Таяуда Сайрам ауданына жолымыз түскен еді. Сонда Ақсу өзенінің қазіргі күйін көріп уайымдап қалдық. Анығын айтқанда, Ақсу аңғарынан құм мен қиыршық тасты қазып алуда күндіз-түні тыным болмайды екен.
«Бұл көптен бері жүріп жатқан жұмыс. Тас пен құм таситын жүк көліктері жолымызды да майқандап бітті. Бұлар Ақсудың арнасын тереңдетіп, кеңейтіп те жатыр. Өзен суы биыл жылдағыдан әлдеқайда азайып кетті. Осыған қарап мұның түбі экологиялық апатқа ұрындырар ма екен деп қатты уайымдайтын болдық. Ал тас пен құм алатындарға бәрібір, өздерінің жұмысы, бизнесі жүрсе болды оларға. Өзенге ешкімнің де жаны ашымайды. Халықтың сөзіне құлақ асатын жан жоқ. Ақбұлақ ауылының тұрғындары мұны тоқтатамыз деп әрекеттенген. Жолды жауып, жүк көліктерін жүргізбей қойып еді, олар өзенге баратын жолды басқа жақтан ашып алды.
Қазір қалада да, далада да құрылыс қарқынды жүріп жатыр ғой. Құм мен тасқа сұраныс көп. Салдарынан өзеніміздің арнасы шұрық-тесікке айналды. Әкімдік, прокуратура, басқарма, табиғат пен жер қойнауын қорғайтын мекемелердің қайда қарап отыратынына таңбыз. Айлығын алып, «сен тимесең, мен тимен» деп отыра береді-ау өздері. Әйтпесе осы нағыз дабыл көтеретін-ақ мәселе емес пе? Түсінген адамға Ақсу өзені бізге ғана емес, өзен бойындағы ондаған ауылға, Шымкентке, тіпті алшақ жатқан Түркістанға да керек қой. Осыны жұрт неге ойламайды?» – деді бізге Қарасу ауылының Сүндет есімді тұрғыны.
Рас қой. Ақсудың жайын бәріміз де ойлауымыз керек. Ол өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи арнасымен ағуы тиіс. Ал құм мен қиыршық тас алу үшін қазыла берсе, оның арнасы бұзылары анық. Тереңдетіле берсе, өзеннен каналдарға су шығуы қиындайды, одан бөлек, су тереңдеп аққан сайын оның жер қойнына кетуі көбейеді емес пе? Әрине, мұндай ойсыз пайда қуушылықтың соңы неге апаратынын мамандар жақсы білетін шығар. Біз тек жұрттың уайымын жеткізуге тырыстық. Өйткені өзен бойындағы ондаған ауылдың айналысатын кәсібіне, күнкөрісіне нәр беріп отырған Ақсудай өзеннің ахуалына көз жұмып қарауға болмайды.
Х. АСАН.
