Жол сапасының төмендігі көлік апаттарының жиілеуіне тікелей әсер етіп, жолаушы өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті, жол сапасын жақсарту – адам өмірін сақтаудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Жалпы алғанда, елімізде негізгі магистральдар жақсарғанымен, өңірлік және аудандық жолдардың сапасы әлі де өзекті күйін сақтап тұр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы өңірлердегі жолды жөндеу жұмыстарына қатысты айрықша тапсырма берген болатын.
Тапсырмаға сәйкес бүгінде барлық аудан-қалаларда жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Мәселен, Жәнібек Ағыбаев басқаратын Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы Б.Қырғызәлиев көшесінде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Ә.Жылқышиев гүлзары, Абылай хан, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова және Құрылыс көшелерін кезең-кезеңімен жаңарту көзделген. Бұл көшелер аудан орталығындағы негізгі қозғалыс бағыттарының бірі болғандықтан, жөндеу жұмыстары тұрғындардың күнделікті қатынасына айтарлықтай жеңілдік әкелмек. «Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан тиісті конкурс ұйымдастырылып, мердігер мекеме ретінде «Syganak Group» анықталған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан арнайы техника мен жұмысшы күші тартылып, жолдардың ескі қабатын ретке келтіру, тегістеу және жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары атқарылуда», — дейді аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнан бөлек, ауыл ішіндегі жөндеуді қажет ететін бірқатар көшелер, атап айтқанда, А.Омаров, Қ.Сәтпаев, Т.Бегманова, Ынтымақ көшелері мен өзге де ішкі жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Жалпы алғанда, ұзындығы 87 шақырымды құрайтын 120 көшесі бар Абай ауылында бүгінде жолдың 92 пайызы асфальтталған. Қалған көшелерді де кезең-кезеңімен жаңарту арқылы аудан орталығының инфрақұрылымын толық жетілдіру көзделіп отыр.
Келес ауданына көрші жатқан Жетісай ауданында да жол саласына қатысты жағымды жаңалық жеткілікті. Аудан әкімі Серік Мамытов жуырда әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген Жетісай қаласының Шәкәрім көшесіндегі орта жөндеу жұмыстарына деген дайындық барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын көше бойындағы «қызыл сызыққа» заңсыз салынған нысандардың иелерімен және автотұрақ кәсібімен айналысып отырған азаматтармен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Жолдың сапасын назарға алып, тексеру жұмыстарын жүргізу – ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі жолдарда жол-көлік апаттарының алдын алады. Бұл жұмыстар тек бүгінмен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта жөндеу жүргізілетін барлық көшелерде тұрақты бақылау жүргізілетін болады», — деді аудан әкімі.
Мұнан соң аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Көрікті көшесі мен ұзындығы 800 метр болатын Шойын көшесіне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Көліктер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті жол белгілерін орнатуды тапсырды.
Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халыққа қолайлы орта қалыптастыру, әсіресе, ішкі көшелерді жөндеу мәселелерінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
