылдағы қазақ-өзбек мектебінің оқушысы бола тұра ағылшын тілін жетік меңгерген. Өз қалауымен ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырып, жоғары балл жинаған. Мұндай жетістікке миллионнан бір оқушы ғана жетуі мүмкін.
Өткен жұмада Қашқари мектебіне Жасминаны арнайылап іздеп барып, өзімен, анасы және мектеп директорымен сұхбаттасқанда көптеген қызықты деректерге жолықтық. «Жасмина өзі сұранып 5 жасынан бастап мектепке барды, – дейді анасы Дилназа Абдуллаева. – Өзім қазақ тілінің маманы болғандықтан, қызыма бар кеңесімді беріп жүрдім. Сабақ пен үй шаруасын қатар алып жүреді. Бәріне тиянақты, әр нәрсені өз орнымен атқарғанды жақсы көреді. Қызым бастауыштан бастап шетелге шығуға қызықты. Ол үшін ағылшын тілін білу керектігін түсінді. Мектепте жүріп көптеген байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Назарбаев мектебінің 12 сыныбына өтініш жазған едік, бірақ Жасминаның жинаған балы жоғары болғанықтан бірден университеттің 1 курсына шақырту алдық. Одан бөлек Түрік елінің де бірнеше университеті қызығушылық танытып, өздеріне шақыруда. Біз әлі таңдау жасаған жоқпыз».
Жасминаның сабақ үлгерімі жайында Қашқари атындағы мектеп директоры Мәдина Көшекбай былай деді: «Жасмина қызымыздың 2 сыныптан бастап ағылшын тіліне деген қызығушылығы оянған. Өйткені бала арманы Америкаға бару болыпты. Ол үшін тіл білу керектігін сол кезде түсініп, ағылшын тілін оқуға ден қойған. Арманы алдамады. Республикалық олимпиададан жеңімпаз болып оралғанда оны ұжым болып темір жол вокзалынан күтіп алғанбыз.
Мен Жасминаның қарапайымдылығына ризамын. Үздік оқушымыз бола тұра өзін өте сыпайы ұстайды. Кейбіреулерде мұндай білім мен талант қатар табылса тәкаппарланып, менменсіп кетуі мүмкін. Жасмина дәрігерлік мамандықты таңдап отыр, біз оқушымыздан елге адал қызмет ететін білікті маман шығатынына сенеміз».
Жасминаның өзімен сөйлескіміз келіп, шақырттық. Есіктен сәлемдесе кірген қыздың ашық-жарқын мінезді екені бірден байқалды. «Бала кезден шетелге баруды армандап өстім, сол үшін тіл үйрендім. Ұстаздарымның арқасында бұл тілді меңгеру маған қиындық тудырмады. Халықаралық IELTS, SAT, AP емтихандарынан жоғары балл жинадым. Нәтижесінде Назарбаев университетінің грантына ие болып, Түрік елінің университеттеріне оқуға мүмкіндік туып отыр», — деді қуанышын жасыра алмай.
Әңгіме арасында білгеніміз, Жасмина осы сапалы білімді курстардан емес, өз мектебіндегі мұғалімдерден алыпты. Осыдан-ақ Жасминаны оқытқан мектеп мұғалімдерінің біліктілігін аңғаруға болады. Бүгінде сапалы білім алу үшін ірі қалалардағы немесе аудан орталықтарындағы ақылы курстарға баратындар көп. Бірақ, мәселе ақылы курста емес, ниетте, білімге деген талап пен құқштарлықта екенін Жасминаның жетістігі дәлелдеп отыр. Әрине, ол үшін ұстаздар тарапынан да қажырлы еңбек керек екені түсінікті.
Р.ШАЛҚАР.