Басты жаңалықтар Мәселе

Шымкентте балалар уланып жатыр…

ал құзырлы орындар дәрменсіз

Өткен аптаның бейсенбісінде Шымкент қаласындағы №99 мектеп-гимназиясының ата-аналарына ортақ вацап желісіндегі чатында аяқ асты шу басталды да кетті. Мәселе былай екен. Мектептің іргесіндегі дүкеннен осы мектептің оқушылары күмәнді бір затты алып жеген. Салдарынан бірнеше оқушы ауырып, сабаққа бара алмай үйінде жатып қалған. Чаттағы жазбаларға назар аударсақ, Әдия есімді ана былай дейді: «Құрметті ата-аналар саламатсыздар ма, қалайсыздар? Жадыра апай, шашлик секілді мынадай Қытайдың затын қай магазинде сатады? (чатқа күмәнді заттың суретін салған- автор) Кішкентайым осыны жепті. Қазір қызуы көтеріліп ауырып жатыр. Осы бір затты балалар күн сайын жейді екен, сөмкесінен тауып алдым».

Осы жазбадан соң іле-шала ата-аналардың жазбасы көбейе түсті. Екінші бір ата-ана: «Саламатсыздар ма, 3-ші Е сыныпта оқитын баламның сыныбының аналары да осылай деп шулап жатыр. Көп балалардың іші ауырып жатыр екен. «Осыны жедім» депті. Менің 6-шы сыныпта оқитын қызым басқа түрін жеген екен, ол да ауырып жатыр. Дәрігерге справка аштырып тексертіп жатырмын. Қызым құсып, іші өтіп жатыр».

Үшінші ата-ана: «Саламатсыздар ма? Ия көпшілік болып, ана дүкендегі тауарларды тексертейік те. Менің де екі балам дәл солай ауырып жатыр», – деп дүкенге барып ескерту керектігін айтады. Осы кезде төртіншісі: «Саламатсыздар ма ата-аналар, ұстаздар қалайсыздар? Екі күн болды, менің де екі қызым соның басқа түріп жеп, іштері бүріп қатты ауырып жатыр. Түнде жедел-жәрдем шақырдым. Ол затты «Баян ана» дүкенінен алыпты. Сол жерде сатады екен», – дегенді айтып сақтандырады.

Чаттағы жазбалар осылай жалғаса береді. Оларды оқып отырып, бұл жағдайда балалардың жаппай улануы деп дабыл қағуға негіз бар деп ойлаймыз. Алайда, мұндайда мәселенің мән-жайын құзырлы мекемелер анықтап, тексеруі керек.

Қазір қайда барып, қай сауда орындарының сөресіне қарасаң Қытай тауарынан көз сүрінеді. Киімді айтпағанда ішіп-жеген тамағымыздың басым бөлігі Қытайда өндірілген. Оның сапасына назар салып, бақылап отырғандар тым аз. Әр дүкен иесі өз алдына жеке кәсіпкер. Қалағанын алдырып сатып отыр. Олардың арасында тез бұзылатын тағамдар да жеткілікті. Соны тапсырыспен алдыртып, сауда сөресіне жайғастырғандарға қатысты талап неге жоқ? Мұндайда қатаң бақылау, ұдайы тексеру керек. Күмәнді азық-түлік өнімдерінің қайдан келгенін, сақталу мерзімі қандай екенін тап басып анықтайтын адам жоқ. Себебі, қытайдың иероглифтерімен жазылғандықтан алушы да оның қашан шыққанын, пайдалану мерзімі қашанға дейін екенін анықтай алмайды. Құрамымен танысу тіпті мүмкін емес. Дүкендегі мұндай заттарды негізінен жас балалар, мектеп оқушылары сатып алады. Осы бір бейқамдықтың соңы жоғарыда айтылғандай байбалам салып, дабыл көтеруге мәжбүр етіп отыр. Соның өзінде мораторий жарияланғанын алға тартқан құзырлы мекемелер кәсіпкерді тексеруге дәрменсіз болуда. Белгілі бір кәсіпкерлік нысанын тексеру үшін зардап шеккендер тым көп болуы немесе адам өлімі тіркелгені қажет болса керек. Ондада сараптама қорытындысында дәл сол дүкеннен алынған заттан уланғаны анық жазылуы қажет екен-мыс. Зардаптың алдын алу, келеңсіз оқиғаны болдырмаудың жайын күйттеу деген жоқ екен біздің қоғамда.

Шымкент қаласындағы жауапты сала мамандарының салғырттығына мойынұсынып отыра беру керек пе?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе», – деп нақтылап айтқаны белгілі. Олай болса бала денсаулығы, баланың қауіпсіздігі басты мәселе. Оны қорғау, сақтауға ата-анадан бастап, тиісті мекеме мамандары да жауапты. Сондықтан да №99 мектеп оқушылары арасындағы жаппай іш ауырып, құсып, сабаққа бара алмай қалу мәселесін тиісті органдарға жеткізуге тырыстық. Алдымен Шымкент қалалық білім басқармасына хабарластық. Басқарманың баспасөз хатшысы Ұлбосын Есдәулетова мектеп ауласынан тыс жердегі дүкендерде сатылып жатқан заттарды тексеру білім басқармасының құзіретіне кірмейтінін, жалпы мектеп іргесіндегі дүкендерде қандай тауар сатылуы керектігіне білім басқармасы жауапты еместігін алға тартып, бізді санитарлық-эпидемиологиялық мекеме мамандарына қарай жөн сілтеді.

Мектептің іргесіндегі дүкеннің сауда-саттығын мектеп оқушылары жүргізетіні белгілі. Дүкен егелері де балалар жиі тұтынатын тауарды әкелуге тырысады. Десе де баланың өміріне, денсаулығына зиянын келтірмейтін зат сатуға адами тұрғыдан жауапты болуы керек емес пе?! Бір емес, бірнеше бала ауырып, сабаққа бара алмай, үйінде құсып, екі бүктеліп жатуы дүкен иесін ғана емес, білім басқармасын да ойландыруы қажет еді. Бірнеше түгілі әр баланың не себептен сабақтан қалғанын алдымен мектеп, сосын білім басқармасы анықтауы қажет дүние. Ал, себеп-салдары белгілі болғанда журналистен бұрын мектеп басшылығы және білім басқармасы дабыл қағып, әлгі күмәнді затты сатқан дүкенді құзыры жететін мекемелердің тексеруін талап етуі керек. Заң жүзінде де, логикалық тұрғыдан да қоғамда әділдік орнату, ашықтық қалыптастыру жолы осылай болуға тиісті деп ойлаймыз. Жарайды, білім басқармасы бейқамдық танытты дейік, жөн сілтеген санитарлық-эпидемиологиялық басқарма мамандарымен байланыстық.

№99 мектеп-гимназиясы орналасқан аумаққа жауапты Еңбекші ауданының СЭББ-ның маманы Аружан Ғаниқызына хабарластық. Ол да «Президенттің кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялағалы біз дүкендердің есігінен аттауға құқымыз жоқ. Тексеру үшін уланған адамдар ауруханаға жату керек. Ондада сараптама уланудың себебін сол нәрсеге байланысты десе ғана, арнайы рұқсатпен тексеруге құқымыз бар, әйтпесе болмайды», – деп сенімімізге селкеу түсірді. Сонда адам өміріне қауіпті заттардың сатылуын тексеру үшін адамның ауруханаға жатуы немесе өлуі керек пе деген сұрақ тағы да көлденеңдеп тұрғанымен, нақты жауап таппадық.

Бұл мәселеге енді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің де назарын аударуға тырыстық. «Бала денсаулығы бірінші кезекте тұруы керек. Бұл туралы Президент өз Жолдауында нақты айтты. Біз бұл мәселемен айналысамыз. Қажет болса прокуратураға хабар жібереміз», – деген Досбол Күздікбайұлының сөзі құлазыған көңілді көтергендей болды.

Дүйсенбі күні түс мезгілінде №99 мектеп-гимназиясының жанында орналасқан «Қарабастау» дәрігерлік амбулаториясына барып, дәрігерлермен сөйлестік. Ол жерде отырған екі дәрігер де аталмыш мектептің бірнеше оқушысы амбулаторияға келіп, іші ауырып, құсқысы келетінін айтып шағымданғанын айтты. Оларға дәрі жазып беріп қайтарыпты. Ал мектеп директоры Сәулен Исакова болған жәйт жөнінде ата-аналардың вацап желісіндегі ортақ чаттан оқыпты. «Оқушылардың не жеп жүргенін түсінбедім. Не болса да дұрыс емес қой. Бұл өзі не зат, жазуын түсінбейміз. Мүмкін ит пен мысыққа арналған шығар. Бірақ бұл тек біздің мектептің алдындағы дүкенде ғана сатылады деп ойламаймын. Басқа жерлерде де бар шығар. Балалардың денсаулығы үшін бұларға тиым салу керек. Осындай заттарды шекарадан қалай өткізеді екен?» – деді.

Расында да осындай заттардың шекарадан қалай өтетінін біздің де білгіміз келеді. Адам өміріне қауіпті заттар шекарадан «жасырынып өтеді» екен, бірақ соны дүкендер мен базарларда сатқызбауға болады емес пе? Болады, бірақ оған мораторий мүмкіндік бермейді. Бізде мыңдаған кәсіпкердің құқын қорғайтын заң, миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіретінін жоғарыдағылар білсе дұрыс болар еді.

Біз журналистік  зерттеуімізді чатта сөз болып жатқан, «Баян ана» дүкенінде жалғастырдық. Аталған дүкенге арнайы барып, мәселенің мән-жайын баяндадық. Дүкен сатушысы ата-аналар чатындағы шудан да, оқушылар ауырып қалды дегеннен де хабары жоқ екенін айтты. «Кім екен уланып жатқан? Естіген жоқпын. Көріп тұрсыз, біздің дүкенде ондай заттар жоқ», – деді сатушы сенімді түрде. Кім білген, бәлкім өткен аптаның бейсенбісінен бері ол зат сатылып таусылып кетті ме, әлде, «көзін» құртты ма, ол жағын нақты білмейміз ғой. Осындайда «Ұсталмаған ұры емес», – деген орыс мақалы еріксіз еске түседі екен.

Қысқасы, сатушы «сатпадық» дейді, іштері ауырған оқушылардың ата-аналары, белгісіз затты балалардың сол дүкеннен алғанын айтады. Мұндайда не істеуге болады? Ең бастысы балалар аман, бірақ алдағы уақытта сауда орындарында рұқсат етілмеген заттар сатыла берсе орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Сол кезде тексеріс те болады, дүкендерден артық заттар тәркіленіп біреулер жазаға да тартылар, бірақ кеш басталған әрекеттен не пайда?

Ұлықбек ҮМБЕТ.   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *