Біле жүріңіз

ХАНТАВИРУС, НОРОВИРУС…

Нидерландының Аргентинадан Кабо-Вердеге бара жатқан круиздік лайнерінен аса қауіпті жұқпалы ауру – хантавирустың штаммы табылды. Ауру кеміргіштерден, яғни атжалман, тышқандардан жұққан болуы мүмкін деген болжам бар.

3 адам өлді

Аталған ауруды 7 адам жұқтырған, 3-еуі қайтыс болған. Вирусқа «Андес штаммының хантавирусы» деген атау беріліп отыр. Оның симптомдарының негізгі екі басты көрсеткіші болады. Біріншісі – бүйрек синдромы арқылы білінетін геморрагиялық қызба. Ауру асқынып кетсе, дене қызуы қатты көтеріледі, бүйрек жұмысы бүлінеді, ол істемей қалуы да мүмкін. Ал екіншісі, аса қатерлісі – «Андес» штаммына тән хантавирусты өкпе синдромы, ауыр пневмония. Бұл пневмония кезінде науқастың дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, бел аумағы сыздап ауыруы мүмкін. Сосын дене домбыға бастайды, зәр бөлінуі бүлініп, бүйрек істен шығады. ДДСҰ мамандары осылай деп отыр.

Ішті бүлдіріп әбіржітеді

Дәл осы күндері АҚШ-тың да мұхитта круиздік сапармен жүрген бір лайнерінен норовирус анықталды. Лайнерде 3316 жолаушы мен кеме экипажының 1131 мүшесі бар екен. Норовирус белгілі болған алғашқы күні-ақ ол кеме экипажының 13 мүшесі мен 102 жолаушыдан анықталған.

Мамандар норовирусты хантавирусқа қарағанда аса қатерлі емес деп отыр. Дегенмен ол науқасты қатты әбіржітеді. Себебі асқазан мен ішектің кілегей қабаттарын қабындырып, өткір гастроэнтерит туындатады. Науқастың басы, іші, бұлшық еттері ауырады, іші бүлініп, лоқсып, құсып қиналады. Тамақ ауырып, жөтел қысуы мүмкін. Ауру жұқтырған адамға, әсіресе жас балалар мен қарттарға, иммунитеті төмен жандарға тез арада жедел жәрдем көрсетілуі керек. Норовирусқа қарсы арнайы вакцина, тіпті дәрі де жоқ. Тек науқасқа жайлы күтім жасап, ағзаның сусызданбауын қатаң қадағалау керек. Сұйықты көп ішкізген жөн.

Инфекция адамнан адамға тез жұғады. Инкубациялық кезеңі екі күнге дейін созылатындықтан науқас өзінің вирус жұқтырғанын, вирус тасымалдап жүргенін біразға дейін білмеуі мүмкін. Сондай-ақ норовирус жұқпасы бүлінген тағам, су, былғанған жерлер арқылы да жылдам беріледі. Балмұздақ, балық, теңіз өнімдері, жеміс-жидек, яғни ыстықпен өңделмеген тағамдар арқылы да жұғуы ықтимал. Сондықтан тазалық, сақтық шараларына аса мұқият болу қажет.

Бүгінде аталған екі лайнерде де тиісті залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Науқастарға күтім жасалып, медициналық көмек көрсетілуде, олар бөлек бөлмелерде оқшауланып емделуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *