«Өзге пікір» газетін ұдайы оқып тұрамын. Өткен аптадағы санында «Жемқордың ақшасына мектеп салына береді» деген мақаланы оқып, соған қатысты өз пікірімді білдіргім келді. Жемқорлардан қайтарылған ақшаны қайда жұмсаса да Үкіметтің өзі біледі, бірақ мектепке емес.
Мешітті де адал табыспен келген қаражатқа салу керек дейді ғой. Олай болса лас жолмен табылған, иесінен мәжбүрлікпен алынған ақшаны елдің болашағын ұстайтын, балалар білім, тәлім-тәрбие алатын қасиетті нысанды салуға жұмсау жөнсіз сияқты. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде жемқорлардан алынған ақшаға 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп салынады екен. Ол мектептерде қаншама оқушы білім алатыны түсінікті. Шариғатта арам жолмен табылған ақшаның жұмсалатын орны – жетім-жесірге, не кедейге беру керектігі айтылады. Ендеше, жемқорлардан алынған ақша бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мұқтаждығы үшін жұмсалсын. Елімізде пана болар бір баспанаға зәру, денсаулығын жақсарту үшін қаражат таппай қиналып жүрген, басқа да әлеуметтік жағдайы төмен қаншама отбасылар бар. Соларға үй салсын, денсаулығын түзетсін, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға жәрдемақы ретінде берілсін. Өйткені, жемқорлықпен алынған ақшада осы аталған топтағы азаматтардың ақысы болуы мүмкін. Ендеше ақысын алсын. Одан артылып бара жатса, елдің әлеуметтік ахуалын түзейтін өзге де салаларға жұмсасын. Жол салсын, газ, су, жарық тартсын.
Ұрпағымыздың ұлағатты, перзенттеріміздің парасатты болуы үшін оларға адал ас берудің маңызы зор. Өйткені, адал ас ішпеген баланың болашағынан жақсылық күту қиын. Сол секілді балалардың тәлім-тәрбиесі мен біліміне жұмсалған қаражаттың да адал жолмен келгені маңызды. Бұл менің жеке пікірім, ал сіз не дейсіз, оқырман?
Әбдіманап Жандаров.