Бүгінде туризмнен түсетін табыс көптеген елдердің бюджетіне елеулі кіріс келтіріп жатқаны белгілі. Сондықтан қай ел болса да өзінің өзгені қызықтыратын ерекшелігін тиімді пайдаланып, туризмді өркендетуге күш салады. Осындай экзотикалық ерекше туризм түрінің бірі – «Китпен сафари».
100 метр жақыннан
көруге болады
«Китпен сафариді» табыс көзіне айналдырған елдер киттердің уақытша көшу маусымдарын тиімді пайдаланады. Ол жақтарға барған туристер судың алып жануарларын қайыққа мініп біршама қашықтан да, арнайы аквалангтармен суға сүңгіп, жақыннан да тамашалай алады. Жалпы алғанда, оларға 100 метрге дейін жақын баруға рұқсат етіледі.
Мысалы, қазіргі күндері Исландияның Атлант мұхиты жағалауына өркешті киттер, жолақ киттер, тегіс киттер, тіпті кейде көк киттер де жақын келуде екен. Жылдың әр кезеңінде Мексика, Канада, АҚШ, Командор аралдары, Норвегияның Лофотен, Португалияның Азор аралдары, Полинезия, Оман, Шри-Ланка, Маврикий, Австралия, Оңтүстік Африка жағалауларына да киттер жақын барады. Әсіресе Маврикий жағалауында киттерді жыл бойы көруге мүмкіндік бар деседі. Олар жұптасу мен ұрпақ өрбітуді осы аумақтардағы терең сулы жерлерде өткереді. Киттер Ресейдің Охот теңізі мен Баренц теңізі жағалауларындағы иеліктеріне де келеді.
Аталған аумақтардан баласын ертіп алып бірнеше метрге дейін секіріп-сүңгіп жүрген киттерді көруге болады. Жағажайлардан, биік жартастардан тамашалау, қайықпен, яхтамен, аквалангпен жақын жүзіп барып көру үшін ол жақтарға жұрт осы кезде асығады. Турдың қымбаттығына қарамайды, өйткені осындай ғажайып көрініске куә болудың өзі адамға ұзақ уақыт естен кетпес әсер сыйлайды. Әрине, әлемнің әр түкпірінен барғандарды ол жақтарда осы туризм үшін арнайы даярланған гидтер алып жүреді, қауіпсіздік ережелерін ұғындырады. Кей деректерге қарағанда, біздің де ақшалы азаматтар кейінгі кездері осындай ғажайыпты көру үшін киті бар жақтарға сапарға шығып жүрген көрінеді. Мысалы, Үнді мұхитына шығатын осындай сапардың ол жаққа барып келуден бөлек, тек сафари құнының өзі 2500 доллардан асады екен.
Киттер 500 метр су тереңіне дейін сүңгіп, екі сағат бойы үздіксіз азықтана алады. Одан да тереңге сүңгу олар үшін түк емес. Сосын су бетіне көтеріліп, тынығады, сүңгіп, секіріп жүреді. Ал адам арнайы киіммен болғанның өзінде тұңғиыққа ары кетсе 60 метрге дейін ғана сүңги алады. Сондықтан ең тиімдісі – киттің су бетіне шығатын кезін пайдаланып қалу.
Ұзындығы – 33 метрге, салмағы 220 тоннаға дейін…
Киттер де сүтқоректілер отрядына жатады. Яғни ұрпағын емізіп өсіреді. Олар мұртты және тісті киттер болып негізгі екі топқа бөлінеді. Жолақ кит, тегіс кит, ергежейлі кит, өркешті кит, көк кит, сұр кит деген түрлері – мұрттылары, тіссіздері. Олар ұсақ балықтармен, су жәндіктерімен, өсімдіктерімен қоректенеді. Ал тісі бар киттерге бөтелкетұмсықты, тұмсықбетті, белдіктісті киттер, кашалоттар, косаткалар жатады. Нарвалдар мен дельфиндер де олардың тұқымдасы саналады. Олар теңіз жәндіктерімен қоса балықтармен, кейде ірі теңіз сүтқоректілерімен де азықтанады.
Киттің денесі ең шағыны – «Калифорния теңіз доңызы» деп аталатын түрі, ол дельфинтәрізділер тобына жатқызылады. Денесінің ұзындығы 3 метрге дейін жетеді, салмағы 50 килоға дейін тартады. Ал ең ірісі – Антарктида көк киті. Оның денесінің ұзындығы 33 метрге дейін барса, салмағы 220 тоннадан да асады. Баласының өзінің туғандағы салмағы 3 тоннаға дейін жетеді. Ал Гренландия китінің салмағы 100 тоннаға дейін тартады. Кашалоттың салмағы 70 тоннаға дейін жетеді.
Міне, осындай алып су жануарының ерсілі-қарсылы жүзіп, су бетіне көтерілгенін, секіріп, сүңгігенін жақыннан көрудің өзі бір ғажап. Жұрт осыдан да ақша тауып, «Китпен сафарилер» ұйымастырып жүр.
