Шымкент

Пеш қосқанда абайлаңыз!

Шымкенттіктерге осылай деп ескерту жасап, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үйме-үй, көше аралап насихат жүргізіп жүр.

Тұран және Абай ауданы төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері және «ҚазтрансГаз», «Жедел құтқару жасағы», қалалық Жастар ресурстық орталығы, Тұран аудандық полиция басқармасының мамандары да осы іске жең түре кіріскен. Олар №1 мамандандырылған жасақ, №5 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлерін тарта отырып, «Улы газдың алдын алу» тақырыбында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруда.

Күн суытқалы бері жаз бойы қараусыз тұрған пешті қосу арқылы улы газға тап болып жатқандар бар. Мұржаның дер кезінде тазаланбауы, улы газ шығатын арнайы шахталардың бітеліп қалуы салдарынан адам өміріне қауіпті жағдайлар орын алмас үшін мамандар тұрғындарға сақтық шараларын қолдануды ұсынуда. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагері тұратын үйлеге арнайы барған төтеншеліктер газанализатор құрылғысын орнатып беруде.

Қазір Шымкент қаласында жылу беру маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыстары да күшейген. Профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – өрттің алдын алу және жою, улы газдан уланудың алдын алу. Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағында көмір жағатын үйлерге де төтеншеліктер барып, ескерту жасауда. Осылайша олар бүгінге дейін 3985 үйді аралап шықты. Қаладағы 10 мыңнан аса тұрғынға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, қала аумағында орналасқан әлеуметтік осал топтағы 2222 отбасының үйі толығымен тексерілді. Оларға 89 газ анықтағыш құрылғы қойылды. Қазіргі таңда қайта аралау жұмыстары бойынша әлеуметтік осал топтағы 334 отбасының үйіне бару жоспарланған. 

Мамандар «Өрт орын алған жағдайда тез арада 101 және 112 номерлеріне қоңырау шалыңыз» деп ескерту жасауда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *